Тасқын қаупі сейілді
Қарағанды облысы көктемгі су тасқынына тастүйін дайын. Қызыл судың алдын алу бойынша қыруар жұмыс атқарылды. Соның нәтижесіне, ауыл-аймақты су басу қаупі сейілді. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Ермағанбет БӨЛЕКПАЕВ пен төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Ибрагим КҮЛШІМБАЕВ баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
– Аймақта тасқын судың елді мекенге немесе автокөлік жолдарына қауіп төндіру оқиғасы тіркелген жоқ. Биыл қардың мөлшері жылдағыдан әлдеқайда көп болды. Дегенмен, қолайлы ауа-райы мен дер кезінде жүргізілген дайындық жұмыстары су басу қаупін азайтты. Қазір жағдайды бақылауда ұстап отырмыз. Космомониторингтің мәліметінше, облыс аумағының 10%-да әлі де қар жамылғысы бар. Атап айтқанда, Осакаров ауданының солтүстігінде, Нұра және Бұқар жырау аудандарының аумағында. Әйтсе де, олар аймақтағы тасқын судың көлеміне айтарлықтай әсер етіп отырған жоқ, – деді Ермағанбет Қабдулаұлы.
Бұдан бөлек, ірі су қоймаларындағы су көлемін азайту бағытында да тұрақты жұмыстар жүргізілуде. Олардағы артық судың басым бөлігі ағызылып жіберілді. Ал, босаған кеңістік еріген қар суының есебінен толықтырылуда.
– Көктемгі су тасқыны кезеңі қалыпты өтуде. Бұл – елді мекендер аумағындағы қарды шығару, мұз жару, су қоймаларының көлемін бақылау және автокөлік жолдарындағы су өткізу жолдарын тазарту жұмыстарының нәтижесі. Бүгінге дейін аймақтағы автокөлік және теміржолдардың бойындағы 4900 құбыр тазартылды, – деп атап өтті өз кезегінде Ибрагим Даукесұлы.
Облыстағы су тасқынына қарсы әрекет ету штабы елдегі төтенше жағдай режиміне қарамастан, тәулік бойы үзіліссіз жұмыс істеуде. Құтқарушылар қорғаныш костюмдері, бетперде, қолғап және басқа да қажетті құралдармен толық қамтамасыз етілген.
Су айдындарына жақын орналасқан және тасқын қаупі жоғары саналатын 174 елді мекен тұрақты бақылауда. Қазір оларға қауіп төніп тұрған жоқ. Алайда, қандай да бір оқыс оқиға орын алса, тұрғындар тиісті хаттамаға сай қауіпсіз жерге көшірілетін болады.
Нұрлыхан Қалқаманұлы