Білім

«Тілім менің – тірлігімнің айғағы»

Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінде «Тілім менің ғасырларға аманат» тақырыбында Қазақстан халқы тілдері күніне орай мерекелік кеш өтті. Қазақстан халқы тілдері күні 2018 жылға дейін 22 қыркүйекте аталып өтетін. Қазір 5 қыркүйекте. Өйткені, 5 қыркүйек – қазақ халқының тағдыры мен тілі үшін күрескен Алаш арысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Міне, осы себептен 2018 жылдан бастап, Қазақстан халқы тілдері күні қыркүйектің бесінші жұлдызында мерекеленеді.

Кеш қонақтары XX ғасырдағы қазақ қоғамының дамуы мен жалпы қазақ елінің қалыптасуы жолында Ахмет Байтұрсынұлының алатын орнына тоқталды. Туған тіл тақырыбындағы қазақ ақындарының жырларын жатқа оқып, өз өлеңдерін жұрт назарына ұсынған колледж студенттеріне жылы лебізін білдірді.

Тіл – қандай ұлтта, елде болмасын әрқашан қастерлі де құдіретті. Ол әрбір адамға ана сүтімен бірге сіңіп, қалыптасады. Тіл – әрбір елдің жаны. Соның ішінде қазақ тілі – атадан балаға жеткен ұлы құбылыс. Ол талай тарих сынынан өтті. Ғасырлардан-ғасырларға сүрінбей жетті. Дүние жүзіндегі ең бай, бейнелі, таза, өткір, терең, кең тіл ретінде саналады. Қазіргі таңда ана тіліміз жан-жақты зерттеліп, уақыт талабына сай ғылыми үлгіде жүйеленді. Қазақ тілі – қазақ халқының ұлттық игілігі болумен қатар, әлемдік тіл білімі зерттеушілерін қызықтыр­ған көне тарихы бар, кемел тіл ретінде танылуда.

– Ахмет Байтұрсынұлын білмейтін қазақ жоқ. Ұлт ұстазының есімін естігенде бәріміз елжіреп кетеміз. Сөзсіз, Ахмет Байтұрсынұлы –  дара дарын, кемел тұлға. Алашорда және қоғам қайраткері, ағартушы, зиялы, алғашқы журналист, педагог, идео­лог, ғалым деп ұлы тұлғаның сан қырын сипаттап кете беруге болады. Бірақ, бұлардың арасында бәрінен де биік тұратыны – ол Ахмет Байтұрсынұлының ғалымдығы. Әдебиеттану ғылымының негізін салған, теориялық ілімін қалаған ғалым, тіл реформаторы. Ахмет Байтұрсынұлы 1926 жылы «Әдебиет танытқыш» атты іргелі еңбек жазады. Мұнда көркемсөз өнерінің табиғаты, сыры, мазмұны, ерекшеліктері, жанрлары, жаңа терминдер, ұғымдар жайлы жан-жақты зерттеулер, тұжырымдар сөз болған. Осының бәрін шәкірттерге үйретіп келеміз, – дейді шараны ұйымдастырушы, колледждің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Ербұлан Мақатай.

Ахмет Байтұрсынұлының қазақ тіліне, әдебиетіне, журналистикасына, мәдениетіне қос­қан үлесі жайлы және қайраткерлігі мен іскерлігі хақында колледждің қазақ тілі және әдебиеті бөлімінің студенттері жекелеп жоба дайындап, оқырман назарына ұсынды. Сонымен қатар, Ахаңның өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін бейнежазба көрсетілді.

Бұдан бөлек, колледждің ұлағатты ұстаздары да Ахаңның сан қыры жөнінде әңгімелеп, студенттердің сұрағына жауап берді. Тың деректермен бөлісті.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

ҚАРАҒАНДЫ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button