Жүлдегерлер құрмет төрінде
Шағын футболдан Біріккен Араб Әмірлігінде өткен әлем чемпионатынан ІІ орын алған жерлестер елге оралды. Облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын жүлдегерлерді арнайы қабылдап, сый-сияпат көрсетті.
– Біздің ойыншылар керемет ойнады. Румындар – бірнеше дүркін әлем чемпиондары. Ал, финалда мұндай қарсыластармен шығу – үлкен жетістік. Ұлттық құраманың қатарында қарағандылықтардың болғаны қуантады. Сіздердің жеңіс – біз үшін үлкен мақтаныш. Күміс жүлде – жеңістің бастамасы ғана болсын, – деді Ерлан Құсайын.
Спорттың бұл түрінен ұлттық құрама командасы әлем біріншілігінің финалында тұңғыш рет ойнады. Ұлттық құрама негізгі ойыншыларының басым бөлігі – қарағандылықтар.
– Бұл чемпионатқа жаздың басынан бері дайындалдық. Әлем чемпионатына дейін Қазақстанда үш турнирге қатысып, екеуінде финалға шықтық. Ел чемпионатында жеңіске жеттік. Ал, әлем чемпионатында сәл сәттілік жетіспеді. Тактикалық тұрғыдан жақсы ойын көрсеттік. Енді алдағы уақытта Еуропа чемпионатында бақ сынаймыз, – деді команда жаттықтырушысы Павел Таку.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz