Бас тақырыпБілім

Тіл мәртебесі – ел мәртебесі

Қарағанды қаласында қазақ және ағылшын тілін тегін үйрететін орталық бар. Ашылғанына аз уақыт болған орталықта бір жыл ішінде 1000-нан аса адам тіл үйреніп шыққан. Маманы мықты мекемеден тіл үйренетіндер – түрлі сала иелері. Олардың арасында, әсіресе, мемлекеттік тілді меңгеруге ден қойғандар көп. Бұл орталық тіл үйренгісі келген шәкірттің шырағын жаққан «Шырақ» орталығы деп аталады.

«Шырақ» тілдерді оқыту орталығының ашылғанына көп бола қойған жоқ. 2022 жылдың шілде айында қала әкімдігінің қолдауымен Қарағанды қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене тәрбиесі және спорт бөлімі жанынан ашылған. ҚР «Тіл туралы» Заңын, Қазақстан Рес­публикасында Тіл сая­сатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында орталық өз қызметін бастады.

«Шырақ» тілдерді оқыту орталығында ересектерге мемлекеттік және ағылшын тілі тегін оқытылады. Орталық директоры Саят Тұяқбаевтың айтуынша, мемлекеттік және ағылшын тілдерін үйренуге қызығушылық жоғары әрі жыл сайын тіл меңгеруге ден қойғандар саны көбейіп келеді. Мәселен, былтыр жартыжылдықта ағылшын тілін – 97 адам, мемлекеттік тілді 420 адам оқыған. Биыл 2023 жылдың І, II тоқсаны бойынша мемлекеттік тілді – 367, ағылшын тілін 179 адам меңгерген. Бұл көрсеткіш жыл соңына дейін артатыны белгілі. III оқу тоқсанына жазылған тыңдаушыларға тіл оқыту курстары осы қыркүйек айында басталды.

– Қазіргі уақытта мемлекеттік тілді үйренуге деген қоғам қызығушылығы артып келеді. Бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желіде орталықтың курс­қа шақырған жарнамасын көріп, көптеген адам тіл үйренуге келіп жатыр. «Тіл меңгеремін» деп келген тыңдаушылардың ынта-ықыласы жоғары. Әрбір қатысушы оқыту сабақтарын жіберіп алмауға тырысады. Негізі тілді оқыту бес деңгей бойынша жүзеге асырылады. Сондай-ақ, орталықта тілді оқытудың қысқа мерзімді курстары да ұйымдас­тырылады. Әрине, шет тілін үйрену жастар үшін маңызды, дегенмен, өзге этнос өкілдерінің мемлекеттік тілді үйренуге қызығушылығы көңіл қуантады. Жалпы орталықтың оқу жоспары бойынша жыл соңына дейін мемлекеттік тілден – 550 адам, ағылшын тілінен 250 адам оқытып шығару жоспарланған, – деді орталық директоры Саят Тұяқбаев.

Тілді үйренгісі келген қоғамдағы ынталы топтың ыңғайына сай былтыр М.Әуезов атындағы кітапхана бөлімдерінен, Сұрыптау станция­сындағы мәдениет сарайынан, Таир сауда үйінен оқыту кабинеттері ашылып, курстар ұйымдастырылған. Биыл да осындай жүйелі жұмыстар жасалады дейді орталық мамандары.

Орталықтан мемлекеттік тілді және ағылшын тілін оқыған тыңдау­шылар мен тіл үйренуге енді келіп жатқан адамдардың жас ерекшеліктері әр түрлі. Мәселен, мұнда 18-дегі жастар да, орта жастағы адамдар да, тіпті, зейнеткерлер де бар екен. Олар өз қалауымен тіл үйренуге ден қойған. Осыған дейін жекелеген адамдар, білім беру ұйымдары қызметкерлері, балабақша тәрбиешілері, зейнеткерлер, жеке кәсіпкерлер, жауапкершілігі шектеу­лі серіктестік және әскери бөлім қызметкерлері қызығушылық білдірген.

– Курстар арнайы әзірленген бағдарлама бойынша оқытылады. Ересектерге тілді үйрету оқытушылар үшін үнемі шығармашылық жұмысты талап етеді. Бізде жұмыс істейтін оқытушылар өз саласының мықты мамандары. 2022 жылдың тамыз айында облыстың орталық оқытушылары арасында өткен байқауда «Шырақ» тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Әсия Смыкова байқаудың бас жүлдесін иеленді. Биыл Әсия Даниярқызының «Сөздерді оңай жатта» сөздігі Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл – қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының қолдауымен «Тіл әлемі» сайтының кітапханасына орналастырылды. Сонымен қатар, жыл барысында Ж.Жақанның, Л.Есенбаеваның, Ә.Смыкованың тілді оқыту шеберлік сабақтары ұйымдастырылып, тәжірибе алмасу семинарлары өткізілді, – деді орталық директоры.

Орталықтың жас мамандарының ұйымдастыруымен мемлекеттік тілді «Үйде сөйле» жобасы қолға алынып, арнайы оқыту бағдарламасы жасалып, курс жұмыстарын аула клубтарында ұйымдастыру жаз айларында іске асқан. «Саябақтағы сабақ» жобасы жоспарланып, аптасына бір рет курс тыңдаушыларымен қаланың түрлі тарихи орындарында ашық сабақтар өткізіледі.

Жалпы деңгейлеп оқыту бағдарламасының курсы аяқталған соң курс тыңдаушыларына орталық сертификаты беріледі.

Орталық өзінің негізгі қызметінен бөлек, қала бойынша тілге қатысты мәдени іс-шараларды ұйымдастырады. Сондай-ақ, қала көшелері мен сауда үйлеріндегі көрнекілік ақпараттар мен жарнамалардың мемлекеттік тілде сауатты жазылуына әдістемелік көмек көрсетеді. Бүгінде қала ішіне қатынайтын қоғамдық көліктердің мониторынан тіл үйрету бейнероликтерін байқаған боларсыз. Бұл тілдерді оқыту орталығының «Қазақ тілін жолда үйренеміз» атты жобасы. Мұндай жоба алдағы уақытта әуежай, вокзал, автовокзалда да жалғасын табады дейді орталық мамандары.

Сонымен қатар, «Шырақ» тілдерді оқыту орталығының бастамасымен мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, тіл саясатын жүзеге асыру мақсатында түрлі шаралар өткізіліп отырады.

Гүлнұр Серікжанқызы,
«Ortalyq Qazaqstan»

ҚАРАҒАНДЫ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button