Руханият

«Тартына берсек, Сақтың ұрпағы екенімізді кім білмек?!»

Арқаның ат спорты алдыңғы қатарда. Бұған бәйге аты «Нұрақасқа», «Айым», «Ажара», «Жезкиіктей» желжетпестер, көкпардың «Месси», «Қаратамыр» секілді аттарының жанкүйерлері куә. Ал, көкпардың жайын кеше ғана Қырғызстанның Шолпон-Ата ипподромында өткен Президент кубогінде көрдік. Қарағандылық палуандар «Астана» командасының жалауын желбіретіп, 22 елдің арасынан суырылып II орынға шықты. Бұл белес емей немене?! Қарағандыдағы көкпар аталған ұлттық спорттың бүгінгі тынысы ат сүйер қауымға аса қызық екені күмәнсіз. Осы орайда Қарағанды көкпар федерациясының басшысы Нұрлан Мерекеұлымен сұхбат құрып, аз-кем әңгімелескен едік.

көкпар
«Бәйтерек» командасының белді ойыншысы Рамазан Шалғынбаев

– Кейінгі жылдары көкпар ел ішінде едәуір қарқын алды десек те, оның көлденең кісі біле бермейтін күрмеуі бары анық. Жалпы, сіз осы Көкпар федерациясын басқарған жылдарда «әттеген-ай» деген тұстары қандай? Ондай тұсаулар әлі де бар ма?

– Соңғы жылдары Қарағанды жерінде көкпар дамуда. Оған ел куә. Бұл тұрғыда федерация қарқынды жұмыс жүргізуге барын салады. Оның үстіне денешынықтыру және спорт басқармасы демеу көрсетіп, көкпар спорттық клубының ашылуы көкпардың кең көсілуіне ықпал етеді деген сенім зор. Соның арқасында Қарағанды аймағының намысын қорғап жүрген құрама көкпаршыларына 100 мың теңгеден астам айлық төленеді. Сонымен бірге 14-15 аттың жем-шөбін де осы федерация өз мойнына алған. Бұл Қарағанды палуандары мен аттарына жасалған қамқорлық деп білген жөн.

– Қарағандылық көкпаршылардың жақсы есімі ел аузында жүргені мәлім. Аймақ намысын қорғайтын қанша команда бар? Олардың шымырлығы мен шыныққандығы туралы не айтар едіңіз?

– Иә, сөзіңіздің жаны бар. Біздің көкпаршыларды көкпар сүйер қауым жете таниды. Олар осы уақыт аралығында біршама танымалдықты иеленді. Қазіргі таңда аймақтан 23 команданың көкпардан алдына қара салмайтын қабілеті бар деуге негіз жоқ емес. Кейде команда саны 25-ке дейін жетеді. Бұл ненің көрсеткіші? Бұл – ел ішіндегі палуан жастардың көкпарға ден қойғанын айғақтаса керек. Тіпті, аудандардан ойын сайын 8-10 команданың жиналуы – бұған дәлел. Деңгейлері өте жоғары. Бастысы, ойынға ынтасы зор. Әр ойында көкпаршылардың жанарынан «жеңем» деген жасындай от байқаймыз. Осыдан артық ерекшелік бар ма?!

– Көкпар – экстрималды спорт түрі. Сондықтан ойын кезінде палуандар жарақат алуы әбден мүмкін. Біздің көкпаршылар сондай жарақат алған жағдайда федерация тарапынан қандай әрекет жасалады?

– Көкпарды екінің бірі ойнамайды. Ойнай алмайды. Жүрек керек оған. Бізге жасынан ат жалына жармасып өскен балалар келеді. Дегенмен, көкпаршыдан қолхат аламыз. Сонымен қатар, көкпаршылар өздерін сақтандыру мақсатында сақтандыру ұйымына барып, өмірін сақтандырса болады.

– Палуандар футбол ойыншыларындай еш сақтандырусыз ойнайды көкпарды. Онда олар жарақат аламыз, не жазатайым мүгедек болып қаламыз деп қорықпай ма? Бұл батырлық па, рухтың басымдығы ма?

– Футболшылардың ұлттары басқа. Ал, қазақтың қаны да, жаны да олардан ерек. «Қазақ атпен ауырса, оны ешкім жаза алмайды, ал, атқа мінсе, ауырмайды» деген сөз бар. Сондықтан, ат сүйер жанның жылқы жануарына ынтықтығы қанша жарақат алса да, басылады деп әсте ойламаймын. Өйткені ол біздің қанымызда, жанымызда бар дүние. Көкпарға келген палуандар жан сауғалайтындар қатарынан емес. Сондықтан да оларда рух мықты. Ат үстіндегі азамат «Айбарымды көрсетемін, ел мен жерді танытамын» деп ойнайды. Сонымен қатар, біздің көкпаршылардың – 80 пайызы ауылдың жігіттері. Жасынан ат құлағында ойнап өскен, әкелері жылқышы болған палуандар. Көкпаршылар ат үстіндегі бейбіт күннің батырлары десем, артық емес. Олардың рухы басым. Ал, біз тартына берсек, кешегі Сақтың ұлы екенімізді кім біледі?!

