Жаңалықтар

ЖҰМЫСТЫ ШИРАТУ ҚАЖЕТ

     Облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ жұмыс сапарымен Ақтоғай ауданында болды. Сапар барысында аймақ басшысы өңір дамуымен және келешекке құрылған жоспармен танысты. Сапар нәтижесінде облыс әкімі аудан басшылығына сын айтып, жұмыс қарқынын арттыруды талап етті.

Жыл басынан бері Ақтоғай ауданында 5,1 млрд. теңгеге ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілген. Бұл – облыс бойынша ең төменгі көрсеткіш. Аймақта негізгі бағыт мал шаруашылығы болғанына қарамастан, өткен жылмен салыстырғанда мал санының төмендеуі байқалған.
Облыс басшылығы ауыл шаруашылығы кооперативтерінің жұмысына көңілі толмайтындығын білдірді. Бес кооператив мыңнан астам ірі қара малын алған. Алайда, осы күнге дейін ет және сүт өнімдерін өндірмеген екен. Жоспар бойынша бұл бірлестіктер 119 тонна ет және 200 тонна сүт тапсыруы керек болатын.

Аудандағы техникалық жабдықталуды да облыс әкімі «жеткіліксіз» деді. Биылғы жылы жергілікті өнім өндірушілер небәрі 65,7 млн. теңгеге ауыл шаруашылығы техникасын сатып алған екен. Ол облыстың осы саладағы көрсеткішінің бар болғаны 2 пайызын құраған.

Жыл басынан бері аудандағы барлық ауыл шаруашылығы субъектілерінің, тек, 8 пайызы ғана субсидия ретінде мемлекеттік көмек алған.

Аудан бойынша 3 млн. гектарға жуық жер игерілмей жатыр. Оның 6,6 мың гектар егістік жерлер, – деп мәлімдеді аудан активі барысында облыс әкімінің орынбасары Серік Шайдаров. – Соңғы үш жылда инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда бірде-бір ауыл шаруашылығы алқабы жұмылдырылмаған.

Дегенмен, ауданда оң өзгерістер де бар. Облыс әкімі жұмыс сапары барысында «Тәттібек» шаруа қожалығында болып қайтты. Осыдан екі жыл бұрын оның басшысы Берікбол Исабаев қаладан Жалаңаш ауылына көшіп келіп, бордақылау алаңын ашқан. Жобаның құны – 8 млн. теңге. Кәсіпкер 10 сиырдан бастап, қазіргі уақытта мал санын 136 ірі қараға, 19 жылқыға дейін өсірген. Берікбол Исабаев алдағы уақытта кәсібін кеңейтуді жоспарлап отыр. Ол үшін жуырда білген мемлекеттік қолдауға сүйенбек.

Бұл дегеніміз ауданда түсіндіру жұмыстары бәсең жүріп жатқанын көрсетеді, – деді облыс әкімі Ерлан Қошанов. – Адамдарға мемлекеттік қолдауды қалай алуға болатынын, қандай механизмдер бар екенін дұрыстап түсіндіру қажет. Ауданды дамыту керек. Мен бүгін жергілікті халықтың жағдайы жақсы екеніне көзім жетті. Алайда, онымен тоқтап қалу дұрыс емес. Әрі қарай даму қажет. Сіздердің мүмкіндіктеріңіз де, жерлеріңіз де мол. Сондықтан, жұмыс істеңіздер. Біз болсақ өз тарапымыздан көмек көрсетуге дайынбыз.

Аймақ басшысы өзінің орынбасарларына Ақтоғай ауданының даму бағдарламасының жүзеге асырылуын жіті назарға алуды тапсырды.

 

Облыс әкімінің

баспасөз қызметі.

Суретті түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button