Ресми

«Жұртқа жақын полиция»

Қазақстанда полицияның сервистік моделі алғаш рет жұмысын 2021 жылы бастаған болатын. Бірақ, бірден басталып кеткен жоқ, бұған дейін пилоттық режимде жүрді. Әуелде сынақтан өтіп, жарамды немесе жарамсыздығы анықталғаннан кейін ғана бірқатар аймақтарда енгізіле бастады. Аталған модельге Үкіметтің де, халықтың да үміті зор. Себебі, полиция қызметкерлерінің жанкешті еңбегіне кейінгі жылдары көлеңке түсіп, олардың халық алдындағы беделіне нұқсан келе де бастағаны рас. Ал, жоба табысты жүзеге асса, полицияны – халықтан, халықты – полициядан алшақтатпастан, сапалы қызмет түрі ұсынылмақшы. Сонда өздерін қауіпсіз сезінген адамдардың да полицияға деген сенімі арта түспек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында айтылған «Жұртқа жақын полиция» қағидаты да осы кезде тиімді жүзеге аспақ. «Аталған модель облысымызда қалай енгізілуде, ол құқық қорғау органы қызметіне өзгерістер енгізе ме, ең бастысы – тұрғындардың қауіпсіздік сезіміне әсер ете ала ма?» деген сұрақтардың жауабын өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында алдық.

Сауалнамаға 40 мың тұрғын қатысты

Облыста қауіпсіздікті қамтамасыз етудің сервистік тәсілдерін енгізу жөніндегі пилоттық жобаны іске асыруға полиция департаменті 2019 жылғы қарашадан кіріскен. Алдымен, облыс әкімінің өкімімен әкімдік, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау басқармалары, полиция департаменті, Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясы өкілдері және тағы басқалары кірген топ құрылған. Ал, 2020 жылы жобаны жүзеге асыру үшін Орталық полиция бөлімі таңдалды. Бұл туралы облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының жергілікті полиция қызметі бөлімшелерінің қызметін ұйымдастыру және бақылау бөлімінің аға инспекторы, полиция капитаны Алмас Қожахметов айтып берді.

– Жобаны енгізбес бұрын әлеуметтік зерттеулер жүргізілді. Ең көп таралған қылмыстар бойынша материалдар зерделенді. Пилоттық аумақтың негізгі проблемаларын талдау шамамен 500 бетті құрады. Жалпы, қауіпсіздік проблемаларының мониторингі мемлекеттік органдар мен ұйымдар үшін 30 ұсыным әзірлеуге мүмкіндік берді. Олар жол қауіпсіздігі, азаматтардың жеке және мүліктік қауіпсіздігі, тәуекел тобындағы адамдарды қолдау және оларды әлеуметтендіру сияқты аспектілерді қамтыды, – дейді Алмас Шалқарұлы.

Ал, 2021 жылы топ Қарағанды қаласының барлық аумағында масштабтаумен айналысты. Нәтижесінде, облыс орталығы бойынша қылмыстың жай-күйіне толыққанды талдау дайындалып, оның негізінде 2022 жылға арналған ұсыныстар әзірленген. Одан бөлек, азаматтардың өздерінің қауіпсіздігін сезіну, полицияға деген көзқарасы және проблемаларды анықтау үшін онлайн сауалнама жүргізілген. Оған 40 мыңға жуық тұрғын қатысты. Оның нәтижесі тұрғындарды алдымен мүліктік қылмыстар, бұзақылық, тұрмыстық зорлық-зомбылық, нашақорлық, маскүнемдік, жол-көлік оқиғаларының алдын алу мәселелері көбірек алаңдататынын көрсеткен.

Қауіпсіздіктің төрт негізгі бағыты

Осылайша, жүргізілген жұмыстар нәтижесінде төрт негізгі бағыт анықталған. Олар қоғаммен байланыс, полицияның имиджін арттыру, полицияны материалдық-техникалық жарақтандыру және кадрмен жұмыс.

