Ресми

Талап күшейсе, сапа артады

ХХ ғасырдың басында Мағжан Жұмабаевтың «Алты Алаштың баласы бас қосса, қадірлі орын мұғалімдікі» дегеніндей, мұғалімнің орны қашанда, қай уақытта да биік болған. Ал, жаңа ғасырда тәуелсіз мемлекет қабылдаған «Педагог мәртебесі туралы» Заңы мұғалімнің мерейін өсіріп, мәртебесін көтеруге бағытталған тарихи шешім болды. Осы заң мұғалімнің қоғамдағы орны мен беделін айқындап берді. Десе де, педагогтерге қойылатын талап та күшейе түсті.

«Білім беру саласында ұстаз – ең басты тұлға»

Баласын оқытқанға құрметпен қарау, мұғалім миссиясының маңызын бағалау дала философиясына да тән. Мұны Абай, Ыбырай, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев және халқымыздың басқа да ағартушылары жазды. Ұлттың болашағын тәрбиелейтін мұғалімдердің адам өміріндегі орны мен ролін айқындап, қоғам әрқашан жеке басына жоғары талаптар қоя білді. Бұл жөнінде Ахмет Байтұрсынұлы: «Білімді халықта балаларды педагогикалық ғылымды меңгерген арнайы арнада оқытады. Бұл өте дұрыс, себебі сот заң істерін оқыса, дәрігер медицина ғылымын игереді, ал педагог педагогиканы меңгеруі тиіс», – деп жазды.

Міне, осы құндылықтардың соңғы жылдарда құны түскені жасырын емес. Тек 2019 жылы Мемлекет басшысының бастамасымен «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданғалы бері мұғалім мәртебесі мен беделі биіктей түсті. Бұл заң педагогикалық идеологияның маңызды құрамдас бөлігіне айналды және білімді ұлт қалыптас­тырудағы маңызды қадам болды.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясында: «Білім беру саласында ұстаз – ең басты тұлға. Оның қоғамдағы абырой-беделін арттыра беруіміз керек», – деген болатын. Әрине, мемлекеттің негізгі даму көрсеткіші – білім мен ғылым болса, оны жүзеге асырушылар – педагогтер. Осы тұрғыда мұғалімдердің беделін арттыру, сапалы білім беру – мемлекет үшін басты қағидаға айналды.

Облыстың білім басқармасының тамыз конференциясындағы мәліметіне сәйкес, өңірде 24 мыңнан аса педагог қызмет етуде, оның 409-ы магистр дәрежесі бар мұғалімдер. Жаңа жүйе бойынша 13 170 педагог аттестаттаудан ­өткен.

«Қазір мұғалімге өріс кең»

Қарағанды қаласы А.Байтұрсынұлы атындағы мектеп-гимназияда қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін, 39 жылдық тәжірибесі бар ұстаз Сабира Күлпейісова: «Бұл заң қабылданғалы бері мұғалімдер жүктемесі азайып, шығармашылық жұмыспен айналысуға, оқушыларды олимпиадаға дайындауға уақыт еркін жететін болды» дейді.

– Қазір мұғалімнің жеке тұлғалық дамуына жағдай жасалды. Оның қызметіне жатпайтын жұмыстарға тарту, сенбілік, өзінің шығармашылық өсуіне қажеті жоқ шараларға қатысудан босатылды. Шамадан тыс есеп беру де азайды. Мұғалімнің құқығын қорғау жолға қойылып, жалақысы да артты. Сонымен қоса, бүгінде жұмысқа енді ғана тұрған жас маманға тәжірибелі ұстаздар тәлімгерлік жасайды. Ол құжат бойынша бекітілген болатын. Тәлімгерлік үшін қосымша ақы да төленеді. Яғни, бұл кейінгі жылдары ғана мектепке енгізілген үрдіс. Ал, педагогтерді аттестаттауға келсек, 30-40 жылдық тәжірибесі бар мұғалімдер тестілеуден босатылатыны туралы айтылды ғой. Биыл негізі аттестациядан босатылуым керек, зейнетке шығатын мезгілім жақындады. Портфолио тапсырып, комиссиялық тексеруден өттім. Көп жылдық тәжірибемнен байқағаным, қазір мұғалімге өріс кең. Бұрынғыдай емес, жұмыс істеймін деген талпынысы, ынта-жігері бар мұғалімге мемлекет тарапынан бүкіл жағдай жасалып жатыр. Тек өзі іздене білсе болғаны, – деді Сабира Ізбасарқызы.

