Жаңалықтар

Тентек бала қайдан шығады?

Қоғамда өскелең ұрпақты психологиялық-педагогикалық сүйемелдеуге ерекше көңіл бөлінеді. Осы орайда Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша аймақтардағы білім басқармалары жанынан «Психологиялық қолдау орталықтары» ашылды. Бұл балалардың психологиялық әл-ауқатын нығайтып, ата-аналарға кеңес беруге, педагогтарға әдістемелік көмек көрсетуге бағытталған. Облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденейдің қатысуымен өткен жиында балалардың құқықтарын қорғау жөнінде сөз болды.

Қарағанды облысы полиция департаментінің ювеналды полиция бастығы Әсел Омарова бала құқықтарын қорғау мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі екенін атады.

– Облыс бойынша кәмелет жасына толмағандар арасындағы қылмыс 12 пайызды құрап отыр. Көп жағдайда толық емес отбасынан шыққан балалар қылмысқа барады. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың өсуіне ата-аналардың баланы қараусыз қалдыруы, құқықтық сауаттың төмендігі және жасөспірімдер үшін бос уақытты ұйымдастырудың болмауы себеп. Кәмелетке толмағандарға алкогольді ішімдіктерді, темекі өнімдерін өткізу, заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде және тұрғын үй-жайлардан тыс жерде болу фактілері анықталды. Олқылықтарды жою мақсатында жыл бойы 2000-нан астам лекция өткізіліп, 400 рейд жүргізілді. Жасөспірімдердің ата-аналарымен тиісті жұмыстар қолға алынып, заңға сәйкес тұрмысы нашар отбасы балалары есепке алынады, – деді Әсел Омарова.

Департамент өкілдерінің айтуынша, соңғы жылдары еліміздегі балалардың жағдайын жақсартуға бағытталған заңнамалық актілерге бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. «Әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы» Заң – балаларды қорғаудағы маңызды қадам. Заңда балалардың құқықтарының бұзылуын анықтау, жедел ден қою, жазалау және көмек көрсету көзделген.

– Жоспарлы кешенді жұмыс­тар, іс-шаралар, кәмелетке толмағандармен профилактикалық жұмыстар жалғасады. Әкімшілік жауапкершілікпен қатар, ата-ана да жауапкершілігіне алуы тиіс. Балаларды, оның ішінде, заңсыз әрекеттер жасағандарды бос уақытта спорттың әр түріне тартуды жалғастыру керек. Осы орайда басқарма басшылары жасөспірімдерге қатысты барлық жағдайды бақылауда ұстауы тиіс, – деді Әлібек Әлденей.

Жиында бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл Ирина Киселева балалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің негізгі кепілдіктерін қамтамасыз етудегі мәселелерге тоқталды.

– Балалар құқықтарына қатыс­ты әрбір жағдайды жеке бақылауымда ұстаймын. Мемлекеттік органдармен байланысым үйлесімді. Бүгінде жасөспірімдер мәселесінде жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасына (асырап алу, қорғаншылық, қамқоршылық, патронат, баланы қабылдайтын отбасы) орналастырудың баламалы нысандары дамуда. Заңда жетім балалардың отбасылық құрылымының жаңа нысаны-интернаттық мекемелерге балама болып табылатын баланы қабылдайтын кәсіби отбасы енгізілді. Бұл отбасыларға интернат мекемесін айналып өтіп, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар жіберіледі. Бұл отбасылардың негізгі міндеті – қорғаншылық және қамқоршылық органдарына балаларды туған отбасыларына қайтаруға, ал, мұндай мүмкіндік болмаған жағдайда қазақстандық азаматтардың отбасыларына орналастыруға ықпал ету, – деп атап өтті Ирина Киселева.

Сондай-ақ, жиында облыстық білім басқармасының басшысы Гүлбақыт Жүнісова кәмелетке толмағандарды қудалау (буллинг, кибербуллинг) үшін жауапкершілік белгіленгенін, бұл ескертуге немесе 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғатынын атады.

– Қазіргі таңда қоғамдық көліктен балаларды мәжбүрлеп түсіруге тыйым салу – маңызды түзету. Бұл әрекет үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген. Балалардың құқықтарын қорғау қызметін қорғаншылық және қамқоршылық органдарының 41 маманы жүзеге асырады, – деді Гүлбақыт Жүнісова.

Жиында Теміртау, Саран қаласының өкілдері кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау барысында жүргізген жұмыстары жөнінде есеп берді.

Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button