– Қарағанды жастарының, жеткіншектерінің көкпарға қызығушылығы қалай? Жас палуандардан қанша команда шығады қазіргі таңда?

– Өте жақсы. Биыл 4-11 тамыз аралығында Қостанай қаласында жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионаты өткен болатын. Онда біздің жасөспірімдер командасы жалпы Қазақстан бойынша финалға шықты. Финалда «Түркістан» командасынан ғана ұпай санымен жеңілді. Олар соңына дейін ойнады. Және «жеңілдік» деген сөздің орнына «дайындықты одан сайын күшейту керек» деген ұранмен оралды. Міне, олардың көкпарға деген ықыласы.

Ал, жеткіншектер командасына келсек, әрине, қызығу бар, ынта бар. Тек көбінде ат жоқ, ат ұстайтын атқора жоқ. Қазір жер-жерге түрлі спорт кешендері салынуда. Мемлекет тарапынан солай әр ауданға бір-бірден жалпылама атқора салынып, ұлттық спортқа қолдау жасалса, онда жоқ дегенде 5-6 ат ұсталса шіркін! Жергілікті балалар сонда дайындалып, ұландардың ұлт намысын қорғауда жігеріне жігер құяр ма еді?!

– Қарағандылық көкпар спортында өзіндік орыны ойып алған қандай палуандардың есімдері ел аузында? Сонымен қатар, әйгілі көкпар аттары бар ма?

– Не шықса да, жастан шығады. 2000-2003 жылғы палуандар арасынан Шет ауданының палуаны Темірлан Тілеубек, Ақжалдан Әнуар Жаңбырбаев, Мирас Тахауиов, Бұқар жырау ауданынан Мұхтархан Серғазиев, ақтоғайлық Айбар Мәни сынды білекті жігіттер бар. Үлкен додаларда көрермен көзайымына айналып жүрген палуандар. Сонымен қатар, Рамазан Шалғынбаев, Қарағайлыдан Сүйіндік Серік, Дамир Қалиев жекпе-жектің палуаны. Оның астында атақты аттарымыздың бірі – «Нұракөк». «Қаратамыр» деген сәйгүлік – жекпе-жектің аты. Қырғыз елінен сатып алынған. Өзіміздің «Месси» – атақты арғымақ. Ерлан Әшім мырза мен Азамат Түсіпбековтің демеушілігімен осы көкпарға 30 млн. теңге ақша бөлініп, аттар сатып алынды. Қазір сол аттарды дайындап, палуандарға үлестіріп жатырмыз.

– Көкпар ойынының бір кезеңіне әр командада неше салымшы, неше жерден ілуші болуы керек? Олар футболдағыдай өз позицияларында тұруы керек пе? Жоқ, әлде, араласып ойнап, ұрымтал тұсты ұтымды пайдаланып атқаруы керек пе өз міндеттерін?

– Көкпарды екі командада 12 адамнан ойнайды. Төрт адам ауысымда болуы керек. Олар ойын барысында команда капитанының нұсқауымен ауыса алады. Ал, алаңдағы 12 адамның төртеуі міндетті түрде жерден серкені көтеруші (ілгіш) болуы шарт. Олардың аттары да соған сай, ұшқыр, шапшаң қабілеттеріне сай таңдалуы тиіс. Жекпе-жектің палуандары бар. Жоқ дегенде 4-5 палуан жекпе-жекке дайын келгені дұрыс. Негізінде, екі жекпе-жекші, алты қорғаушыдан шығады. Жекпе-жектегілердің астындағы аты да, әрине, жекпе-жектен тайсалмайтын тұлпар болғаны абзал. Қос команданың алты қорғаушысы қарсыластарға көкпарды ілгізбеуге тырысады. Ал, өздерінің командалас ілгіштеріне серкеге жол ашуға ұмтылады. Міне, негізгі жұмыс.

Серкені жерден ілген ілгіште жалғыз мақсат – ол тақымындағы серкені қазандыққа тоғыту, яғни, салым салу. Бір көрмеден көріп, ойынның бұл құпияларын ешкім анықтай алмайды. Алайда, ойнаған адамға түсіну оңай. Біз әр командаға өздерінің қабілеттеріне қарай түрлі тактика қоямыз. Көп спорттың ішінде, көкпар – хоккейге жақын. Тағы бір айта кетерлігі, көкпарда ат үлесі өте зор. Мың жерден палуан мықты салымшы болса да, астындағы аты дұрыс таңдалмаса, онда пайда жоқ. Ал, аттың жүректілігі, жүйріктігі жеңіске кепілдік береді.

– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Жан АМАНТАЙ
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button