Жаңалықтар

Ғылымда Қарағандының бәсі биік

Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әлауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында, еліміз жаһандық дамуда дамыған 30 елдің қатарына енуде маңызды алты бағытты нақты белгілеп берді. Сол бағыттың бірі – ғылым мен инновациялық технологияны дамыту. Қазіргі таңда бәсекелестік ғылым саласындағы жетістіктермен, жаңа технологиялармен өлшенеді. Сол жетістік ел экономикасын алға сүйрейді.

Тәуелсіздік жылдарында Елбасының бастамасымен отандық ғылым дамуға бет бұрды. Ауыз толтырып айтатын жетістіктері жетерлік. Дегенмен, дамыған елдермен салыстырғанда кенже қалмасақ та, атқарар шаралар баршылық. «Көш жүре түзеледі» емес пе?!

Өткен жылдардағы ашық дереккөздерге сүйенсек, ғылым сапасын жақсарту мақсатында атқарылатын шаралардың ауқымы кеңейіп, қаржыландыру көзі 7 есе артқан. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің мәлімдеуінше, ғылымға бизнес тарапынан қаржылай қолдау артқан. «Бизнестің ғылымға қосқан үлесі 3 жыл ішінде 4,8 млрд. теңге болды. Жыл сайын елімізде ғалымдардың еңбегін қолдау, жас ғалымдарды ғылым саласына тарту мақсатында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры құнды бастамаларды қолдауға бағытталған жобаларға қомақты қаржы бөліп, байқаулар, форумдар ұйымдастырады. Бұндай маңызды шараларға шет елден қатысушылар да шақырылып, ел дарындыларының тәжірибе алмасуына жағдай жасалады» дейді ол.

Қазіргі таңда елімізде ғылым 5 бағыт бойынша дамуда. Ол энергетика, шикізат пен өнімді жан-жақты өңдеу, ақпараттық және телекоммуникациялық технологиялар, ғылым мен ұлттық ақыл-ой әлеуеті. Ел саясатының негізгі үш діңгегі – «білім, ғылым, инновация». Ғылым мен білім беру ісін және инновациялық технологияларды біріктіру үшін Елбасы бастамасымен ұлттық ғылыми зертханалар ашылды. Қазіргі таңда аталмыш орталықтар үлкен жұмыс атқаруда.

Елімізде жас ғалымдардың дамуына түрлі жұмыстар қолға алынды. Мәселен, Мемлекет басшысының бастамасымен оларға жыл сайын бір мың грант бөлінетін болды. Жетекші әлемдік ғылыми орталықтарға тағылымдамадан өту үшін кемінде 2500 орын қарастырылмақ. Сондай-ақ, резиденттер, магистранттар мен докторанттардың шәкіртақы мөлшерін 1,5 есеге ұлғайтуды көздеп отыр. Ал, ғылымның жетістігі – технологияның дамуына әкелетіні ақиқат.

ХХ ғасырда өнеркәсіп, әлеумет, экономика саласының дамуында алғашқылардың бірі болып Орталық Қазақстан бой тіктеген еді. Соның нәтижесінде әлеумет, ғылым мен білім, технология саласының өрлеуіне жағдай жасағаны баршаға аян. ХІХ ғасырдың соңына қарай бұл аймақта 166 шағын кен мен көмір кеніштері, 24 шағын зауыттар жұмыс жасаған. Қарағандыдағы геологтардың көмір барлау жұмысын ірі геолог-ғалым Александр Гапеевтің басшылығымен өңірде жоғары дәрежелі тас көмірдің ауқымды қоры бар екендігі анықталып, жалпыодақтық қана емес, әлемдік маңызы бар екендігін дәлелдеді. Ал, Орталық Қазақстан десе Қаныш Сәтбаев еске түседі. Ғалымның атқарған еңбегін ешкім естен шығарған емес.

Бүгін де аймақ өз жүрісінен жаңылған жоқ. Қарағандылық ғалымдар қатерлі ісіктің бетін қайтаратын арглабин препаратын ойлап тапты. Аталмыш препаратты әлемнің 6 елінде қолданады.

Күні кеше ғылыми және ғылыми-технологиялық жобалар бойынша республикалық байқаудан Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің жас ғалымдары 200,3 млн. теңгелік грантын иеленді. Осыдан-ақ, ғылым мен білім, технология саласын дамытуда Қарағанды өңірінің бәсі биік екенін аңғара беріңіз.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button