Басты тақырып

Тасқынға тосқын керек

Соңғы кезде көктемгі тасқын су Қарағанды облысының жыл сайын мазасын алып жүр.

Өздеріңіз білесіздер, былтыр қыстың басында қар жауып, суық түскеннен кейін үш рет жаңбыр жауып, арты мұз болып қатты. Осы үш қабат мұз құрсау – көктемгі жылымықтан еріген қар суын жерге сіңдірмей, соның салдары бүкіл сайын даланы суға толтырып, сарқырап ағып жатыр. Әйтпесе, соңғы 10-15 жылда қар қалың түсіп жүрген жоқ. Қалада да, далада да шөптің басы жабылмайды. Біздің бала кезіміздегі, өткен ғасырдың 50-жылдарындағы қыс айларында түсетін қалың қар жоқ бұл күндері. Қыстың суығынан 2-2,5 метр тереңдікке дейін жер тоң болып қатып, көктемгі суды бойына сіңіріп қабылдамайды да, тағы да тасқынға себеп болады.

Ауа райы бүкіл жаһандық деңгейде өзгеріп жатыр ғой. Биылғы, былтырғы, одан арғы жылдардағы судың көктемде әкеліп жатқан әлегі – осы апатты жағдайға алдын ала даярлануды талап етеді. Біз осы нәрсені түсінбей жүрген сияқтымыз. Теледидардан көретініміз – су ауылдың түбіне келіп тірелгенде, «КамАЗ-ға» тиелген құм толы мөшектерді жағалай қалап жатқаны немесе әкімдердің көпірдің үстінде тұрып, сарқырап ағып жатқан суды көрсетіп, «табиғаттың апаты» деп сөйлеп тұрғаны.

«Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторы Мағауия Сембаев мырзаның «Гидротехниктер мен гидрогеологтар қайда?» деп мәселе көтеруі орынды. Облыстық әкімдік, облыстық төтенше жағдайлар департаменті, ауыл шаруашылығы басқармасы, жаңа ғана аты аталған су мамандары сияқты құзырлы органдар соңғы жылдары орын алған су тасқыны болған жерлердің картасын, тағы да қар қалың түсіп, мол су жиналатын жерлер есепке алынып, сол жерлердегі қардың, судың мөлшерін таблица етіп тізіп, келген шығын мөлшерін, тағы басқа тиісті мәліметтерді тізіп саралап талдау жасауы қажет. Тасқын тоқтап, салдары анықталған күннен бастап келесі жылдың тасқынына даярлық жоспарын құрып даярлана бастау керек. Менің негізгі айтайын дегенім осы шаруа.

Адамзат баласы, сонау сәби шағынан бастап, табиғаттың қиыншылығына көніп жүре бермей, икемделіп, қандай катаклизм болса да сабақ алып, шамасы келгенше қарсы шаралар жасауға тырысып отырып өсіп-жетілді ғой. Әйтпесе, аспанға қолдарын жайып, құдайларынан көмек тілеп отыра берсе адамзат баласы баяғыда жойылып кетуші еді. Оның жанында біз ХХІ ғасырда өмір сүріп отырған, техникалық мүмкіндігі жоғары, жетілген қоғам емеспіз бе?

Су жиналатын әр аймақта, бір-бірімен жалғасқан, су қоймалары жүйесін құру керек. Сонда жолдарды, көпірлерді, елді мекендерді су басып кетпейді. Жазда суармалы егіндік, шабындық сияқты, тағы басқа да шаруашылық мүдделеріне жиналған суды пайдалануға болады. Күзге қарай қоймаларды босатып, қысқа даярлап қояды.

Балуандарда «қарсыластың шабуыл энергиясын өз мақсатыңа пайдалану» деген қағида бар Осы тәсілді адамзат ерте заманнан қолданады. Мәселен, көктем сайын Нілдің суы жойқын тасқынмен өтіп, су кеткеннен кейін шаруалар су жайылған жерлерде тасқынның алып келген лай, балдырларының үстіне егін егіп, мол өнім алатын болған. Мұны мектептің «Ерте дүние тарихы» пәнін оқыған адамдардың бәрі біледі.

Оның бер жағында, тағы бір-екі мысал келтіре кетейін. Шет ауданының тумалары – ағайынды Мақсұт Садуақасов, Мағауия Ғабдуллин атты азаматтар бар. Екеуі де – шаруашылық басқарған іскер жандар. Үлкені Мақсұт аудандық атқару комитетінің төрағасы, Жезқазған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы, кейін Кеңес үкіметінің соңғы кезінде Шет ауданында совхоздың директоры болды. Мақаң берітінде «Совхозда малдың жем-шөбі жыл сайын күрделі мәселе болатын. Туып-өскен жерім ғой, жақсы білемін. Совхозға келісімен барлық техниканы салып, су қоймасын жасауға кірістім. Келесі көктемде қар ерігенде су далаға кетпейтіндей етіп қарды «бульдозермен» сырып бағыттап, қойманы суға толтырдық. Төңірегіндегі шөп еккен жерлерге су жіберіп, шабындық жасадық. Осылайша, бір-екі жылда совхоз бен шаруашылықтағы адамдардың малына қажетті шөп қорын жасай алдық. Шалдардың риза болғанын көрсеңіз» деп, әңгіме айтып еді. Бұл әңгімені бірге қызмет істеген Қасымбек аға Мәдиев куәландыра алады деп ойлаймын.

Екінші айтарым, 90-жылдардың аяғы мен 2000 жылдардың басында көктем сайын Сыр өзенінің суы тасып, Қызылорда қаласы мен облысы әбігерге түсетін. Күнде теледидарға үңіліп, жағдайын біліп, жанашыр болып отырушы едік. Бір жылы, нақты қай жылы екені есімде жоқ, Парламент депутаты Шерхан Мұртаза ағамыз «Жыл сайын көктем келсе болды, Арнасай-Парнасай деп шулайсыңдар да отырасыңдар. Неге жылда айтатын Көксарай су қоймасын салмайсыңдар?» деп ашуланғанын естіп едім. Содан кейін «Көксарай контррегуляторы» су қоймасы салынғаннан кейін Сырдың су тасқыны кезіндегі жыл сайынғы бетінен қайтты ғой.

Қай жерде қандай су қоймасын жасау керектігі осы заманғы ғылымның барлық мүмкіндіктерін пайдаланып, математикалық, гидрогеологиялық, гидротехникалық тұрғыдан нақтылы зерттеу жасалып, қоймалардың оптимальді мөлшері жобалануы керек. Бұл мәселені шешуге гидротехниктер мен гидрогеологтар, экологтар, математиктер мен механиктер, мықты программистер, топырақ зерттеуші мамандар, экономистер мен қаржыгерлер, ауыл шаруашылығының түрлі мамандары атсалысуы қажет. Қойманың төңірегі тұзданып кетпеу мәселесі жақсы зерттеліп, математикалық модельдері мұқият жасалу қажет. Ертіс-Қарағанды каналы салынған кезде каналдың табанына арнайы қалың полиэтилен салынған болатын.

Осындай проблемасы бар шет елдердің тәжірибелері де мұқият зерделенсе дұрыс болады.

Есмұханбет СМАИЛОВ,

физика-математика ғылымдарының докторы, профессор.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button