Бас тақырып

Тасқынға дайынбыз ба?

Биылғы қыс қатты болды. Апталап соққан ақ боран коммуналдық қызметтердің дайындығы төмен екенін көрсетті. Қалың қар автокөлік иелерін біраз әбігерге салғаны анық. Қазір күн жылынды. Қар кетті. Сөйтті де жаңа қауіп қылаң берді. Қыстай жауған қардың суы қайда кетеді? Құзырлы органдар тасқынның алдын алуға дайын ба?

Аймақтағы ахуалды бақылап, судың деңгейіне мониторинг жүргізу мақсатында облыс әкімінің орынбасары Ермағанбет Бөлекпаев пен облыстық төтенше жағдай департаментінің бастығы Ибрагим Күлшімбаев Бұқар жырау, Нұра және Абай аудандары арқылы өтетін Нұра өзенінің арнасына әуеден шолу жасады. Сондай-ақ, Ащысу, Самарқанд, Ынтымақ, Жартас, Шерубай-Нұра су қоймалары мен Сасықкөл көлінің ахуалымен танысты. Осы және өзге де тексерулердің нәтижесінде, облыс аумағындағы судың деңгейі қалыпты арнада деген қорытынды жасалды.

Жалпы алғанда, облыс көлемінде тасқынның алдын алуға дайындық шаралары қарқынды жүргізіліп жатыр. Ауыл-аймақтар, автокөлік жолдары қардан тазартылып, су арналары кеңейтілген. Аймақтағы автокөлік жолдары мен теміржолдардың бойында орналасқан 4900 су өткізу құрылымдары қар мен қоқыстан тазартылды. Ал, ауылдардан 2 млн. 855 мың текше метр қар шығарылды. Бұдан бөлек, 2015 жылдан бастап, облыс аумағында 190 шақырымды құрайтын қорғаныс дуалдары тұрғызылып, 140 елді мекеннің айналасында 62 шақырымдық өзен арнасы кеңейтілген екен. Былтырғы жылы 47 шақырым қорғаныс дуалы салынып, 11 шақырымдық өзен арнасына инженерлік жұмыстар жүргізілген.

Аймақтағы су қоймалары да назардан тыс қалмағаны анық. Бүгінгі күні су қоймаларындағы судың деңгейі азайтылып, артық судың көлемін сыртқа шығару шаралары жүзеге асырылды. 

Сонымен қатар, өзендерде мұз кептелісін болдырмау мақсатында 17 учаскеде жару жұмыстары жүргізілген. Қабылданған шаралардың нәтижесінде тасқын қаупі айтарлықтай сейілді. Соңғы мәліметтер бойынша су қоймаларында тасқын суды қабылдау және апаттың алдын алу мақсатындағы су жинақтауға арналған бос орындар бар. 

Жалпы алғанда қардың еруі және судың деңгейі ерекше бақылауда тұр. Әрине, «Жаман айтпай жақсы жоқ». Дайындық жұмыстары жоғары деңгейде болса да, табиғат  тосын мінез танытып, су деңгейі күрт көтерілуі әбден мүмкін. Сондықтан, тасқын бола қалса, оның салдарын жою және тұрғындарға көмек көрсетуге облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері мен техникаларынан жасақталған алты жиынтық топ сақадай сай тұр.

Басқа материалдар

Back to top button