Заң күшейді, сана қашан өзгереді?
Бұрынғыдай емес, қазір әйеліне қол көтеріп, балаға балағат айтқанға заң қатал. Бұл – қоғамдағы әр екінші әйел отбасындағы зорлық-зомбылықтың құрбанына айналып, жағдай ушығып бара жатқаннан соң заңға енгізілген өзгерістерден соң мүмкін болып отыр. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 15 сәуірде қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң 15 маусымда күшіне енді. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында құзырлы орган өкілдері аталған заңның негізгі ережелерін түсіндірді.
– Зорлық-зомбылық мәселесі қазіргі өзекті мәселенің бірі. «Әйел – бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген жақсы сөз бар. Өкінішке қарай, қоғамдағы әр екінші әйел зорлық-зомбылықтың құрбаны. Себебі, бұл әлеуметтік мәртебесіне, жасына, ұлтына бөлінбейтін кесел, – дейді Қарағанды қаласы полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Бауыржан Мұхамеджанов.
Полиция полковнигінің айтуынша, жалпы, қылмыстан зардап шегетіндердің 90 пайызы – әйелдер мен балалар. Өкініштісі, жәбірленушілер полиция келген кезде өтініш беруден бас тартатындығында. Мәселен, биылғы бес айда полицияға күйеуінен зәбір көрген 2113 хабарлама келіп түссе, 1383 адам арыз жазудан бас тартқан. Тек, 730-ы ғана шағым жасаған.
– Бұл көбінесе жәбірленушінің материалдық және моральдық тәуелді жағдайына байланысты. Сондай-ақ, балаларын ойлаған әйелдер үйдегі абьюзер күйеулерінің үстінен арыз жазудан бас тартады. Жаны қысылғанда полиция шақыруын шақырады да, өздерін ойламай, айнып шығады. Бірақ, қазір бұл мәселе де шешімін тапты. Яғни, отбасында жанжал шығаратындарға шара да күшейтілді. Әкімшілік және қылмыстық іс жүргізу жәбірленушінің өтінішінсіз ақ бастала береді, – дейді Бауыржан Қараханұлы.
Отбасындағы зорлық-зомбылықты болдырмау мақсатында биыл 27-29 маусым аралығында облыс бойынша «Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол жоқ!» акциясы өтуде. Оның аясында құқық қорғау органдарының қызметкерлері әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық фактілеріне назар аударып, тиісті шаралар қабылдайды. Одан бөлек, күнделікті қайта жасалған өтініштерге, сондай-ақ, дағдарыс орталықтарына бірнеше рет жүгінген әйелдер ерекше назарға алынады.
Бауыржан Қараханұлы зорлық-зомбылықпен қоғам болып күресу керектігін айтады.
– Барлық мүдделі органдармен бірлесе отырып, әйелдер мен балалар үшін қауіпсіз және бейбіт ортаға қол жеткізуге тиіспіз, – дейді ол.
Ал, Қарағанды қаласы полиция басқармасының тергеу бөлімі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Дәурен Бөпеев заңның негізгі бөліктерін түсіндірді. Атап айтқанда, бұдан былай Қылмыстық кодекс бойынша денсаулыққа ауыр және орташа зиян келтіргені үшін жауапкершілік күшейген.
– Қылмыстық кодекстің 106-бабының 1-бөлігі бойынша денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру 3 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Бұл үшін бұған дейін тек бас бостандығы шектелетін. Ал, 107-баптың 2-бөлігі, яғни, кәмелетке толмағанның денсаулығына қасақана ауырлығы орташа зиян келтіргендер үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады, – дейді Дәурен Балғашұлы.
Полиция подполковнигі кәмелетке толмаған адамды зорлағаны үшін жауапкершілік күшейгенін де айтты. Бұл үшін Қылмыстық кодекстің 120-бабының 3-1-бөлігі бойынша өмір бойына бас бостандығынан айырылады.
Қылмыстық кодекс жаңа 121-1 баппен толыққанын да айту керек. Ол бойынша көрінеу он алты жасқа толмаған адамға қатысты сексуалдық сипаттағы ұсыныстармен, оның ішінде Интернет желісін қоса алғанда, телекоммуникация желілерін пайдалана отырып жасалған ұсыныстармен немесе тиісушілікпен ұштасқан сексуалдық сипаттағы әдепсіз әрекеттерді жасауға жол берілмейді. Ол үшін белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, екі жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz