Медицина

Жүйелі жұмыс тиімділікке бастайды

Жолаушылар көлігі туралы сөз болғанда, биылғы жылдың басты жаңалығы деп «ONAY!» мобильді қосымшасының енгізілуін айтуға болады. Электрондық нұсқа қала ішіндегі автобустарға ғана емес, Теміртау, Шахтинск, Саран, Абай қалалары мен Шахан, Топар кенттеріне қатынайтын маршруттарға енгізілді. Қоғамдық көліктердегі жолаушылардың тасымалы екі есе, 16 мыңнан 33 мыңға артқан. Қазір «ONAY!»-ды Теміртау және Балқаш қалаларының бағыттарына қосу қолға алынды. Облыстың жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары басқармасы басшысының орынбасары Мерген Мұқышевтың айтуынша, жүйе тиімділігін дәлелдеді.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аймақтағы көлік инфрақұрылымының тозуын төмендету жайы айтылды. Бүгінде облыс тұрғындары үшін барлығы 203 бағыттағы тұрақты маршрут бар. 8 халықаралық, 17 облысаралық, 46 ауданаралық, 83 қалалық, 23 қала маңындағы және 26 ауданішілік бағытқа 39 тасымалдаушының 954 автобусы жүреді.

– Былтыр пандемия салдарынан жабылған жеті ауданаралық қатынас бойынша жолаушылар тасымалы қайтадан жанданды. Бұл – Киевка, Қарағайлы, Родниковский, «Шахтинск-Топар», Ақтоғай, Урожайный, «Балқаш-Приозерск» бағыттары. Биыл бұл қатарға «Қарағанды-Крещеновка» (Осакаров ауданы) бағыты қосылды, – деді Мерген Мұқышев.

Мерген Мейрамұлының айтуынша, №107 «Қарағанды-Теміртау» бағыты бойынша автобустар саны 10-нан 16-ға көбейіп, жаңа кестесі бекітілді.

– Сонымен қатар, 17 сәуірден бастап жұмыс күндері 16 автобус жүреді (сенбі, жексенбі – 10 автобус). Бұл тұрғындардың қоғамдық көліктерге деген сұранысын қанағаттандыруға мүмкіндік берді, – деді ол.

Облысаралық автобустарды жаңарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, былтыр тасымалдаушылар 69 жаңа автобус алды. Биыл 165 автобус алу жоспары тұр. Оның 33-і Қарағанды маңындағы қалалар бағытында болады. Бүгінде автобустардың орташа «жасы» ауданаралық маршруттарда – 14 жыл, қалаларда – 12 жыл.

– Жалпы, жол-көлік жүйесінде теміржол тасымалы маңызды орын алады, – дейді Мерген Мұқышев. – Басқарма әлеуметтік маңызы бар жеті бағыт бойынша теміржол көлігі қатынасын жолға қойған. Оның екеуі пойыз болса, бесеуі электропойыз. Аталған бағыттарда жылына 380 мыңнан астам адам қатынайды. Сонымен бірге, облыстың бөлінуіне байланысты

«Қарағанды-Жезқазған» және «Жарық-Жезқазған» бағыттары Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің құзыретіне берілгенін атап өту керек.

Спикер азаматтық авиацияның дамуы бағыттарына да тоқталды. Оның айтуынша, облыс арқылы сегіз авиамаршрут өтеді. Оның екеуі – халықаралық «ҚарағандыМәскеу» және «Қарағанды-Анталия». Қалған алтауы Жезқазған, Алматы, Өскемен, Түркістанға қарай ұшады. Сонымен бірге, Балқаш қаласынан Астана мен Алматы бағытына екі маршрут бар.

– Мемлекет басшысы былтыр өңірге жасаған жұмыс сапары кезінде Балқаш қаласының әуе айлағын мемлекетіміздің әуежайларын дамыту бағдарламасына енгізу туралы тапсырма берген болатын. Осы бағытта жұмыстар атқарылуда. Өткен жылы Балқаш қаласының әуежайы коммуналдық меншікке қабылданды. Қазіргі уақытта әуежайды күрделі жөндеуден өткізудің жобалау-сметалық құжаттамасына түзету жүргізілуде. Жоба іске асса, жолаушылар ағыны жылына 13 мыңнан 40 мыңға дейін 3 есеге арттыруға мүмкіндік береді. Екінші жағы, бұл жолаушылар үшін жайлы болады, – деді М.Мұқышев.

Бұдан бөлек, келер жылдан бастап Балқаштан Түркістан, Шымкент және Жезқазған қалаларына жаңа авиамаршруттар ашылуы ықтимал. Бұл шараларды Балқаш қаласын дамытудың кешенді жоспарының жобасына енгізу жоспарланған. Жұмсалатын жылдық субсидия 670,4 млн. теңгені құрайды.

Жансая ОМАРБЕК,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button