Руханият

Жүрекпен тіл қатқан көркем әлем

Облыстық бейнелеу өнері музейінде өнер тілін түсінер талғамы биік жұртқа есімі белгілі қылқалам шеберлерінің тырнақалды туындылары сақталған. Солардың бірі һәм бірегейі – Өміркелді Әбеуов. Назарларыңызға Өміркелді Әбеуовтің туындыларын ұсынамыз.

Суреттер облыстық бейнелеу өнері мұражайынан

Өміркелді Әбеуов 1948 жылы Бұрынғы Жезқазған (қазіргі Қарағанды) облысына қарасты Қоңырат ауылында дүниеге келген. Алматы көркемсурет училищесін тәмамдаған. Көп жылдан бері Балқаш қаласында еңбек етуде. Осы қаладағы тарихи-өлкетану музейінде қолөнер студиясында балаларды өнерге баулып жүр. Суретші, гобеленші, ағаш шебері, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, Балқаш қаласының Құрметті азаматы.

Суретшінің  «Қоңырат туралы ән», «Таң», «Жаңа дәуір», «Бейбітшілік келешек үшін», «Ертең жұма», «Дала туралы баллада», «Металлургтер», «Молшылық», «Уақыт – өмір айнасы», «Ұядан ұшқанда» және тағы басқа да туындылары туған жеріне деген ыстық сезімді жеткізеді.

Суретші-безендіруші ретінде Өміркелді ақсақал Қазақстан бейнелеу өнерінде өз қолтаңбасын қалдырып, әлі де үзбей еңбек етіп келеді. Қала тұрғындары бүгінгі күні музейде өткізіліп отырған шебердің жеке көрмесімен  өнер жолы  және туындыларымен танысады. Тумысынан мінезі жұмсақ, қарапайым, еңбекқор Өміркелді Мұхтарұлының шығармашылығынан суретшінің отаншыл, өресі биік, арқалы талант,  парасат иесі екенін танисыз.

Ол халықтың бар салт-дәстүрін, тарихын көрсететін ою-өрнекке көп мән береді, терең үңіледі. Суретші қызыл және сары түске басымдық береді. Себебі, қазақ халқы үшін бұл түстер сонау ата-бабадан келе жатқан қастерлі түстер.

Гобелен кілемі – сәндік бұйым. Оны қазіргі кезде тәжірибелі суретшілер қолға алып, жаңа өрнекпен тоқуда. Гобелен кілемінде белгілі бір тақырып бойынша қайталанбас суреттер көрініс береді. Суретші туындыларының басты тақырыбы – уақыт, ғарыштық кеңістік. Суретші өз шығармаларындағы образды мыңдаған жылдар бойы дәстүрлі өнер нәтижесінде туындаған барлық халыққа түсінікті символдар арқылы шешеді. Өміркелді Әбеуов шеңберді өміртанымның динамикалық бастамасы, мәңгіліктің символы ретінде қолданады. Осынау көпмағыналы символ әртүрлі композицияда әр қырынан танылады. Суретші үшін уақыт – абстракциялық ұғым емес. Әрбір кезеңнің өзіндік әлеуметтік мазмұны, өзіне тән ағым ырғағы болады. Сондықтан, оның жұмыстары белгілі бір тарихи оқиғаға арналған.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button