Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев келер жылы 100 жылдығын атап өтетін Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының көркемдік жетекшісі, КСРО және Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімовпен және театр директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Жуасбекпен кездесіп, ғасырлық той қарсаңындағы ұжымның еңбегіне сәттілік тіледі.
– Театрдың өңірімізге келуі – айтулы оқиға. Біз өнерлеріңізді мақтан тұтамыз және жетістіктеріңізге қуанамыз. Барлық спектакльдерде аншлагтар болатынына сенімдімін, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Қонақтарды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рымбала Омарбекова, Сәкен Сейфуллин атындағы театрдың жетекші әртістері Кеңес Жұмабеков, Қайрат Кемалов қарсы алды.
1926 жылы шымылдықты алғаш рет ашқан М.Әуезов атындағы Қаздрамтеатр өз тарихында түрлі кезеңнен өтіп, ұлттық өнердің нышанына айналды. Бүгінде бұл – басқа ұжымдар үлгі тұтатын театр мектебі.
– Қарағандының маған бөтендігі жоқ. Бірнеше рет қарағандылық театрлар сахнасына шығып, гастрольдік сапармен келдім. Қарағандыда да жақсы театр мектебі бар. Жалпы, театр – халыққа ең жақын өнер түрі. Біздің әрбір жұмысымыз – көрермендер алдындағы шығармашылық есеп. Жылдар бойы мен аға әріптестерімнің шеберлігін бойыма сіңірдім. Олардың бірі – Қали Байжанов. Мен осындай шеберлерден үйренгеніме қуаныштымын. Қазір білімімді жастармен қуана бөлісемін, – деді Асанәлі Әшімов.
Театр директоры Еркін Жуасбек Қарағандыға ұжым үлкен труппамен, яғни, 70-ке жуық адаммен келгендерін айтты. Оның 40-ы – актерлер. Өздерімен бірге спектакльдерге декорациялар мен бірегей көрме әкелген.
– Қарағандыда театрға қолдау жоғары. Мұнда өтетін фестивальдерге көп театрлар қатысқысы келеді. Бұл – тек жеңіс үшін емес, тәжірибе алмасу үшін қажет. Өзімізбен бірге қойылымдардың декорацияларын, сондай-ақ, театр мұражайының бірегей көрмесін алып келдік, – деді Еркін Жуасбек.
Қонақтар сондай-ақ, заманауи театрға қатысты өз ойларымен бөлісті.
Өз тілшімізден
Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