АймақҚарағанды

Талды тарихи-археологиялық паркінде жастарға танымдық эко-тур ұйымдастырылды

18 сәуірде жыл сайын атап өтілетін Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күніне орай Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейі жастарға арналған эко-тур ұйымдастырды. Іс-шара аясында қатысушылар Талды тарихи-археологиялық паркіне барып, өңірдің бай мұрасымен танысты.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Музей мамандарының айтуынша, мұндай сапарлардың басты мақсаты – жастардың туған жер тарихына деген қызығушылығын арттыру. Археологиялық зерттеулер жүргізіліп жатқан көптеген тарихи нысандар көп жағдайда назардан тыс қалып жатады. Алайда олардың тарихи маңызы өте зор.

Облыстық тарихи-өлкетану музейінің жалпы тарих, археология және этнография бөлімінің меңгерушісі Даурен Жүсіповтің сөзінше, эко-тур форматы бір күндік сапар болғанымен, мазмұны терең.

– Біз студенттер үшін бұл сапар жай ғана серуен емес, пайдалы тәжірибе болады деп сенеміз, – деді ол.

Эко-тур музейдің бастамасымен Қарағанды облысының тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығы және Қарағанды қалалық жастар ресурстық орталығымен бірлесіп ұйымдастырылды.

Даурен Жүсіповтің айтуынша, мұндай сапарлар дәстүрге айналған. Талды паркі Шет ауданында 2022 жылы ашылғаннан бері мұнда мектеп оқушылары мен студенттер тұрақты түрде келіп тұрады. Эко-турдың мақсаты тек аумақты тазалау емес, сонымен қатар жастарға танымдық білім беру.

Бұл жолы шараға Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің тарих факультетінің студенттері, Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетінің туризм мамандығында оқитын жастар, сондай-ақ Ә. Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің ақпараттық жүйелер факультетінің студенттері қатысты.

Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар барлық салада маңызды орын алып отыр. Бұл мүмкіндіктер археологиялық ескерткіштерді зерттеу мен сақтау ісінде де кеңінен қолданылуы мүмкін.

Сапар барысында қатысушылар Қаражартас қорымындағы әйгілі патшалық «Пирамидаға» барды. Дәл осы нысан Талды тарихи-археологиялық паркінің құрылуына негіз болған маңызды археологиялық жаңалықтардың бірі саналады.

Сондай-ақ жастар «Патшалар қорғандарын» аралап, қима түрінде ашылған қорғанды және қола дәуіріне жататын жерлеу орындарын көрді. Туристік бағыттағы маңызды инфрақұрылым нысандарының бірі – аспалы көпір де саяхатшылардың назарын аударды. Ол «Пирамидаға» жетуді жеңілдетеді.

Музей қызметкерлері мұндай сапарлар парк аумағының келушілерді қабылдауға дайындығын тексеруге де мүмкіндік беретінін атап өтті. Егер қоршауларда, ақпараттық тақталарда немесе басқа нысандарда кемшіліктер анықталса, оларды жою шаралары қолға алынады.

Мамандардың пікірінше, Талды паркі – бірегей тарихи мекен. Мұнда тас дәуірінен бастап бүгінгі этнографиялық кезеңге дейінгі әртүрлі заман ескерткіштері бір аумақта шоғырланған. Осындай тарихи сабақтастықты бір жерде көруге болатын орындар өте сирек кездеседі.

Эко-турға қатысқан жастар тарихи орындарды өз көздерімен көріп, өткен мен бүгіннің байланысын тереңірек сезінуге мүмкіндік алды.

Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Басқа материалдар

Back to top button