– Қоғаммен байланыс бағыты бойынша тұрғындармен кері байланыс үшін Қарағанды қаласының учаскелік инспекторларымен әлеуметтік желілерде 200 чат, облыс бойынша 664 чат құрылды. Ал, 2020 жылдың ақпанынан киберволонтерлердің мониторингтік тобы жұмыс істейді. Топқа 400-ден астам күмәнді интернет-сайттарды бұғаттаған 49 волонтер кіреді. Одан бөлек, «Рolice 102» мобильді қосымшасы іске қосылып, облыс бойынша полициямен шұғыл байланысқа шығуға болатын 22 терминал орнатылды, – дейді Алмас Қожахметов.

Ал, полиция имиджі мен оған деген сенімді арттыру бағыты бойынша «ARMANFILMS» кинокомпаниясымен құқық бұзушылықтың алдын алу және жол қауіпсіздігі туралы сюжеттер жасау бойынша өтеусіз негізде Меморандум жасалған. Оның аясында жол қауіпсіздігі бойынша бірнеше бейнероликтер жарияланып, полиция қызметкерлері туралы қысқаметражды сериалдар түсіру жоспарда.

Арман Шалқарұлы үшінші бағыт бойынша «Қадамдық қолжетімділік» қағидатымен үш жаңа учаскелік полиция пункті ашылғанын да айтты. Ал, Қарағанды және Теміртау қалаларында «Шыны» учаскелік пункттері пайдалануға берілген. Одан бөлек, қауіпсіздікке қатер төнген жағдайда полиция бөлімімен тікелей байланысқа шығатын дабыл түймесі орнатылған.

– Төртінші бағыт бойынша жас полицейлерді даярлау және тәжірибелі кадрларды қайта даярлау үшін арнайы оқыту курстары енгізілді. Алғашқылардың бірі болып учаскелік инспекторлар қосымша дайындықтан өтті. 2021 жылы – 296, 2022 жылы – 275 қызметкер оқытылды, – дейді Арман Қожахметов.

Азаматтарға құрмет – басты мақсат

Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері, полиция капитаны Сағынған Молбасын осылай дейді.

– Полиция қызметкерлері күрделі кәсіби міндеттерді, қиын жағдайлар мен жанжалдарды қателікке жол бермей шешуге тырысады. Қызметкерлердің кәсіби құзыреттілік деңгейі мен және олардың қызметінің тиімділік дәрежесі қоғамдық пікірдің қалыптасуына тікелей әсер етеді. Полицияның демократия негіздеріне көшудегі ілгерілеу – бақылауға бағытталған тәсілден қызмет көрсетуге бағытталған тәсілге көшу кезінде ғана қол жеткізіледі, – дейді ол.

Осы орайда сервистік тәсілдің миссиясы – қоғам мен жергілікті мемлекеттік органдар қызметкерлерін нақты аумақта құқықтық тәртіп пен заңдылықты қамтамасыз ету бойынша жаңа тәсілдер мен шешімдерді әзірлеуге, қылмыс пен өзге де құқыққа қарсы әрекеттердің жасалуына септігін тигізетін себептер мен жағдайларды жою бойынша шаралар қабылдауға тарту. Ал, нәтижесінде полиция органдарының танымалдылығы артып, жұмыстары ашық болса, азаматтарға деген мейірімділігі мен құрметі де арта түспек.

«Сервистік модель контексінде полицияның халықпен өзара іс-қимылын оңтайландыру, ең алдымен, полиция қызметкерлеріне деген сенімге, әріптестік қағидаттарына негізделуі тиіс. Ал, сервиске бағытталған полиция қызметі – бұл полиция мен қоғамға қылмыстылық проблемаларын шешу, заңдылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ынтымақтастықтың жаңа әдістерін қолдануға мүмкіндік беретін модель болып табылады»,– дейді Сағынған Игенұлы.

Сервистік тәсілдер Ұлыбритания, АҚШ, Канада, Германия, Франция, Латын Америкасы елдері, Қытай, Жапония және тағы басқа шетелдердің полиция органдарының қызметінде кең қолданылатынын айту керек.

Салтанат ІЛИЯШ,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button