Театр тарланы
…Сахна сырты. Грим бөлмесінен шыққан Махмут дауысын жуандатып, жаттығып жүр. Жанары оттай жанып, қабағы түксиіп түнеріп алған. Сауытты, мұздай қарулы. Өйткені, ол бүгін Ер Жәнібектің рөлін сомдайды. Қалижан Бекқожиннің әйгілі «Ұлан асу» шығармасы сахналанады. Сабыры қашып, шымылдықтың шетінен бір сығалап алды. Көрермен ат төбеліндей ғана жиылған. Аз болса да талғам таразысы биік. Бірақ, жалындап тұрған жас әртіс үшін жалғыз көрермен де ормандай боп көрінеді. «Алматыдан оқып келген талантты жас басты рөлдің бірін сахналайды екен», деген елдің ауызекі жарнамасына біршама жұрт жиылып жатыр. Қол-аяғы дір, жүрегі зыр қағып тұрған Махаң бір кезде ойын кідіртіп, бойын жинап алды. «Мен баһадүрдің рөлін сомдағалы тұрмын. Қобалжып тұрғанымды ел ішкі демімнен де сезеді. Жаудан, даудан қаймықпаған Жәнібек көрермен алдында көңілі неге кібіртіктеу керек?! Жи, есіңді!», деп өзін қайрап-қайрап, қамшылап алған. Сол шыққаннан бір деммен образын ойдағыдан да отты, бойдағыдан да батыл алып шыққан оны патша көңіл көрермен ыстық ықыласпен, құрмет-қошеметпен қабылдады.
Содан бері Махмут Айдапкелұлының жанына батыр мен бидің рөлі жақын. Міне, сахнадағы жарты ғасырлық ғұмыры мен өзінің жетпіс жас мерейтойы қатар келді. Бұл белеске болмысы біртоға әртіс әрлі әрі әлді жетті. Әрлі дейтініміз, әлі де сахна биігінен түспеді. Әлді дейтініміз, омырауына таққан мемлекеттік марапат елу жылғы еңбектің өтеуі.
Қасиеттің топырақтан даритыны даусыз. Шың-құзы көкпен таласқан Тарбағатайда туған талант. Үржар үкілеген үміт. Алатау қанат қақтырған қыран. Ал бүгін Арқа театрының «Қобыландысы».
…Өнерге үш қайнаса, сорпасы қосылмаған қойшының шаңырағынан шын талант шыға ма? Шығады екен. Бала Махмут әуелі өлеңге, одан соң ән айтуға әуестенді. Әсіресе театрға қадамын Алматыдан бастайтынын білді ме, «Алатауды» шабытпен шырқайтын. Ақыры «Алатау» әні өнер асқарына алып шықты. Сәйкестік демей көріңіз…
Бала Махмуттың талантын жазбай таныған ұлағатты ұстазы Тұяқ Әбдірелиұлын әулие дерсіз. Неге дейсіз ғой? Тұйық баланың қарақаттай көзінен өнерге деген іңкәрлікті аңғарған ол «Сен үлкен әртіс боласың», дейді екен. Мұғалімі сахнаға бойын үйретті. Ән мен жырға баулыды. Қой бақтырмай, сахналық қойылымға шығарды. Қысқасы, айтқаны айдай келді. Махмут ағамыздан кім барып әңгіме сұраса да, әуелгі әліппесі – осы. Иә, ұстазын ардақтау – ұлағат!
Қош! Сөйтіп, жіптіктей жігіт арманын асқақ етіп Алматыны бетке алады. М.Әуезов атындағы академиялық театры жанындағы өнер студиясына топ ете қалған оның сахнаның сиқырлы, театрдың тылсым әлеміне терең бойлай бастаған кезеңі осы еді.
Әйгілі Әуезов театры. Түске дейін оқу, ізденіс. Түстен кейін театрдың массовкасына шығады. Әнуар Молдабеков, Асанәлі Әшімов, Тұңғышбай Жаманқұлов секілді театр саңлақтары сомдаған «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қара қыпшақ Қобыланды» атты классикалық қойылымға қатысып, «әй» деп айтқан бірауыз сөзін әйбат көріп жүрген кезі бұл күндері сарғайған сағынышқа айналған. Сахнаға елеусіз бір эпизод үшін шықса да, Алматыдағы жерлестерін түгел жинаған албырт шағына қазір аң-таң.
Сөйтіп жүріп Махаң өнер студиясындағы опера вокалында оқып жүрген Нұржібек Жансүгірованы кезіктіреді. Иә, фамилиядан жаңылған жоқсыз. Кәдімгі біртуар тұлға, қазақ жырының Құлагері Ілияс Жансүгіровтің бауырының қызы. Сол кезден бастап сөз байласып, қол ұстасқан қос әртіс әлі күнге дейін бірге. Алып бәйтерекке айналды.
