Топжарған
«Тәні саудың – жаны сау» демекші, бойға қуат, ойға шуақ болатын салауатты өмір салтын ұстанғанға не жетсін? Таңертеңгілік жаттығулардан бөлек, спорттың белгілі бір түрімен айналысып қана қоймай, жемісті жетістіктерге жетіп жатсаңыз абырой емей немене? Міне, шығыс жекпе-жегі саналатын «каратэ» сынды спорт түрімен шұғылданып, байрақты бәсекелерде туымызды биіктеткен сайыпқыран жерлестеріміздің бірі – Сергей ЧЕРНОВ.
Талантты жас спортшының халықаралық және әлемдік додаларда топ жарып үлгергенін біреу білсе, біреу біле бермейді. Белсенді өмір ұстанымы бар жерлесіміз қазіргі күні шәкірт тәрбиелеп, жастарды спортқа баулуда. Өзіндік өмір жолын үлгі ете отырып, жастарға табанды еңбек етіп, толайымды тер төккен жағдайда биік белестерді бағындыруға болатынын көрсетеді. Себебі, оның үлгі боларлық жетістіктері де аз емес. Мәселен, ол небары жиырма жасында каратэ спортынан әлем чемпионы атанған Шахтинск қаласының тұңғыш ұланы.
Жүректі жігіттің жеңіс жолына тоқталар болсақ, «Astana OPEN» халықаралық жарысының 6 дүркін чемпионы (2011-2016 жылдар). 2010-2013 жылдардағы ҚР Кубогінің жүлдегері. 2010-2015 жылдардағы ҚР чемпионатында бірнеше мәрте жеңіс тұғырынан көрінді. Бұл аз десеңіз биылғы ҚР чемпионы. ҚР Парламенті сыйлығына орай ұйымдастырылған шығыс жекпе-жегі түрлерінен тұңғыш фестивальдің күміс жүлдегері. «Crystal cup of Taraz» халықаралық жарысының күміс медаль иегері. 2011-2012 жылдары ұйымдастырылған бүкілресейлік турнирлердің жүлдегері. 2013 жылы Польшада өткен командалық Әлем чемпионатында күміс медаль қанжығалады. 2 дүркін әлем чемпионы. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. «Қара белбеу» иегері.
2012 жылы Қарағанды облысының каратэ-до федерациясы басшылығының шешімімен кейіпкеріміз атқарушы директор лауазымына тағайындалды. Ал, 2013 жылы есімі «Үздік жыл спортшысы» ретінде «Жастардың алтын құрмет кітабына» енді. Қарағанды облысындағы каратэ-до спортының тарихына қосқан үлесі үшін Алғыс хатпен марапатталды. Кейін, 2016 жылы «Шахтинск аймақтық барлық стильдегі каратэ федерациясының» негізін қалады.
Рауан ҚАБИДОЛДИН