АймақШет

Тарихи тұлғаның тәлімі

XIX ғасырдағы Кенесары бастаған қозғалысқа қатысушы, танымал тұлғалар Құнанбай, Бөкес әулие, Алшынбай, Мұса, Ыбырай, Байсейіт, Ағыбай, т.б. жандармен пікірлес болған, Абайға, Қасқар биге бата берген қазақтың ұлы перзенті, әйгілі би-шешен, көзі тірісінде-ақ жақсы деген атауға ие болған Жанқұтты Ботантайұлының туғанына 220 жыл толуына арналған игілікті шара Ақсу-Аюлы ауылында сәтті өтті. Ғылыми конференцияда қатысушылардың дені ғалымдар болды, ал әйгілі тұлғаның туған өңірінде өткен осынау алқалы басқосудың салтанатты ғылыми-танымдық жиналыс форматында өтуі қалың жұртшылық тарапынан зор разылық туғызды.

Белгілі ғалымдар, меймандар Жан­құтты баба мешітінде болып, Құран бағыштау рәсіміне қатысты. Мәдениет үйінде алқалы шараны аудан әкімі Мұхит Мұхтаров кіріспе сөзбен ашты. Жаңаша сипатпен өткелі отырған жиынға келген ғалымдар мен меймандарға өңір халқы атынан алғыс айтты. Өз заманының тарихи тұлғасы, көшбасшысы болып, сол дәуірдің қоғамдық-әлеуметтік, тарихи, сая­си жағдаяттарынан туындаған ауыр халді ұлт тұтас­тығы арқылы ғана түзеуге болатынын сұңғылалықпен сезген Жан­құтты бабаның ғибратын қыс­қаша зерделеп, мазмұнды да толғамды ой айтты. Бұдан кейін салтанатты іс-шараның тізгініне ие болған белгілі ғалым, профессор, Қазақстан пе­да­гогикалық ғылымдар академиясының Құрметті академигі, Мәдениет қайраткері, ауданның Құрметті азаматы Мәуен Хамзин «Жанқұтты би мұрасындағы ел бірлігі идеясы» атты баяндамасында адам-қоғам-уақыт үштағанын басты назарда ұстап, жақсылық пен зұлымдықтың ымырасыз текетіресінде көп жағдайда соңғысының мерейі үстем болуы адам пиғылы мен ниет, мінезінен туындайтынына тоқталды. Көзі тірісінде жақсы деген атақты иеленген Жанқұтты бабаның өз әрекет, бар­ша болмысымен жақсы адам үлгісін көрсете білуі әл-Фараби, бертіндегі Асан Қайғыдан келе жатқан дәстүр сабақтастығына ұласқанын, уақыт өте келе, өзі бата берген Абайдың толық адам, Шәкәрімнің ар тазалығы, Қасқар бидің имандылық уағыздарына ал­ғышарттар жасағанын ғылыми дәлдікпен саралады, жанқұттытану ілімінің басында тұрған ғалымдар, қайраткерлерге, 1999 жылы әкімдік алдына тас мүсінді әкеп орнатқан Ш.Көкеновке, сондай-ақ сол жылғы арнайы кітап шығаруда белсенділік танытқан Ж.Ақылбаев, Н.Дулат­беков, М.Хам­­зин, М.Әбдуов, З.Ра­хымовтар, ас беруде үлкен ұй­ымшылдық көрсеткен аудан халқына, Т.Есем­беков, М.Ба­да­нов, Ж.Серіков, А.Қызылов, т.б. аза­маттарға аудан басшылары болған К.Сар­ханов, Қ.Тілеубергенов, Р.Оразханов, т.б. жандарға таудай алғысын білдірді. Заман келбетін, сол XIX ғасырдағы ты­ғырықтан шығудың жолы ел бірлігінде екенін, ал, ел бірлігі ел тәуелсіздігіне ұласатынын қазірде әлемде боп жатқан өте қатерлі келеңсіздіктер арқылы дәйектеп берді. Жанқұтты бабаның жалпыадамзаттық ақыл-ой қорына қос­қан үлесін дәлелдеді.

Профессор Серік Негимов ұлы перзенттің қазақ сөз өнерінде алатын орнына, қосқан үлесіне кеңінен тоқталып, қазақ халқы және әлемдік ақыл-ой иелері шығармаларындағы сөз өнерін салыстыра келіп, ұлттық дүниетаным, болмыс-бітім сипаттарына тамаша талдау жасады. Шабанбайдың Жан­құттыға бата беруіндегі ұлттық даналық қырларына тоқталды.

Семейлік зерттеуші Қуат Қи­ықбай мұрағаттық, тарихи деректер төңірегіндегі ой-пі­кірін ортаға салып, Жанқұтты баба сыйлас, замандас, ниеттес болған тұлғалар (әсіресе, Семей-Шыңғыс­тау өңірі негізінде) жайлы нақты мағлұматтарды баяндаса, ғалым Мұхамедқали Әбдуов біртуар перзенттің бізге жеткен дүниелеріндегі ұлттық мүдденің қыр-сыры арқылы тұлға әрекеті, отаршылдық, тиімді саясат, ел болашағы туралы таным-түсінікті егжей-тегжейлі баяндады.

Ұлы бабаның өмірі, туған жылы, атқарған қызметі, сұңғыла саясаты жайлы тарихшы ғалым Мәулен Жақин өз зерттеулерін мұрағат деректері арқылы дәйектеп, нақты айғақтар негізінде қызықты баяндама жасады. Өңір халқы атынан еңбек ардагерлері, зейнеткер Ж.Асылбек, Б.Боқайтегі, ақын Қ.Мақсұтов, сондай-ақ жерлесіміз Д.Әбілдин сөз сөйлеп, алғыс сезімдерін білдірді. Осынау игілікті іс-шараға бастамашы бол­ған жерлесіміз М.Хамзин әзірлеген ұсыныстардың нақ­тыланған, толықтырылған нұсқасымен аудан ардагерлері кеңесінің төрағасы Ө.Қызылов таныстырды.

Іс-шара соңында аудан әкімі қорытынды, тұжырым жасап, жұрт­шылыққа, ғалымдарға рахмет айтты. Сый-сияпат жасады. Жас буын өкілдерінде елжандылық қасиет қалыптастырудағы ұлы баба мұрасының маңыздылығына мән беріп, алдағы уақытта осы ұсы­ныс­тар төңірегінде жұмыстар ат­қарылатынын атап өтті.

Жақсы Жанқұтты бабаның 220 жылдығына арналған осынау іс­-шара тиімді де мазмұнды өткенін баса айту – парыз.

Гүлзада МАХМҰТОВА,
Шет аудандық мәдениет, тілдерді дамыту,
дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы

Шет ауданы

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button