Медицина

Қымбат ота – тегін

Балалардағы фармакорезистентті эпилепсия – жүйке жүйесі ауруларының кең тараған түрі. Қазіргі уақытта бұл дертке қарсы емнің жаңа түрлері қолданылады. Оның ішінде, препараттар, стимуляторлар, арнайы диета да әзірленді. Алайда, эпилепсияның дәріге басылмайтын түрі болса, дәрігерлер арнайы операциялар жасайды. Биыл облыстық балалар клиникалық ауруханасында осындай 10 ота жасалды. Оның әрқайсының құны 10 миллион теңгеге жуық.

Сурет облыстық әкімдік сайтыннан алынды

Кезбе жүйкесіне стимулятор қою – ең күрделі операцияның бірі. Мұндай отаны облыстық клиникалық балалар ауруханасы дәрігерлері 2020 жылдан бастап жасап келеді. Стимулятор 5 жылға орнатылады, одан кейін батареяны ауыстыру қажет.

– Операция барысында екі тілік жасалады. Біреуінен кезбе жүйкесі шығарылып, оған арнайы электрод жалғанады. Ол екінші тілікке дейін созылып, кеуде қуысына бекітіледі. Сосын терінің астына аппарат салынады. Ота кезінде оның жұмысы тексеріледі, – дейді аурухананың нейрохирург дәрігер Руслан Хаутиев.

Дәрігердің айтуынша, мұндай операциялардың қолға алын­ғанына бірнеше жыл болған.

– Біздің ауруханада мұндай операциялар 2020 жылы жасала басталды, – дейді ол. – 2021 жылы төрт науқасқа, одан кейінгі жылы алты балаға, биыл он балаға ота жасадық. Жоспарлы отаның құны 9,5 млн. теңгеден асады. Оны әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры төлейді. Бұл – ата-аналарға қаржылық көмек қана емес, науқас балалардың қалыпты өмір сүруі үшін үлкен қолдау.

Стимулятор орнатылған ал­ғашқы пациенттердің бірі 14 жастағы қарағандылық болды. Ол екі жасынан эпилепсиямен ауырған. Дәрі-дәрмекпен жүргізілген ем де талманы баса алмаған. Қыздың анасының айтуынша, эпилепсиялық ұстама тәулігіне 90 ретке дейін қайталаған сәттері болған екен.

– Қызыма аппарат қойылғаннан бері екі жылдан астам уақыт өтті. Қазір ол өзін жақсы сезінеді. Операциядан кейін 8 айдан кейін баланың белсенділігінің артқанын, есте сақтауы мен сабақ үлгерімі жақсарғанын аңғардық. Құрылғы оны мүлдем мазаламайды. Операцияға дейін бір айдай тексерілдік. Стимулятор қойғанымызға еш өкінбейміз, – дейді жас науқастың анасы.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button