Біздің сұхбат

Юрий РОДИН: «Әскери антыма адалмын!»

Абай ауданында ел басына күн туғанда ойланбастан отқа түсуге әзір азаматтар аз емес. Солардың бірі һәм бірегейі – ауған соғысының ардагері, 24 жылдан бері Абай аудандық интернационал-жауынгерлер кеңесінің төрағасы Юрий РОДИН. Юрий Ивановичпен «7 мамыр – Отан қорғаушылар күні» қарсаңында Отанды сүю мен оны қорғау хақында әңгіме өрбіткен едік. Қан майданнан аман келген ардагердің ұрпаққа айтары көп екен…

– Юрий Иванович, ер-азаматтың Отан алдындағы міндеті – оны қорғау. Сіздің кезіңізде Отан қорғауға баруға 18 жасқа толған әр азамат құлшыныс танытқанын білеміз. Дәл сондай ықылас өзіңізде де болғаны сөзсіз. Бірақ, тағдыр Сізді от пен оқтың арасына Ауғанстанға алып барды. Онда қалай түстіңіз?

– Әскери борышымды 1978 жылдың 12 қарашасынан Өзбекстанның Ферғана қаласындағы 93629 әскери бөлімінде атқара бастадым. Бір жылдан соң, біздің батальонның әуедесанты әскерлері, мұздай қаруланып, құпия режимде 1979 жылы, 6 шілдеде Ауғанстанның Баграм провинциясына интернационалдық борышын өтеуге жіберілді. Интернационал борышты ол кезде білмедік. Жарғы бойынша оны бізге түсіндірмеді. Тек, әскери антқа берік едік, бұйрықты орындадық. Қайда бара жатқанымызды да ойламадық. Ферғанада 1 жыл, Ауғанстанда 1 жыл болдым.

Ауғанға жіберудің мақсатын айтпауы – әскери цензура. Тәртіп. Ауған жеріне интернационал көмек көрсетуге келген екенбіз. Мен №345 полктің сержанты, 2-ші батальон, 6-шы ротаның бөлімше командирі едім. Рота командирім – капитан Виталий Черкесов болды. Ол қазір зейнеттегі полковник. Ресейде, Волгаград облысында тұрады.

– Оған дейінгі оқу-жаттығудың пайдасы тиді ме? Дайындық мығым ба еді?

– 1960 жылы 22 маусымда туғанмын. 20 жасымда Ауғанстанның «Чарикар» жерінде әскери тапсырма орындап жүрдім. Мен – әуе-десантымын. Ферғанада ТМД бойынша ең үздік командирлерден дәріс алдым. Солардың 1 жылғы тәрбиесінен соң, «кез келген қанды қырғынға сақадай сай» деп, бізді ауғанға жіберді. Бізді өлтіру де қиын еді. Тірі қалудың түрлі тәсілін білдік. Александр Маргеловтің «Бізден басқа ешкім жоқ» ұстанымымен өмір сүрдік. Кез келген жағдайға тас түйін әзірміз. Рухымыз алмастай өткір еді. Оқтан қаймығу, өлімнен сескену ойға мүлдем кіріп шықпайды. Қандыкөйлек достарымызды ешқашан тастап кеткен емеспіз. Санамызға сіңірген асқақ рухтың арқасында аштықты да, суық пен ыстықты да жеңдік. Елге келген соң отбасын құрдым. 1986 жылы Лариса есімді аруға үйлендім. Ол менің денсаулығымды біле тұра тұрмысқа шықты. Қазір 2 ұлым бар. Екеуі де «Арселор Миттал Теміртау» компаниясында жемісті еңбек етуде.

