Спорт

Тарландар рухына арналған турнир

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің 7-ші корпусында бокстан КСРО Кубогінің иегері, Азия чемпионы, Атланта Олимпиадасының қатысушысы, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Бектас Әбубәкіровті және бокстан жастар арасында Қазақстан чемпионы, КСРО спорт интернаттары арасындағы жарыс жеңімпазы, КСРО спорт шебері Елеусіз Қыдыралинді еске алуға арналған жасөспірімдер мен балдырғандар арасында І-ші Республикалық турнирдің ашылу салтанаты өтті.

Турнирде Республиканың бес өңірінен таңдаулы спортшылар бағын сынамақ. Сондай-ақ, еліміздің еңбек сіңірген жаттықтырушылары мен бұлғары қолғап шеберлері де құрметті қонақ ретінде күтілуде.

– Бұндай игі шаралар қаламызда жыл сайын өтіп тұрады. Бұл жастар арасында бокстың белең алып дамуына ықпалы зор шара. Жас та болса өз күшін сынап, жүлделі орыннан көрінгісі келетін өрендер бойынан алға ұмтылу, мақсатқа жету секілді ынта-жігер көргеніме қуаныштымын. Бұл аймақтағы спорт ахуалының жақсарғаны, – дейді Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқарма басшысы Темірхан Абылаев.

Расында, биыл боксқа бет бұрған жастар қарқыны әжептәуір басым. Бұл туралы доданың бас төрешісі Қуаныш Қауашов былай дейді:

– Спорттың қай саласы болмасын, жеңу мен жеңілуге, тынымсыз жаттығуға, алған қойған мақсаттан танбауға үйретеді. Бүгін шаршы алаңға шығар балалардың көзінде от бар. Тарих қойнауындағы кешегі аңыз спортшылар мұрасы бүгінгі ұрпақты алға жетелер бірден-бір құрал, – деді төреші.

Бектас Әбубәкіров Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, туған жері Қарқаралы ауданы Томар ауылы 1972 жылы 12 желтоқсанда дүниеге келген. 1985 жылы Қарағанды қаласындағы Әлия Молдағұлова атындағы №3 спорт мектеп интернатының бокс бөлімшесіне 6 сыныпқа оқуға түсті. Жаттықтырушысы Сәкен Қоңыров, тәрбиешісі Сағат Темірғалиева.

Спорттағы жеткен жетістіктері: 1992 жылы ТМД біріншілігінің күміс жүлдегері. Бокстан Кеңес Одағы Кубогінің иегері. 1995 жылы Ташкентте өткен Азия Чемпионатының жеңімпазы. 1996 жылғы Атланта Олимпиадасының қатысушысы.

Елеусіз Қыдыралин – бокстан Кеңес Одағының спорт шебері. Туған жері Қарқаралы ауданы Нұркен ауылы Ежебай бөлімшесінде 1975 жылы 27 шілде айында дүниеге келген. 1989 жылы Қарағанды қаласындағы Әлия Молдағұлова атындағы №3 спорт мектеп интернатының бокс бөлімшесіне 8 сыныпқа оқуға түсті. Алғашқы бапкері ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы Сайын Аратаев, тәрбиешісі Маруа Билялова. Оның спорттағы жеткен жетістіктері: 1990 жылы жасөспірімдер арасында өткен облыстық спартакиядасының женімпазы, 1990 жылы Жамбыл қаласында жастар арасында спорттық қоғам «Динамо» өткізген Республикалық турнирдің жеңімпазы.

1991 жылы Ташкент қаласында өткен спорт интернаттар арасында КСРО біріншілігінің жеңімпазы атанып, осы жарыста 15 жасында КСРО спорт шебері атағы берілді.

1990-1993 жылы аралығында жасөспірімдер және жастар арасында өткен Қазақстан біріншілігінің бірнеше дүркін жеңімпазы

Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button