Covid-19

Вакцина – жауапкершілік

Вируспен бетпе-бет келіп, ел жаппай ауырған тұста мен де ауырдым. 2 аптадай орнымнан тұра алмай қалдым десем, өтірік емес. Одан кейін ұзақ уақытқа дейін қалыпты жайыма келе алмадым. Қазір сол уақытты есіме алсам, аза бойым, қаза болады. Вакцина пайда болды дегеннен бастап-ақ, «аламын» деген шешімім де өткен жаздың қайталанғанын қаламағынымнан.

Демалыс күнді пайдаланып жұбайым екеуміз Лободы 43 мекен-жайындағы қалалық алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығына бардық. Таңертеңнің өзінде ұзын-сонар кезек екен. Таң қалдым. Екпе салдыруға келгендердің басым көпшілігі егде жастағылар. Қатер тобында болғандықтан, олардың ниеті түсінікті де. Бірақ, «бас салып, еге береміз» деп отырған дәрігерлер жоқ. Денсаулығы жайлы егжей-тегжейлі сұрастыруда.

Барған бетте менен де сұрады. Қан қысымы, сатурация өлшенді. Сауалнама толтырдым. Екпе алғаннан кейін болуы ықтимал белгілер туралы да айтылды. Ақыры вакцинаға рұқсат етті. Екпе кабинетінде Гам-КОВИД-Вак («Спутник V») вакцинасы салынды. Одан кейін 30 минут күту залында отырдым. Бұл уақытта ешқандай ауырсыну сезілмеді.

Бастапқы 3-4 сағатта ештеңе байқалмағанымен, кешке қарай қызуым көтеріліп, буындарым қақсай бастады. Басым ауырып, мұрыным қанады. Бірақ, бұдан еш қорқыныш болған жоқ. Себебі, дәрігер аталған белгілердің болатындығын айтқантын. Бүгін – екінші күн. Жағдайым жақсы. Балаларымның, отбасымның, айналамдағы адамдардың болашағы үшін екпе алдым.

Сағыныш ӘБІЛ.

Басқа материалдар

Back to top button