Руханият

Толағайлар топ жарды

Металлургтер күнінде Қарағанды орталық саябағында алып күш иелерінің бәсекесі өтті. Дені сау болуы үшін спортпен, жаттығумен айналысатын аймақтың белсенді жастары «Кіл мықтыдан кім мықтыны» анықтады. Жастар кір тасын көтеру – ішкі қуатыңды сыртқа шығаруға сеп екенін айтты.

Сурет ұйымдастырушылардан

Алыптар сайысы саламатты өмір салтын насихаттайтын көпсайысты турнирге жалғасты. Шарада қала тұрғындарының денсаулығын нығайту, күш, ептілік және төзімділік сияқты қасиеттерді дамыту көзделген. Сондай-ақ, дене шынықтыруды сымбат сұлулығы мен ақыл-ой үйлесімділігіне қол жеткізу құралы ретінде насихаттау да назардан тыс қалмады. Саламатты өмір салтын қалыптастыруда үнемі дене шынықтырумен айналысуға ынталандыру да көзделген.

Жарыс бағдарламасында кардио-секіргіш, санды үдету, шағын штангамен серпілу және итеру бар.

– Алыптар бәсекесі – саналы өмірінде спортпен айналысатындарды таң қалдыратын қызықты ойын түрлері. Әйгілі Қажымұқан Мұңайтпасұлы, Балуан Шолақ бабамыздың ізін жалғаған нар тұлғалы дарабоздарды танытатын жобаның жаңғыруы – жаңалық.

Жарыста спорт, толқу және достық атмосферасы орнады. Кәсіпқойлар ойынын көру – тамаша естелік, – деп атап өтті қалалық әкімдік өкілдері.

Сондай-ақ, аяқты көтере отырып, диск­пен іш бұлшық етін қозғалту, құм дорбаларын көтеру, кеудені жерден көтеру, кір тасын әр қолмен кезекпен 50 рет итеру де сайысқа ерекшелік сыйлады.

– Балаларымыздың дені сау, көңілді, батыл, епті болып өскенін қалаймыз. Ерте жастан бастап, олар спортқа деген сүйіспеншілікті оятып, өз бетінше дене шынықтыруға, денсаулықты нығайтуға тәрбиеленуі керек. Бұл шара дәл осыған бағытталған, – деп атап өтті қала тұрғыны Ернар Байкенов.

Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button