Ақтоғай

Волейболдан турнир өтті

    Сәуір айының ортасында аудандық спорт кешенінде «Тоқырауын тынысы» газеті атындағы волейболдан дәстүрлі турнир өтті.

Турнирді ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйлеген аудандық мәслихат хатшысы Р.Әбеуов: «Өркениет өріне құлаш ұрып отырған елімізде салауатты өмір салтын қалыптастыру басты мәселе. Әрбір қазақстандық, оның ішінде жастар осындай спорттың бұқаралығын насихаттайтын жарыстарға қатысу арқылы өздерінің денсаулықтарын шынықтырулары қажет», – деді. Сонымен қатар, ауданның спорт саласындағы жеткен жетістіктеріне тоқталып өтті.

Жарыс барысында ала допты алақанда ойнатқан ойыншылар төрт топқа бөлініп, біріншілік кубогін сарапқа салды. Бабы мен бағы келіскен «Ақсораң» (Қызыларай ауылы) құрама командасы кәсіби шеберліктерін танытты. Сондай-ақ, айтулы «Нұркен» (Нұркен ауылы )командасы жақсы ойын өрнегімен көзге түсті. Олардың арасында үздік ойындары үшін ерекшеленген Б.Қамиев (Нұркен командасы ойыншысы), Е.Сейдіғазым (Ақсораң командасы) доп додасы мәреге жеткенше көрермендер көзайымына айналды.

Сөре бар жерде, мәре бар. 12 команданың ішінде дара шыққан, «Ақсораң» (Қызыларай ауылы) командасы бірінші орынды еншіледі. Екінші орынды Нұркен ауылының «Нұркен» командасы қанжыласа, үшінші орынды «Шабанбай би» командасы қанағат тұтты.

Жарыс қорытындысы бойынша командааралық және жекелей танылған жарыс жеңімпаздарын турнирдің бас демеушісі аудандық «Тоқырауын тынысы» газетінің редакторы Г.Елеусізова құттықтап, арнайы жүлделерді табыстап, марапаттады.

Өз тілшімізден.

АҚТОҒАЙ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button