Бас тақырыпКоронавирус

Тауар жеткізуде іркіліс жоқ

Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларынан басқа шаһарлардағы ірі сауда орындары 23-ші наурыздан бастап, күшейтілген дезинфекциялық тәртіпте жұмысын қайта жандандырды. Қарағандыдағы сауда нысандарындағы тазалық пен сауданың жай-күйі қалыпты деңгейде.

Қарағанды қаласындағы «Таир», «ОӘД», «Абзал», «City Mall» сынды ірі сауда үйлерінің есігі тұтынушыларға қайта ашылды. Дегенмен, олардағы супермаркеттер желісінің жұмыс уақыты сағат 10.00-ден 20.00-ге, ал, киім бутиктері мен басқа да тұрмыстық тауарларды саудалайтын нүктелердің жұмыс істеу тәртібі сағат 10.00-ден 18.00-ге дейін шектелген. Жоғарыда аталған сауда үйлерінің барлығында дезинфекция шаралары күшейтіліп, кіреберіс орындарға антисептикалық сұйықтық құйылған зарарсыздандыру құралдары орнатылған. Бұл сақтық шараларының сатушыға да, тұтынушыға да қажет екені белгілі. Сондықтан, шаһардың ірі сауда нысандарында барлық негізгі талаптар сақталған. Ал, тазалықтан саудаға ойыссақ, жоғарыда айтылған сауда нысандарындағы супермаркеттер мен облыстың барлық аймақтарындағы дүкендер қажетті тауарлармен жеткілікті жағдайда қамтамасыз етілген. Өйткені, Қарағандыдағы тұрақтандыру қорында қарақұмық жармасы, күріш, өсімдік майы, шекер, ұн сияқты әлеуметтік маңызы жоғары өнімдер жеткілікті және кәсіпорындар азық-түлік тауарларын тұрақты өндіріп, қалыпты жұмыс істеп тұр. Сондықтан, халық алаңдамаса да болады.

Жалпы, еліміз киім-кешек, машинажасау саласының өнімдері мен электроникалық заттардың басым бөлігін шетелден импорттайды. Ал, коронавирус дертінің өршуі мен мұнай бағасының құлдырауы әлемдік экономика мен ішкі нарықтың тұрақсыздығын тудырып, бизнеске де, тұтынушыға да елеулі әсер етері анық. Дәл қазіргі жағдайда Еуропаның ірі жүк порты Роттердамда COVID-19 індетінің кесірінен ай сайынғы тауар айналымы 2 млн. тоннаға азайып кеткені туралы inbusiness.kz сайты ақпарат жариялады. Ал, әлемдік экономиканың 90 %- ы теңіз тасымалына тәуелді болғандықтан, бұл көрсеткіштің көңіл қуанта қоймасы анық.

Импорттық тауарлардың 60 %-ға жуығын Ресей, Қытай, Оңтүстік Корея елдерінен аламыз. Ал, ол мемлекттер індетті ауыздықтап отыр. Елімізге дәрідәрмек, текстиль мен киім-кешек тауарларын басты экспорттаушылардың бірі және жаһандық сауда-саттық байланысымызда 7-ші орында тұрған Түркия елімен қазіргі жағдайдағы сауда-саттық қарқынын білу мақсатында Алматы қаласындағы халықаралық логистика компанияларының бірімен хабарластық.

«Түркияның Стамбул қаласынан тасымалданатын киім-кешек, текстиль, тұрмыстық заттар секілді тауарларды елімізге автомобиль көлігі арқылы жеткізу мерзімі 14 күннен 25 күнге дейін ұзарды. Әуе көлігі арқылы тасымалдау да бәсеңдеді. Оған басты себеп – Еуропа елдерінде коронавирус пандемиясының өршіп, шекарадағы өткізу бекеттерінде бақылаудың күшеюі. Сонымен қатар, Түркиядағы жүктерді реттейтін қоймалар мен құжаттарды рәсімдейтін кеңселер жұмысының уақыты шектелгені тағы бар» – дейді «CARGOS KAZAKHSTAN» логистикалық компаниясының директоры Маргарита Есқараева.

Қазақстан әлемдік елдермен жолаушылар тасымалын шектегенмен, шекарадан қажетті импорттық өнімдерді еш кедергісіз кіргізуде және біздің басты сауда серіктестеріміздің бірі Қытай елінде зауыттар мен фабрикалардың жұмыстары қайта жандана бастады. Оған дәлел, көрші елдегі Volvo зауытының іске қосылуы. Сондықтан, қат дүниеге деген кіріптарлықтың туындамасы анық.

Құрманғазы ӨТЕБАЙ

Басқа материалдар

Back to top button