Қысқа қамданыс — қапысыз

БЕЙСЕНБІ КҮНІ ОБЛЫСТАҒЫ ӨҢІРЛІК КОММУНИКАЦИЯЛАР ҚЫЗМЕТІНДЕ АЙМАҚ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ ЕРМАҒАНБЕТ БӨЛЕКПАЕВТЫҢ ҚАТЫСУЫМЕН БАСПАСӨЗ МӘСЛИХАТЫ ӨТТІ. ОНДА 2019-2020 ЖЫЛДАРДАҒЫ ЖЫЛУ БЕРУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҚ БАРЫСЫ МЕН БҮГІНГІ ТАҢДА АТҚАРЫЛЫП ЖАТҚАН ЖҰМЫСТАРДЫҢ ЖАЙЫ ТІЛГЕ ТИЕК ЕТІЛДІ.

– Бүгінгі таңда жылу беру маусымына дайындық жұмыстары аяқталу үстінде. Есеп беру кезеңінде тұрғын үйлер мен әлеуметтік-мәдени нысандарды жылумен қамтуға негізделген іс-шаралар 98,5% тәмамдалды деуге болады. Бұл ретте, жоспар 95% болғанын да айта кету қажет. Облыс аумағындағы жылу желілерінің 91,8 шақырымға созылған ағымдағы жөндеу жұмыстары 90,3 шақырымды қамтып үлгерді. Бұдан бөлек, 144,2 шақырымға негізделген су құбырлары мен кәріз желілерінің 142 шақырымы ағымдағы жөндеуден өтті, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Сондай-ақ, облыс әкімі орынбасарының айтуынша, алдағы жылу беру маусымына 67 қазандық пен 693 автономды жылу беру жүйелерінің 685-і дайындалды. Бұдан бөлек, 764 білім беру нысаны 100%, 233 денсаулық сақтау мекемесі 98,7% және 6693 көпқабатты тұрғын үй 98,2% дайындықтан өткен екен.

Аймақ басшысы орынбасарының сөзіне сүйенсек, барлық шаралар жұмыс кестесіне сай жүргізіліп келеді. Қандай да бір атқарылу мерзімінен қалу жағдайлары байқалмайды.

 8 станциядағы жабдықтарды жөндеу жұмыстары әлі де жалғасуда. 25 қазандық пен 9 турбинада жүргізілген жұмыстар өз мәресіне жетіп отыр. Бекітілген кестеге сәйкес, 12 қазандық пен 6 турбинада жұмыс жүргізілуде. Өзге 5 қазандықта жөндеу мерзімі әлі жақындай қойған жоқ.

– 2019-2020 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстары үнемі бақылауда. Ал, жылудың нақты қай күні берілетінін айта қою қиын. Оған ауа райының өзгерістері себеп болады. Жалпы, жылу 1-10 қазан аралығында берілуі ықтимал. Тағы қайталап айтамын, ол аймақтағы ауа райына байланысты, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Рауан ҚАБИДОЛДА