«Торостың» талқанын шығарды
«Сарыарқа» «үйдегі» ойындар сериясын жеңіспен тәмамдады. Дүйсенбі күні Нефтекамскінің «Торосын» қабылдаған қарағандылық клуб 4:2 есебімен жеңіске жетті.
Бұған дейін жерлестеріміз «Қарағанды – Аренада» Төменгі Тагилдің «Спутнигін» (2:1), Пермьнің «Молот-Прикамьесін» (4:3) және Ижевскінің «Ижсталін» (3:1) жерге қаратқан-ды.
«Тороспен» өткен тартыста «сарыарқалықтар» қайтпас қайсарлықтың үлгісін көрсетті. Бұл өзі, тек, шабуылшылар мергендігімен көзге түскен ойын болды.
Бірінші кезеңде-ақ, «Торостың» сапындағы Дубровский қос шайба салып, дубльдің авторы атанған еді. 0:2. Кезең аяқталар тұста біздің шабуылшы Евгений Орлов буллит соққысын қақпаға дөп түсірді. 1:2. Ал, 34-ші минутта Исаак Валицкий есепті теңестірді. 2:2.
Іле-шала тағы сол Орлов «Сарыарқаның» басымдығын арттырды. 3:2.
46-шы минутта шабуылшы Павел Копытин есепті 4:2-ге жеткізді. Сөйтіп, «Сарыарқа» өз айдынында өткен төрт матчта қатар жеңіс туын желбіретті.
Қазір «Сарыарқа» – ЖХЛ турнир кестесінің үшінші сатысында. Қоржында – 81 ұпай. Өскемендік «Торпедо» 87 ұпаймен көш бастауда. Екінші орында – 84 ұпайы бар петерборлық «СКА-Нева».
Енді, «Сарыарқа» Ресейге аттанады. Төрт матчты сыртта өткізеді. Алғашқы қарсылас – Воскресенскінің «Химигі». Қос команда 20 қаңтарда кездеседі.
Нұрқанат ҚАНАФИН