…Өнер студиясын ойдағыдай тәмамдаған екеуі Арқа жеріндегі Сәкен театрына жолдамамен келеді. Қоңыр шабаданмен қоныс аударған оларға Қарағанды сұрықсыз қала еді. Алматыдағы ағаларының «Театрға жаңа леп апарыңдар, елдің рухын көтеріңдер!» деген аманатын арқалап келген олар аз-маз уақыт еңбек етіп, елге қайтуды жоспарлаған еді. Алайда Арқаға судай сіңді.
Талантты жұп сол кездегі театрдың көркемдік жетекшісі, талантты режиссер Жақып Омаровтың ғана емес, шығармашылық ұжымның олжасы болды. Бұл 1976 жыл еді. Содан не керек, жұлдызды жұп еңбек етеді. Елдің назарын ерекше аудартқан да екеуі еді. Бірнеше шоқтығы биік спектакльдердің жауапты рөлін қатар сомдайды. Дулат Исабековтің «Әпкесінде», Тахауи Ахтановтың «Махаббат мұңында» деген секілді. Міне, театр табыстырған таланттардың шаңырақ көтергендеріне де жарты ғасырға жуықтапты. Театрда да – театр, үйлерінде де – театр. Махмут ағамыз үшін ең өткір сыншы ол – асыл жары Нұржібек Жансүгірова. Өзі осылай дейді. Дастарқан басында бір-бірінің образын, шеберлігін, кемшілігін талқылайды. «Екеуміз қандай да бір жетістікке жетсек, онда ортақ еңбек, ортақ ізденіс жатыр», – дейді театр тарланбозы.
Сөйтіп, өнер жолының азабын да, ғажабын да қатар тартып келеді. Үлкен ұлдарының есімі не себепті Жәнібек қойылуы түсінікті шығар. Үздік сомдаған образын қатты құрметтегендіктен. Мұнда тек образға ғана емес, театрға, жалпы өнерге деген шексіз махаббат жатыр.
…Сол Жәнібек ұлдарын тоғыз айлығында Тарбағатайдағы үйлеріне апарып тастайды. Өздері – үнемі гастрольдік сапарда. Елдің түпкір-түпкірін аралап жүрген шақ. Сөйтіп, балалары бір жарым жасқа келгенде, елдеріне жазғы демалысқа қайтады. Артынып-тартынып келе жатқан екеуі аулада ойнап отырған балаларын танымай өтіп кеткен көрінеді. Сонда қайран, шеше ғой, кері адымдап, бала Жәнібегін жанарынан таныпты. Міне, осындай ауыртпашылықтың бәрінен өтті. Өнер үшін, руханият үшін, театр үшін.
Екінші ұлы Әлібек шыр етіп өмірге келерде, театрдың қалың әртісімен кезекті гастрольдік сапарға кетіп бара жатқанында сүйінші хабар жетеді. Сол жерде әріптестері тілдей қағазға өздеріне ұнайтын есімдерді жазып, жеребе тастайды. Сонда әкесінің қолына Әлібек деген атау түседі. Өмірінің әр жарқын сәттері де, жабыққан кезеңдері де театрмен тығыз байланысты.
Ұлдары театрда жүріп, ержетті. Жәнібек Садықанов – Қазақстан Журналистер одағының облыстық филиалын басқарады. Облыстық «Saryarqa» телеарнасы директорының орынбасары. Әлібегі жоғары оқу орнын үздік аяқтады. Дипломымен жұмыстың ізіне түспеді. Дегенмен, ол өзінің жеке кәсібін дөңгелетіп отыр. Немеренің маңдайынан маңғаздана сүйген ата мен әженің қазіргі маңызды қызметі – соларды бағып, қағу. Әрине, бұдан асқан мәртебелі қызмет жоқ!
Жақында ғана Махмут Садықановтың кеудесінде «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік марапат жарқырады. Лайықты құрмет! Әртістің өнер жолына зер салсақ, атақтың, марапат пен мансаптың ізіне түспеген екен. 2000 жылы «Мәдениет қайраткері» құрмет белгісімен марапатталыпты. Міне, жетпіс жастың желкенін кергенінде есімі ардақталып жатыр. Мерейтойының құрметіне орай 15 желтоқсан, сағат 16:00-де Сәкен театрында Махмут Айдапкелұлының «Бел-белестер» атты шығармашылық кеші өтеді. Тарбағатайда туып, Алатаудан түлеп, Арқаға келіп, театр тарланбозына айналған Махаң көрерменімен қауышады.
Жетпістің жотасына жол тартқан таланттың көзінен осы бір өмірдің өзін аңғардық. Өйткені, оның бетегеден биік, жусаннан аласа күн кешкен кемел болмыстың иесі.
Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
Ortalyq.kz