Қырық мектепте – тегін секция

Аймағымызда спорт саласын дамыту мақсатында ауқымды жұмыстар жүзеге асуда. Алдағы уақытта облыстың 40 мектебі балаларды секцияларға тегін қабылдайтын болады.

Айта кетейік, мамандандырылған мектептерде спорттың 68 түрі бар. Оның ішінде, 40-ы –олимпиадалық спорт түрі. Жыл сайын спорттық киімдер мен құралдарға бөлінетін қаражат көлемі ұлғайтылуда. Ең бастысы, балалардың облыстық, республикалық және халықаралық сайыстарға қатысуы қаржыландырылады.

Балалар спорт мектептері, тек Қарағандыда ғана емес, сонымен қатар Теміртау, Саран, Шахтинск, Абай, Қаражал, Балқаш, Жезқазған қалаларында бар. Сондай-ақ, облыстың барлық аудандарында да жұмыс істейді. Кенттерде ашылған дене шынықтыру-сауықтыру кешендері жаттығулар өткізетін базаға айналып отыр.

Өткен жылдан бастап «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы бойынша облыстың спорт мекемелерінде «Дене шынықтыру және спорт мониторингі» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі енгізілуде. Ол барлық спорт мектептері бойынша бірыңғай деректер базасын құруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде спортшылар мен жаттықтырушыларды қаржыландырудың ашықтығы мен айқындылығын қамтамасыз етеді. Сонымен қоса, өңірде спорт түрлері мен инфрақұрылымның дамуы туралы нақты және толық ақпарат береді. Қазір мобильді қосымша да жасалып жатыр.

Өз тілшімізден.