АймақАқтоғай

Ақтоғай ауданының Қуаныш ауылына су келеді

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылдың соңына дейін сапалы ауыз сумен 100% қамтамасыз ету туралы Үкіметке міндет қойды. «Жалпы ондаған жылдар бойы қомақты қаржы бөлінгеніне қарамастан ауыз су мәселесі әлі шешімін тапқан жоқ. Сондықтан өңірлерді дамытудың ұлттық жобасы аясында бес жыл ішінде халықты 100% таза ауыз сумен қамтамасыз етуді тапсырамын. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған басты міндет» деген болатын ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Осы орайда әрбір елді мекенді ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша кезеңдік жоспар әзірленді. Әсіресе, шалғай ауылдардағы, ауыз су мәселесі қолға алынды.

Ақтоғай ауданы

Сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету – ел ішінде өзекті мәселенің бірі. Ауыл жұртшылығы үшін аса маңызды ауыз су жыл өткен сайын оң шешімін тауып келеді. Қазіргі таңда Ақтоғай ауданы Қараменде би ауылдық округі Қуаныш ауылына және Жидебай ауылдық округі Үшарал ауылына су құбыры орнатылып, халықты тіршілік көзімен қамтамасыз ету мемлекеттік бағдарлама аясында іске асуда.

– «Су – тіршілік көзі» десек, оның сапасы да басты назарда. Халық денсаулығы да судың сапасына тікелей байланысты. Ауылымызға су тартылғанына ел болып, қуандық. Өйткені, су мәселесі бізді көптен бері толғандырып келді, – дейді Қуаныш ауылының тұрғындары.

Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары Абылай Аманжоловтың айтуынша, Қараменде би ауылдық округі Қуаныш ауылының су құбыры желілерін салу шарт бойынша – 478,4 млн. теңге. 2022 жылда 301,9 млн.теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жүріп жатыр.

– Қуаныш ауылына биыл облыстық бюджеттен 95,7 млн.теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі кезде жалпы ұзындығы – 9383 метр су құбыры тартылды. Құрылыс жұмыстарын аяқтау осы жылдың қыркүйек айына жоспарланып отыр. Уақытша бес жұмыс орны ашылды. Ал, Жидебай ауылдық округі Үшарал ауылының су құбырына 325,9 млн.теңге бөлінген. Өткен жылы 150 млн. теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілді. Осы жылы облыстық бюджеттен – 65,2 млн. теңге, Ұлттық қордан 124,7 млн. теңге бөлінді. Бүгінде құрылыс жұмыстары қарқынды. Қазіргі уақытта жалпы ұзындығы – 5833 метр құбыр тартылды. Құрылыс жұмыстары қыркүйек айында аяқталады. Бұл ауылда уақытша төрт адам жұмыспен қамтылды, – дейді Абылай Аманжолов.

Көптің көкейіндегі проблеманы шешуде атқарылып жатқан жұмыстардың шет жағасы осындай. Тіршілік көзінен таршылық көріп отырған шалғай елді мекендегі тұрғындар дән риза. Ақтоғай ауданында бұдан да басқа ауқымды істер еңсерілмекші.

Нұрдос КӘРІМ,
Ақтоғай ауданы
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button