Сонымен қоса, кейінгі жылдары педагогтің еңбегін бағалауға қатысты қолға алынған тағы бір маңызды жаңалық – республикалық, халықаралық олимпиадалардан орын алған оқушыларды дайындағаны үшін мұғалімдерге сыйақы берілетіні.

Ал, қазіргі кезде педагогикалық жоғары оқу орындары мен колледждерге мұғалімдік мамандыққа оқуға түсетін талапкерлер арасынан іріктеу қатайды. Мұның бәрі мұғалімнің беделін арттыру үшін жасалып жатқаны белгілі. Педагогикалық мамандықтарға оқуға тапсыратындар ҰБТ-дан 75 баллдан жоғары ұпай жинауы қажет. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, олардың шәкіртақысы да жыл сайын артып келе жатыр.

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде мұғалім мамандығын оқып жүрген І курс студенті Абылай Зекен «Ұстаздардың қоғамдағы беделі артып келеді, сондықтан ата-анамның ақылымен және өзім таңдап осы мамандыққа түстім» дейді.

– Ұстаз болу – қиын іс. Себебі, мұғалімдердің жауапкершілігі өте жоғары. Дегенмен, өзіме сабақ берген ұстазымның жауапкершілігін көріп, мен де сол кісі секілді шәкірт тәрбиелеп, үлкен белестерге шығарамын деп мақсат қойдым. Өзінің мамандығын сүйіп оқыған студент кез келген сынақтан өте алады. Университетте ақылы негізде оқып жатырмын. Десе де, алдағы курстарда грантқа ауысу ойымда бар. Қазір талап та күшейді. ҰБТ-да шекті балл жоғарылады. Білім саласына сапа керек екені айқын, – деді студент Абылай Зекен.

Педагогке қойылар талап жоғары

Ұстаздардың құқығы, беделі, әлеуметтік жағдайы заңмен бекітіліп, құрмет көрсетілген соң, оларға қойылатын кәсіби талап та арта түсті. Ұлт ұстазы ­А.Байтұрсынұлының: «Мектептің жаны – мұғалім. Ол қандай болса, мектеп те сондай болмақшы. Яғни, мұғалім білімді болса, балалар мектептен терең білім алып шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім» деген сөзі бүгінгі ұстазға қойылатын талапты дөп басып тұр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясында мұғалімдердің, директорлардың және педагогикалық оқу орындары түлектерінің көпшілігі Ұлттық біліктілік тестілеу емтиханынан өте алмағанын сынады.

«Маған кейбір тәжірибелі ұстаздар тиісті министрлік дайындаған тапсырмалар тым күрделі деп шағымданды. Бәлкім, оны жеңілдету, жетілдіру керек шығар. Бұл салада қатып қалған қатаң ереже болмауы керек. Бірақ негізі, ұстаздарға қойылатын талап жоғары болуға тиіс», – деп ескертті.

Сондай-ақ, ел Президенті мұғалім тапшылығын желеу етіп, мектепке кез келген адамды жұмысқа ала беруге болмайтынын, мұндай әрекет ұстаздардың біліктілік деңгейін күрт төмендететінін айтты. «Сол себепті мұғалім даярлау ісін жетілдіру үшін нақты шаралар қабылдау қажет. Бұл – өскелең ұрпақтың болашағына байланысты өте маңызды міндет» деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Иә, педагог – ұрпақтың да, ұлттың да болашағын тәрбиелейтін маңызды тұлға. Оларға барлық мүмкіндіктер жасалғанымен, талап та күшейгені орынды. Өйткені, мемлекеттің басты мақсаты – сапалы білім беру.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button