Жүректі жұмсартар жәдігер – Қарағандыда
26 сәуір күні Қазақстанға Қасиетті Богородица «Умягчение злых сердец» («Қатыгез жүректерді жұмсарту») ғажайып жасаушы иконасы әкелінген болатын.
Содан бері бұл икона Астана мен Қазақстан Митрополиті Александрдың бірге жүруімен, еліміздің көптеген өңірлерін аралап, Қарағанды облысына 10 мамыр күні Жезқазған қаласындағы «Апостол Андрей Первозданный» храмына келді. Ал, 11-12 мамыр күндері икона Қарағанды қаласындағы, құдайшылық литургиясы өткізілетін «Свято-Введен соборына» орналастырылды.
«Қасиетті Богородица «Умягчение злых сердец» (Қатыгез жүректерді жұмсарту) иконасы жиырма жылға жуық ішінде тоқтаусыз мейірім шуағын шашуда, оның бетінде емдік қасиеті бар, хош иісті май молынан бөлініп тұрады» деп айтылады икона туралы.
– Қазақстан халқы діні мен ұлты өзге болса да, бір шаңырақ астында әр мерекені бірге тойлап, татулықта, бірлікте мемлекеттің экономикалық және рухани ахуалын жақсартуда. Қазақстанның көмірлі астанасы Қарағанды тұрғындары да иконаны көруге келуге уақыт тауып, одан рухани жұбаныш табады деген сенімдемін. Барлық қарағандылықтарды Пасха мерекесімен құттықтап, бейбіт өмір, ашық аспан және дендеріңізге саулық тілеймін, – деді өз сөзінде Астана мен Қазақстан Митрополиті Александр.
Бұл уақытқа дейін икона Қазақстанның Павлодар, Өскемен, Петропавл, Қостанай және Атырау сияқты ірі қалаларында болып, келушілердің ерекше ықыласына бөленген. Келушілер легінің көп болуынан храмдар да тәулік бойы жұмыс істепті.
Мәскеу түбіндегі шіркеуде иконаны сақтаушы Сергей Фомин де онымен бірге еріп жүр.
– 1998 жылы Софрин дүкенінен өгей қызым иконаны сатып алған. Бұл – ХІХ ғасырдың академиялық стилінде салынған қарапайым литография. Оны үйге алғаш алып келген кезде өзге де иконалардың барлығы хош иіс шығара бастады, ал, ерекше иіс шығарған осы – «Умягчение злых сердец» (Қатыгез жүректерді жұмсарту) иконасы болды. Иконадан бөлінген хош иісті майға зерттеу жүргізген сарапшылар одан бөлініп шығатын майдың 90 пайызы ақуыздан тұратынын айтты, – деп түсіндіреді Сергей Фомин.
Икона Еуропада, ТМД елдерінде, АҚШ-та, Австралияда да болған. Оған ілесіп жүрушілердің айтуынша, Қасиетті Богородица 2000 жылдың 12 тамызында хош иісті май бөле бастаған. Бұл күні икона бетінде алғаш рет қан түстес май пайда болды – сол кезде Баренц теңізінде «Курск» атом бомбасы суға батқан болатын. Одан кейін, «Норд-Осттегі» және 2004 жылдың қыркүйек айында Беслан мектебіне жасалған теракт кезінде де май пайда болған.
Иконаның әулиелік ғажайып қасиеттері отбасының, жұбайлардың, ата-ана мен баланың арасындағы қарым-қатынастардың жақсаруына өз ықпалын тигізеді.
Қарағанды қаласынан кейін икона Талдықорған, Астана және Алматы қалаларына аттанбақ.
Салтанат ИЛЬЯШОВА