Жаңалықтар

Қырағылық – басты мақсат

Дүйсенбі күні журналистер қауымы Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік комитеті Қарағанды облысы бойынша департаментінің әкімшілік ғимаратында болды. Мұнда алдымен 2000 жылы жасақталған музейді тамашалады.

Айта кетейік, музейге енгенде ең алдымен қабырғаға ілінген құндылықты көзіміз шалады. Бұл жерде мемлекет қауіпсіздігі органының қызметкерлері – ішкі және сыртқы қадағалаушы мамандардың еңбектері мен есімдері жазылған. Мәдени орынның алтын қорында мекеме қызметкерлерінің әскери киімдері мен құнды құжаттар, марапат қағаздары және суреттер, кезінде құпия дерек ретінде сақталған дүниелер топтастырылған. Жәдігерлердің арасында қылмыстық топтарды ұстау кезінде тәркіленген қолдан жасалған қарулар да тұр. Сонымен қатар, ерекше жинақтарды – елінің қауіпсіздігі үшін өмірін құрбан еткен қандастарымыздың естеліктерін де кезіктіресіз. Бүгінгі күні музей сөресіне 2004 жылы есірткі тасымалдаған қылмыстық топты ұстау кезіндегі әрекеттер де макет арқылы орналастырылған. Осы орайда, мемлекет қауіпсіздігі органының қызметкері 2012 жылдың желтоқсан айында трансұлттық есірткі құрылымдарына қарсы іс-қимыл аясында жүргізілген жедел-іздестіру шаралары барысында Абай ауданы Жұмабек ауылының маңында пияз қаптары тиелген тіркемесі бар «КамАЗ» ұсталғандығын сөз етті. Оның айтуынша, көрсетілген автомашинаның тіркемесін қарау нәтижесінде, домалақ басты пияз деп жасырынған героин мен гашиш сияқты есірткі заттары бар әрқайсысы 1 келі болатын 103 пакет және 505 контейнер анықталған. Алынған есірткі заттарының жалпы салмағы 164 келі, 493 гр. героин мен 44 келі, 92 гр. гашишті құраған. Кінәлілер анықталып, сотталған көрінеді. Бұдан бөлек, 2016 жылдың маусымында Қарағанды қаласында Қазақстан арқылы Ресейге есірткі заттарының тасымалдануын қамтамасыз етіп отырған екі адам ұсталған. Ұстау кезінде жалпы салмағы 11 келіні құрайтын героин алынған.

Сонымен қоса, орган қызметкері департаменттің қалыптасу кезеңінің басында тұрған басшыларға жекежеке тоқталып, әңгімеледі. Оның ішінде 26 жылда Департаменттің екі басшысы генерал-майор атағы берілгенін көзіміз шалды. Оның бірі – ІІ-дәрежелі «Айбын» ордені, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалінің иегері, Қазақстан Республикасы ҰҚК Қарағанды облысы бойынша департаментінің бастығы, генерал-майор Кендебай Адамбеков. Ал, 2002 жылы генерал атағы Қабдұлкәрім Әбдіқазымовқа берілген екен. Ол – ІІ-дәрежелі «Даңқ» және «Айбын» ордендерінің және ҰҚК Құрметті қызметкері атағының иегері. ҰҚК Төрағасы орынбасары лауазымында және көп жылдар бойы комитеттің басшылық құрамы қатарында қызмет атқарған. Қазіргі кезде зейнеткер.

Бұл жердегі қызметкерлер қазіргі сұранымдарға сәйкес жаңа экспозициялар жасаған екен. Өйткені, ғылым мен техниканың жаңа жетістіктеріне сәйкес жасалған экспозициялардың жастарды патриоттық және азаматтық рухта тәрбиелеуде маңызы жоғары Бұл жөнінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік комитеті Қарағанды облыстық департаментіндегі Ардагерлер кеңесінің төрағасы Болат Бакенов тоқталып өтті.

– Елбасымыз ел егемендігі мен аумақтық тұтастығын қамтамасыз ету үшін күрескен қаһарман бабаларымыздың ерлігін есте сақтаудың маңыздылығын айтып келеді. Әлемнің қазіргі барлық сын-тегеуріндері мен қауіп-қатерлеріне қарсы тұру үшін бүгінде Ұлттық Қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінің кәсіби қабілеті мен біліктілігін жетілдіру алғашқы орында тұр. Сондықтан, ел тыныштығын күзеткен қызметкерлерге жүктелген міндеттер бар. Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері алдағы уақытта да Отанымызға мінсіз қызмет етіп, елімізді көркейтуге еңбек ететіндігін сеніммен айта аламын. Оның ішінде, ұлттық мүддемізді қорғау жолында өздерінің барлық күшін, білімі мен тәжірибесін жұмсайтыны анық. Біз ардагер ретінде өз білгентүйгенімізді жас ұрпаққа үйретуге әзірміз, – дейді Болат Бакенов.

Осы күні бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері ҰҚК Қарағанды облысы бойынша департаментінің әкімшілік ғимаратында орналасқан акт залы, спорт залы және қызметкерлерге арналған көпфункционалды кортты тамашалады. Кортта жыл сайын дәстүрлі жарыстар, сауықтыруға арналған спорттық шаралар жиі ұйымдастырылып тұрады екен.

Сонымен қоса, медициналық қамтамасыз ету бөлімін аралаған журналистер мұнда барлық ауруларға кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемінің аясында медициналық қызмет алуға болатындығына көз жеткізді. Профилактика, емдеу шаралары, оның ішінде, оңалту, диспансерлік бақылау, медициналық және әлеуметтік қызметтер көрсетіледі.

Байқағанымыздай, елдің тарихында қауіпсіздікті қамтамасыз етуді басты мақсат тұтқан ұлттық қауіпсіздік органдары тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап қоғамға төнетін қауіп-қатермен күрес жолында күш салып келеді. Мемлекет мүддесі қашанда қауіпсіздік мәселесіне келіп тірелетіндігі сөзсіз. Ал, қауіпсіздік мәселесі қоғамның әр мүшесінен де қырағылықты талап ететіндігі айтпаса да түсінікті.

Нұрдос КӘРІМ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button