Заман талабы
Қазіргі ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде жи-жиі айтылып, пікір талас тудырып отырған мәселе біздің қазіргі қолданыстағы жазба алфавитіміз кириллицадан латын қарпіне көшу болып отыр. Латын альфавиті қазақ қауымы үшін еш жаңалық емес. Бүгінгі қолданыстағы кириллица жазуынан біз сол латын альфавитінен бір рет алмасқанбыз. Оны үлкендер жағы жақсы білуге тиіс. Латын альфавитін бауырлас түркі тектес өзбек, әжірбайжан, түркімен, түркі халықтары мен әлемнің бірқатар елі қолданады. Мамандардың айтысына қарағанда қазіргі жазу – сызу ісі компьютерлендірілген заманда ең оңтайлысы осы латын альфавиті болып есептелетін көрінеді.
Осыдан бірер жыл бұрын латын альфавитіне көшу туралы тақырып көтерілген сәтте Елбасы ғалымдар мен тіл мамандарына мәселенің байыбына барып, жан- жақты қарап, ғылыми тұрғыда талдап, зертеп-зерделеуді тапсырған болатын. Бұл мәселені ғалымдар мен мамандар әлде неше мәрте қоғамдық талқы-таразыға салып, елдің пікір-көзқарасын тыңдап, өз ой-тұжырымдарын көлденен тартқан. Қоғамдық ой – пікірлердің басым бөлігі де латын альфавитіне көшу туралы ұсынысты қолдап отыр. Әлеуметтік желілерде ертеңгі күні қолданысқа енуге тиісті латын альфавитінің нұсқаларын жариялап та жатыр.
Түркі және қазақ халқының тілінде ұшырасатын дыбысталуы күрделі қайсы бір әріптердің (ә,ғ, қ, і, ү, ұ, ө секілді) дұрыс таңбалануына байланысты алаңдаушылық білдірушілер де жоқ емес. «Латын альфавитіне тек қазақ тілді қауым ғана көшеді екен» деген де әңгіменің шеті шығып қалып жатыр. Жаңалық, өзгеріс болған жерде түрлі қоғамдық пікірлердің туындап, екі ұдай пікір – көзқарастардың пайда болуы біржағынан алсақ заңды құбылыс. Дей тұрғанмен заман талабы латын альфавитіне көшкенімізді қалап отырса одан біз неге бас тартуымыз керек. Әлі де болса ғалымдарымыз зерттеп, зерделеп көптің көңілінен шығатын латын альфавитінің нұсқасын қолданысқа еңгізсе неге қолдамасқа. Өз бсым өркениет көшіне ілесу үшін латын қарпіне көшу қажет деп есептеймін.
Қ.МҰСАҚАНОВ,
аудандық кәсіптік колледждің директоры,
аудандық мәслихаттың депутаты.
АҚТОҒАЙ ауданы.