Тартысқа толы кездесу

Жоғары хоккей лигасы аясында қарағандылық «Сарыарқа» кезекті кездесуін Ресейдің Воскресенск қаласында өткізді. Қарсылас – жергілікті «Химик» командасы.

Кездесу басталысымен-ақ кеншілер шабуылға иек артты. Нәтижесінде, ойынның 3-ші минутында есеп 0:1 болды. Антон Горбачев мергендігімен көзге түсті.

Қарқынын үдеткен жерлестеріміз бірінші кезең аяқталар тұста есепті 0:2-ге жеткізді. Шайба авторы – Матвей Тимченко.

Екінші кезең тартысты өткенімен, таблодағы есеп өзгермеді.

Соңғы кезеңде намысқа тырысқан алаң иелері Максим Баиннің соққысымен есеп алшақтығын қысқартты. 1:2.

Бұдан кейін қарқынын үдеткен ресейліктер толассыз шабуылдарының бірінде таразы басын теңестіріп кетті. 2:2. Қақпашымызды сан соқтырған – Алексей Гришин.

Негізгі уақыт аяқталғанша тең нәтиже сақталды. Ойын овертаймға ұласты.

Қосымша уақытта да жеңімпаз анықталмады. Қарсыластар кездесу соңындағы буллиттер сериясында мықтылық байқасты. Сәттілік серік болған мұз айдынының қожайындары аталмыш лотореяда басым түсті. Ал, «Сарыарқа» бір ұпайды қанағат қылды.

Бұған дейін командалар өзара он мәрте кездескен. Алты ойында кеншілер жеңіске жетсе, қалған төрт ойында ресейліктер басым түскен.

Әзірге, қарағандылықтар 52 ұпаймен плей-офф кезеңіне жолдама беретін 8-ші орынға тұрақтады. Біріншіліктің аяқталуына 12 ойын қалды. Шешуші кездесулерде жігіттеріміз намысты қолдан бермей, жеңістерімен қуантады деген сенім бар.

Мирас СӘУЛЕХАН,

ҚарМУ-дың ІV курс студенті.