Білім

Тегеуріні мықты тіл

Тіл – адамның қоршаған өмір туралы білімін сақтаумен бірге, жаңа ақпаратты қабылдайтын, ойлау процесін жетілдіретін қатынас құралы. Дүниежүзі бойынша 7000-нан астам тіл бар екен. Әрбір тілдің қалыптасу тарихы мен өзіндік ерекшелігі бар. Тілсіз қоғам жоқ. «Адамға екі нәрсе тірек тегі. Бірі – тіл, бірі – дінің жүректегі», – деп Жүсіп Баласағұн атамыз айтқандай, кез келген мемлекеттің ең негізгі тарихы да, рәмізі де, ұраны да сол елдің ана тілі болмақ.

 

Тіл – мемлекеттің тұғырлы тірегі. Ұлттың болашағы – ана тілінде. Осы орайда өзімнің ана тілім, баба тілім – қазақ тілі жайлы сөз қозғағым келеді. Себебі қазақ тілі – сан ғасырлық тарихы бар, көркем әрі оралымы бай тіл. Оның еңсесі биік, қанатын кеңге жайған, таза, тарихы тереңде жатқан, болашағы жарқын да баянды тіл екендігі туралы ата-бабамыз нақты мәліметтер келтірген. А.Байтұрсынұлының: «XX ғасырға дейін түріктің тілін аздырмай асыл қалпында алып келген, тіл турасындағы абырой мен алғыс қазаққа тиісті» деген сөзінен-ақ тіліміздің құндылығын көре аламыз.

Қазақ тілі – батыс түркі тілінің қыпшақ тармағына жатады. Бұл тармаққа: қарақалпақ, ноғай, татар, башқұрт, қырғыз, балқар, құмық және тағы да басқа тілдер жатады. Сондықтан түркі тілдес халықтардың тілдері ұқсас болғандықтан, көп жағдайда бір-бірімізді түсініп, сөйлесе аламыз.

Біздің қазақ тіліміз – бай тіл. Әліпбиіміздің өзінде 42 әріп бар. Этностық неміс, орыс және қазақ тілдерінің білгірі Герольд Бельгер қазақ тілінің 10 томдық түсіндірме сөздігіне 2 миллион 550 мың сөз енгенін жазады. Ойлаңызшы, бір тілде 2 миллионнан астам сөз! Тіпті, Шекспир мен Байронның барлық туындыларын қоса алғандағы сөздер саны 15 мың сөз болса, қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезовтың «Абай жолының» бір ғана кітабында қазақ тілінде 17 000 сөз қолданылған. Әйгілі шығыстанушы әрі түркітанушы В.Радлов: «Мен әлемдегі тілдер ішінен үш тілді ұлы тұтамын. Олар – орыс тілі, француз тілі, қазақ тілі», – деп жазады. Осыдан-ақ, қазақ тілінің түркі тілдері арасында ең бай тіл екенін барлық зерттеушілер мойындағанын байқаймыз.

Қазақ тілі – икемді тіл. Үйрету жағынан орыс, неміс, француз және ағылшындікінен оңай, оңтайлы. Қалай исең, солай иіле береді. Тіліміз жайлы тізе берсек, шегіне жете алмаспыз. Менің ана тілім – шексіз бай, тегеуріні мықты тіл. Өмірдің сан қырын, абзал сырын түсіне білуіме басты себепкер – ана тілім. Мынау жарық дүниеге келгеннен бастап, анамның салған әлдиімен бойыма сіңіріп келе жатқан тілім – мен үшін ең қастерлі, ең қасиетті қымбат тіл. Өйткені, ол ата-бабамыздан мирас болып келе жатқан баға жетпес мұра. Қадіріне жете білейік…

Гүлдана АЯЗБАЕВА,
№6 ЖББ мектебінің 8-сынып оқушысы
ҚАРАҒАНДЫ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button