– Ауған жерінде ауыр жарақат алған екенсіз…

 – Ауғанстанның Чарикар провинциясында бір тәулік бойы атыстық. Провинцияны тазалау жүктелген-тін. Күні бойы оқ жаудырып, түнде барлық бөлімше тауға өрмелейміз. Өйткені, жеке құрамды солай ғана аман алып қалу мүмкін. Казармалық тәртіп – қауіпті. Бөлімге қайтпай, тауда түнейміз. Ауыл тазаланбайынша, техника ауылға кірмейді, тәртіп солай. 6-шы тамыз таңда әдеттегідей штурмға көштік. Үй-үйді тазалап, жылжи бердік. Олар жүгеріні тауға сатылап егеді. Жүгері сатысымен жоғары көтерілгенімде 20 метрдей жерден мұздай қаруланған қарсыластар жүгіріп өтті. Мен сол сәтте бар оғымды жаудырдым. Бір кезде алдымда пулиметпен бара жатқан досым, Михаил Пермиков оққа ұшты. Оны өлімге қимадым. Жүгіріп барып, көмектесуге ұмтылғанымда жақын маңнан «Шуравии, харап» деген дауыс естілді. Қас пен көздің арасында мылтығымды қайта оқтап, тізерлеп дауыс шыққан жаққа оқ атуға ыңғайланғаным есімде. Әрі қарай түк білмеймін. Желкемнен тиген оқтан талып түсіппін. Миша екеумізді тікұшақпен алып бара жатқанын еміс-еміс сездім. Көп құсып, жаным көзіме көрінді. Киіміме мықтап тігілген өмірдерек жазылған қағаз арқылы үйге хабар беріпті. Ташкентте емделдім. Кейін естуімше, сол операцияда батальондағы 350 сарбаздың 16-сы ауыр жараланып, 9-ы қайтыс болған. Періштем қағып, аман қалдым. Осы бейбіт күнді көру бұйырған екен.

– Тағы да қандай операцияларға қатыстыңыз?

– Бірнеше рет әскери-жауынгерлік операцияға және «Панджшер», «Бамиян», «Чарикар» сынды тарихи шайқастарға қатыстым. «Қызыл Жұлдыз» ордені, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталғам. Желкеме тиген оқтан контузия алдым. Қазір III топтағы мүгедекпін. Екі рет Абай ауданының саяси-қоғамдық өміріне қосқан үлесім үшін марапатталып, Елбасының екі рет сенімді өкілі болдым. Ресейдегі ауған соғысы ардагерлерімен де тығыз жұмыс істейміз. Франц Клинцевич деген біздің 345 полктің атақты замполиті еді. Оны бәріміз үлгі тұттық, әкеміздей көрдік.

Ю.Родин (сол жақтан бірінші). 1978-79 жж.

– Қандыкөйлек достарыңызбен кездесіп, жүздесіп тұратын шығарсыздар?..

– 2005 жылы Астанада тарихи кездесу болды. Оған барлық Ауған соғысы ардагерлер кеңесі қатысты. Ресей делегациясын, Кеңес Одағының батыры, аты аңызға айналған 9 ротаның командирі Валерий Востротин бастап келді. Ауқымды шараны «Хабар», «КТК», «МИР» арналары көрсетті. Востротинмен кездескенде қолымды шекеме қойып, «6 ротаның зейнеттегі сержанты Родин» деп амандастым. Көңілім босап, арқам шымырлап кетті. «Черкесовтің баласы, таныдым сені» деді ол. 1978 жылы Ферғанаға жас сарбаз болып келгенде «Қарағандыдан келгендер бір қадам алға» деп күтіп алған еді. Содан ағабауыр болдық. Арқаның биік рухы бізді барлық жерде қорғап жүрді. Өмір бойы әскери антыма адал болып, өмірімді Отаныма арнадым. Одан бір сәт те айныған емеспін.

– 9 рота дегеніңіз «9 рота» фильміне арқау болған оқиға емес пе?

– Иә, аңызға айналған 9 ротамен 345 полкта иық тіресе соғыстық. «9 рота фильмі» шыққанда көп талқыладық. Өйткені, біздің көз алдымызда болған операция ғой ол. Фильмдегі ротаның байланысқа шыға алмауы, бәрі өліп, біреуі тірі қалуы – режисердің фантазиясы. Ол операцияда шындығында 6 сарбаз қаза тауып, жаңылыспасам 14 адам жараланған. Ал, енді фильмдегі дайындықтан асығыс өткен жас сарбаздардың әскери қаруды еркін пайдалануы мүмкін емес дүние. Михаил Мекешев есімді 1 жылға жуық дайындықтан өткен сарбаздың өзі пулеметін құлатып алып, сөгіс естіген. Ол туралы суретші сарбаздар карикатура да салған. Танкіні көргенде есінен танып қалғандар да болды. Қару қолдану, онымен адам ату оңай емес.

