Театр маусымы ашылды
Биыл К. Станиславский атындағы Қарағанды мемлекеттік орыс драма театрының 87-ші маусымының ашылуында театр әртістері «Бар әлем рампа түрінде» атты көңілді перфоманс ұйымдастырды.
Аспанға 87 әуе шарлары ұшырылып, театр өзінің жаңа маусымын «Ревизор» қойылымымен ашты. Жиында театр жетекшісі Дунай Еспаев алдағы жоспарлармен бөлісті.
– Жаңа маусымда көрермендер назарына бес премьера ұсынбақпыз. Олар – А.Чеховтың «Шие бақшасы» комедиясы, атақты испан драматургы Лопе де Веганың «Ақымақ қыз» комедиясы, американдық драматург Н.Саймонның «Ақымақтар» атты қойылымын бізге келген әзірбайжандық режиссер Микаил Микаилов қояды. танымал қазақстандық режиссер Қуандық Қасым «Федраны» ұсынбақ. Сондай-ақ, балалар үшін «Бақа ханшайымы» ертегісін қою жоспарда бар, – деді Дунай Еспаев.
Қыркүйек айында театр көрермендеріне «Где? В Караганде!», «Стена живых», «Приключения незнайки и его друзей», «Звезда по имени…», «Моя парижанка» қойылымдарын ұсынбақ. Оған қоса 20-26 қыркүйек аралығында театр ұжымы Алматы, Петропавл қаласына гастрольдік сапармен барады. Йошкар-Ола, Буинск (Ресей), Белград (Сербия) және Анталиядағы (Түркия) театр фестивальдеріне де қатыспақ.
Өз тілшімізден.
Қарағанды қаласы.