Бас тақырыпОблыс әкімі

Тың мүмкіндіктер таразыланды

Қарағанды облысында жұмыс сапарымен болған Қазақстан Республикасының «Атамекен» ҚКП төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев палатаның өңірлік кеңесін өткізді. Облыстағы бизнесті дамыту мен қолдау көрсету жұмыстарының негізгі бағыттары туралы айтылған жиынға аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек және бизнес өкілдері қатысты.

Облыста бизнестің кеңінен қанат жаюына мүмкіндік жасалған. Мәселен, 9 қала мен 9 ауданда барлығы бизнеске қатысты 18 кеңес беру органы бар. Бұл өз кезегінде кәсіпкердің проблемасын жете түсініп, дер кезінде көмек қолын созуға мүмкіндік береді. Соңғы жылдары бірлескен жұмыс нәтижесінде өңір экономикасындағы шағын және орта бизнес үлесі шамамен 1,5 есеге дейін өсуде. Бұл «Қазақмыс» корпорациясы мен «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ны қоса алғанда өндіретін өнімдерінің көлеміне бара-бар. Мәселен ШОБ өнімінің көрсеткіші шамамен 1,3 триллион теңге болса, екі алпауыт кәсіпорындікі – 1,4 триллион шамасында.

ШОБ бүгінде өңірдегі еңбекке қабілетті адамдардың 35%-ын қамтамасыз етіп отыр. Алпауыт корпорациялармен салыстырғанда, шағын және орта бизнес бағаның әлемдік коньюктурасына тәуелді емес. Демек, бұл – өңір экономикасының тұрақты секторы. Жыл басынан бизнестің 4 мыңға тарта жаңа субъектілері құрылса, «Бастау-Бизнес» жобасы арқылы олардың қатары толыға түспек. Сондай-ақ, кәсіпкерлер палатасы жүргізген скрининг нәтижесінде тың жобалардың пайда болатынына да сенімдіміз, – деген Жеңіс Махмұдұлы «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына қайта қаржыландыру мәселесін оңтайлы шешу үшін өзгерістер енгізуде қолдау көрсетуді сұрады Тимур Құлыбаевтан. Аймақ басшысының айтуынша, екінші деңгейдегі банктер қаржыландыруға келгенде осалдық танытуда. Себебі, моноқалаларға бизнесті дамытуға бағытталған бағдарламалар туралы ақпарат жете қоймауымен қатар, банктер жергілікті жерлерде несие үшін кепілге қойылатын мүліктің өтпеуін де сылтау қылады. Мәселен, Қаражал қаласында кейінгі екі жылда «Еңбек» бағдарламасын жүзеге асыруда бір де бір жоба қаржыландырылмаған.

Дегенмен, еліміздің индустриалдық орталығы саналатын Қарағанды өңірінде көмір өнеркәсібі, пайдалы қазбалар, энергетика, қара және түсті металлургиямен қатар, химия, машина құрастыру, ауыл шаруашылығы, туризм де қарқынды дамуда. Мәселен, шағын және орта бизнес саласы ауыз толтырып айтарлықтай. Олардың қатарында құрылыс, сауда, көлік және тағы басқа қызмет түрлері бар. Мемлекет бюджетіне түсетін салық та аз емес. Биылдың өзінде шағын және орта бизнестен түскен салық облыс бюджетінің қоржынын 300 млрд. теңгемен толтырған.

  • Оқу жылының басынан облыстағы 40 техникалық және кәсіптік білім беру орнында, 4 жоғары оқу орнында, 100-ден астам жалпы білім беретін мектептерде кәсіпкерлік негіздері енгізілді. 300-ге тарта оқытушы біліктілік арттыру курстарынан өтті. Кәсіпкерлер палатасының қатысуымен жұмысшы мамандықтарына бөлінетін гранттың көлемі артып, 2018 жылмен салыстырғанда 55%-ға артты, – дейді өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Құлпейісов.

Бұл, өз кезегінде кәсіпорындардағы маман тапшылығын жоюға мүмкіндік бермек. Тимур Асқарұлы да кәсіпорындар жанындағы оқу орталықтары кадр мәселесін шешуге көмектесетінін айтады.

  • Қарағанды облысында осындай 35 орталық бар. Аталған әдістеменің жетістігі – оны бітіргендердің жұмысқа орналасуы. Кәсіпорындар тарапынан да кадрды осындай форматта дайындауға қызығушылық бар. Осы бағытты қолдап, әрі қарай дамыту қажет деп есептеймін, – дейді Төралқа Төрағасы.

«Атамекен» басшысы бизнес-қоғамдастық назарын Қаржы министрлігінің, «Бәйтерек» ұлттық басқару холдингі, «ҚазАгро», «Самрұқ-қазына» порталдарының деректер базасы енгізілген «Сатып алулардың бірыңғай терезесіне» де аударуды ұсынды. Яғни, облыс кәсіпкерлері өз өнімдерімен осы конкурстарға қатыса алады. Ол үшін «Атамекеннен» Индустриалдық сертификатын алып, сатып алулар конкурстарына әлеуетті жеткізуші ретінде қатысу мүмкіндігі бар.

Салтанат ІЛИЯШ

Басқа материалдар

Back to top button