Абай ауданынан 7 адам ауған соғысында қаза тапты. Бір аудан үшін бұл – өте көп. Владимир Смирнов 1980 жылы 6 сәуірде Кандагарда ажал құшқанда республика жұртшылығы қайғырды. Десек те, мұндай жайттар уақытылы жария етілмеді. Газет пен телеарналардың әскери цензурасы өте қатал еді. Біздің жасақ Баграмда мұздай қаруланып, әскери операция жүргізіп жатқанда, журналистер бізді «соперлық көмек көрсетіп, дамба, платина тұрғызып жатыр» деп жазды.

1978-1980 жылдарда ауғанда Қарағандыдан 12 жігіт болдық. Арамыздан жерлесіміз Аманкелді Қалмағамбетов 1979 жылдың 27 желтоқсанда аңызға айналған 345 полктің, 3-ші батальон, 9-шы ротасы құрамында ерлікпен қаза тапты. Ол әскери көліктің механик-жүргізушісі еді, гранатамедпен атып, техникасын отқа ораған. Шайқасып, берілмей ажал құшты. Оның ерлігі бізге өшпес рух сыйлады.

 – Сіз басқаратын ардагерлер кеңесінің негізгі мақсаты қандай?

– Кеңес ауған соғысы ардагерлеріне көмектесіп, жағдайын жасаумен айналысады. Қазір барлығы дерлік жұмыспен қамтылған. Медициналық және материалдық көмек алады. Үнемі хабарласып, жағдайын сұрап тұрамыз. Ерлігін жас ұрпаққа үлгі етіп, насихаттаймыз. Ешқайсысы тура жолдан айныған жоқ. Дұрыс өмір сүріп, білгенін жастарға үйретіп, елге пайдасын тигізуде.

Жасымыз 60-қа келсе де, мерекелерде әскери формамызды киіп, өткенді еске аламыз. Соңымыздан ерген жас буынға айтар ақылымыз да, естелігіміз де жеткілікті. Олар да бізді тыңдаудан жалықпайды. Ауданда әскерипатриоттық шаралар жиі жүргізіледі. Бірнеше рет аудандық әскерге шақырылушылардың комиссиясы құрамында болдым. Қазіргі жастардың әуе-десанты әскері құрамына қызығушылығы қуантады. Қазір ол «Аэромобильді әскер» деп аталады. Ондай бөлім Нұр-Сұлтан мен Қапшағайда бар. Ұлым Сергей 2001 жылы Нұр-Сұлтандағы әуе-десанты сапында, «Қалқан» арнайы жасағында болды. Маған үнемі: «Сіздей үлгі тұтар әкем барына қуанамын және әуе-десантшысы рухын бойыма сіңіргеніңізге рахмет!» дейді.

– Сөз соңында қандай тілек жолдайсыз?

– Отан қорғаушылар күні қарсаңында әскери борышын өтеген, өтеп жүрген азаматтарды мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Әскери қызметте жетістік тілеймін. Біздің – рухымыз биік. Сондықтан, ешқандай арандатушылыққа жол бермей, ортақ Отанымызды қорғауға дайын болайық. Кеңестік кезеңде де Қарағандыдан шыққан жауынгерлердің ерлігі үнемі ел аузында жүрген. Бізді қайда барсақ та, құрметтейді, сыйлайды.

Қазір Қазақстан әскері – өте қуатты. Оған еш күмән жоқ. Тарихымыз бай, бейбіт сүйгіш елміз. Ешкімнен кем емеспіз. Еңсемізді тік ұстап жүрейік, жігіттер!

– Уақыт бөліп, тұщымды әңгіме өрбіткеніңізге көп рахмет!

Сұхбаттасқан Жәлел ШАЛҚАР.

АБАЙ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button