Тасқынның екінші толқыны бар
Облыстағы жағдайды Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны кезеңінің салдарын жою жөніндегі республикалық штаб басшысының орынбасары, вице-премьер Қанат Бозымбаев пен Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Аринов тексеріп қайтты. Жағдайды әуеден бақылап, өңірдегі өзен алаптарын тексерді. Өңірде су тасқынының екінші толқыны болжануына байланысты, жағдай күрделі деп бағалануда. Атап айтқанда, Нұра, Осакаров аудандары аумақтарының 40 пайызы және Ақтоғай ауданының солтүстік бөлігі қар астында жатыр.
Шығын толық өтеледі
Бүгінде төтенше жағдайлардың алдын алу үшін су тасқыны қаупі бар аудандарға азаматтық қорғау қызметінің қосымша күштері мен құралдары тартылды. Бөгеттер нығайтылып, жергілікті атқарушы органдар мен қызметтер техникамен қамтамасыз етілген.
Қанат Бозымбаев төтенше жағдай режимі жарияланған Шет ауданындағы жағдаймен де танысты. Аталған ауданның Қайрақты, Ақсу, Красная Поляна, Деріпсал ауылдарында 40 үйге су кірген. 292 адам құтқарылса, оның 114-і – бала. Жағдайдың біршама тұрақталуына байланысты бірқатар тұрғындар үйлеріне оралды.
Одан бөлек, Қанат Бозымбаевқа су тасқынының ауыр салдарының алдын алу үшін қабылданған шаралар туралы баяндалды. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, ең қиын кезең 29-30 наурыз аралығында болған. Қазір су қоймасы күшейтілген режимде.
– Нұра мен Шерубай-Нұраның бас жағында қардың тез еруі басылды. Қар қалың емес. Нұра өзеніне қосылып жатқан артық су байқалмайды. Қарқаралы және Бұқар жырау аудандары аумақтарында су тасқынының шарықтау шегі өтті десе де болады, – деді облыстың төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Мұрат Қатпанов.
Штаб басшысының орынбасары Шет ауданының зардап шеккен тұрғындарымен кездесу барысында су тасқынынан келген барлық шығынды комиссия бағалап, толық өтелетінін атап өтті.
– Мемлекет басшысы су тасқыны зардаптарын барынша азайтуды және бірінші кезекте, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды. Комиссия барлық үйді тексереді. Көмек көрсетіледі, мүлік қалпына келтіріліп, өтеледі. Егер үй жарамсыз деп танылса, жаңасы салынады немесе екінші нарықтан басқа баспана сатып алынады, – деді ауыл тұрғындарына Қанат Бозымбаев.
Қазір штабтың басты назарында – Нұра өзенінің алаптары. Облыс әкімдігі қауіптің алдын алу мақсатында тиісті шаралар қабылдап жатыр.
Құзырлы орган тәулік бойы кезекшілікте
Облыстың төтенше жағдайлар департаментінің мәлімдеуінше, облыстағы гидротехникалық құрылыстар штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Одан бөлек, толып кетпес үшін олардан су жіберіліп те жатыр.
Өңірдегі Самарқанд, Ынтымақ, Шерубай-Нұра сияқты ірі су қоймаларында судың ұлғаюына байланысты Абай, Бұқар жырау және Нұра аудандарының Нұра өзенінің төменгі ағысында орналасқан 28 елдімекенде және Ақтоғай ауданының 2 елдімекенінде және Қарағанды қаласында қапшықтарды төсеу, инертті материалдарды төгу және қорғаныс біліктерін нығайту шаралары жүргізілген.
Бүгінде 720 адам, 202 техника, 24 мотор сорғысы, 1 «Xingtai» тіркемелі сорғы станциясы жұмылдырылған. Су тасқыны басталғалы 245 912 текше метр су сорылды. 1131 тонна инертті материал, оның ішінде, тәулігіне 223 тонна инертті материал құйылды.
Төтенше жағдайлар департаменті мен жергілікті атқарушы орган қызметкерлері су басу қаупі бар аймақтардың жағдайын бақылау үшін тәулік бойы кезекшілікте.
Төрт бағытта жол жабық
Қарағанды облысында эрозияға, жол жамылғысының жыртылуына және еріген судың жол жиегінен асып кетуіне байланысты 4 жол учаскесі жабық. Атап айтқанда, Ақтоғай ауданы, облыстық маңызы бар «Ақтоғай-Нұркен» автожолының 57-ші шақырымында жолды шайып кеткен. Одан бөлек, осы аудандағы «Нарманбет-Қошқар» бағытындағы тасжолының 86 шақырымында Ақтайлақ өзеніндегі су деңгейінің көтерілуінен жол бөлігі шайылып кеткен. Қошқар ауылы мен Айыртас ауылына апаратын жолдар жабық. Елдімекендерге қауіп төніп тұрған жоқ.
Нұра ауданында жергілікті маңызы бар автомобиль жолының Балықтыкөл ауылынан «Шахтинск-Қайнар-Нұра» тасжолына дейінгі 20 шақырымында еріген қардың қарқынынан су тасқыны орын алды. Жол учаскесі жабық. Ұлытау облысындағы Жаңаарқа ауданы арқылы өтетін айналма жол бар.
Сондай-ақ, Шет ауданы, Нұраталды ауылы, Шопа ауылына кіреберіс жол жабық. Шерубай-Нұра өзенінде су деңгейі көтерілген. Соның салдарынан су тасқыны орын алды. Шопа ауылына жол жүру шектелген.
Төтенше жағдайлар департаменті базасында су тасқынына қарсы штаб тәулік бойы жұмыс істейді. Телефоны: (8-7212) 51-11-10.
Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz