Сұхбат

Талғат ЫДЫРЫСОВ: “Анамның айналайынын қайта естісем ғой…”

Қырқада құлжасы тоқырап, сайда құланы шұрқыраған Арқаға аты мәшһүр Жүсіпбекті кім білмейді? Мағауияның күйіне масаттанбаған, Қали салған әнге арқаланбаған Алаш баласы бар ма? Қазақ өнерінің тарихында мәдениеттің мекені деп мөр басылған Қали БАЙЖАНОВ атындағы концерттік бірлестік бар. Бүгінде киелі шаңырақтың шырақшысына айналған білікті басшысы Талғат ЫДЫРЫСОВТЫ алпыстың асуын алғандығымен құттықтап, әрлі әңгімесінен алты ауыз сұрағымызға жауап іздедік.

– Аға алпысқа келіп, артыңызға қарағанда нені көрдіңіз, не көзіңізге түспеді?

– Алпыс деген асу – өз-өзіне баға бағамдайтын жас. Неге жеттім, дәрежемнің деңгейі қандай деп қара басыңа есеп берер шақ. Жетістігім бір басыма жетеді. Арман мақсатым да жоқ емес. Политехникалық институтқа түсемін деп жүріп, өнерге қалай келгенімді өзім білмей қалғанмын. 2007 жылдан бері басшылық қызметтемін. Бұған жеткен бар, жетпегендер қаншама. Аяғым аспаннан салбырап түспей еңбек дейтін қилы көпірден өтіп өрге шыққаным мен үшін мақтаныш. Сын сырымның сақталғандығы, өзіме берген есептің қатаңдығынан. Әкем марқұм әскери адам болды. Отбасымыздың тәртібі де соған сай еді. Осынша жасқа келсемде, сол тәртіпке әлі тіктелемін. Десем де, өзімді алпыстамын деп сендіре алмаймын. Тойға таяғын тақылдатып келген тоқсандағы ағамның «еее, балалар ай, көңілім мен жан-дүнием сендермен әзілдесіп, ойнап күлсе де, көз шіркіннің қарауылындағы кәрілікті қалай жасырайын» деген сөзі бар еді. Сол сықылды жас деген жанды алмаса да, жанардағы жарқылды алады ғой. Алпысқа келгенде анамның айналайынын қайта естісем деп армандаймын. Мен мектеп табалдырығын аттаған кезде ол кісі сал ауруына шалдығып қалды. Көз алдымда тірліктің тостағанын толтырамын деп аяғы-аяғына тимей шапқылап жүретін шешемнің бір демде төсекке таңылуы жүрекке ауыр тиді. Ол кісі – ілгеріде «отырыстың сәні, жиналған кештің әншісі болушы еді» деп кейіннен естідім. Соған қарағанда өнердің мені өкшелеуі орынды секілді. Тезегін етегіне, жеті баланы жетегіне алған анамды қайта көрмеймін. Үлкен өкініш осы…

– Бала Талғаттың және қазіргі басшы Талғат Ыдырысовтың үлгі тұтар идеалы кім болды?

– Оқушы Талғаттың арманы – танкист болу еді. Кейіннен мұрт қылаулап бозбалалыққа өткенде хор солисті болып бір-екі ән айтқан соң арқам қозып, Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегеноваларға еліктедім. Консерваторияға түскенде сол кісілер сабақ беріп, бізден емтихан алғанда қарап отырып ойға шоматынмын. Арманымның орындалғанына таң қалатын едім. Менің ұстазым – әнші, Қазақстан халық әртісі марқұм Мұрат Мұсабаев. Мен сол кісінің қалыбынан қатарға қосылдым. Қазір басшы Талғат Нүсіпұлы болсам-дағы ұстаздарымның ұстанымын ұмытқаным жоқ. Үлгі тұтар адамым – Рымбала Омарбекова. Қояр талабы мен басшылық қамқорлығы қатар шабатын тұлға. Сол кісі секілді парасатты басшы болам деумен тер төгіп, күш салып келемін.

– Классикалық өнер көрерменін жоғалтты дегенге не дейсіз, қайта көтеру үшін не істеу қажет?

– Сұрағың орынды. Бірақ келіспеймін. Классика көрермені мәңгі сақталады. Көрерменнен кенде емеспіз. Біздің бірлестік ғаламның 35 қаласын аралап келді. Бүкіл әлем өнерін бағалаушылар арқасында біздің осы деңгейге жеткендігіміз. Біздегі симфониялық оркестр концерт берер болса, екі жұма бұрын сатып алар билет болмайды сенсеңіз. Қуанарлық жағдай емес пе?! Қазақ оркестрінде, әрине, ондай деңгей әзірге жоқ. Бірақ біртін-біртін сатылап дамып келеді. Сахнада ән айтып тұрып мен өзім байқаймын. Көрерменнің аз еместігін. Залда 70 пайыз кісі отырса 30 пайызы міндетті түрде өзге ұлт өкілдері болады. Өнерді бағалау, қазақ өнеріне қызығу емей немене? Қазір жеткіншектер классиктерді білмейді. Құрманғазы, Тәттімбет кім десең кібіртіктеп басын қасып тұрады. Біз ұрпаққа Еуропаны тамылжыған күйге бөлеген скрипканың атасы қобыз екенін неге айтпаймыз? Айтып қана қоймай санаға сіңіру міндет. Ол үшін ата-ана өнерді сүюі керек алдымен. Ел ертеңінің мәдениеті бүгінгі бала тәрбиесінде. Шежіремен шыңдалып, тарихтан сусындаған бала бұзық болса да белеске бір шығары хақ. Классиканы бағалайтын да оны әлемге танытатында осылар екенін ұмытпайық.

– Сіз үшін бүгінгінің батыры кім?

– Батырды алыстан іздеп, қолына қылыш, кеудесіне құрыш киген бейне елестетудің қажеті жоқ. Менің батырым – кешегі Жамбылдағы жарылыста жан құтқарамын деп жалынға тайсалмай кірген қарапайым сарбаздар. Менің батырым – қанша құрсақ көтерсе де қалай жеткізем демей, ұлын ұялатқанша азып, қызын қиялатқанша қажып жүрген аяулы аналар.

– Арманыңыз орындалып, діттеген мақсатыңызға жеттіңіз бе?

– Уақыт – су. Ағады да өтеді. Кешегі балдәурен шақта есеюді аңсаған едік. Енді, міне, алпыстың адырынан артыма қарап тұрмын. Ойымның олқылығы мақсатымның межесі мәреленді, болды тәмам деп айта алмаймын. Арманымның бірі бүкіл әлем жиналып қатысар Ресейдің «Новая Волнасын» және сол секілді өзге дамыған мемлекеттер өткізер ұлан асыр мәдени шараларды неге біз ұйымдастырмаймыз? Қабілет бар, парасат жетеді. Талант тарыдай шашылып жатыр. Алайда, өткізетін орын жоқ. Мәселе қайда?! Бұл мәселеге жергілікті әкімдік құлағдар әрине. Ол кісілер өз кезегінде аянып қалмасы анық қой. Қарағандыда батыр ескерткіші жоқ. Неге? Ұлы даланы өзінен биік қылып, әз басын Әзрейілге шейіт қылып, қан кешкен баба орталықта жоқпа әлде? «Орта жүзді қалам беріп дауға қой» демекші, бары ғалымдар, билер, ақындар. Батыр барма? Болса батырдың ескерткішін көріп балабақшаға бара жатқан бөбек қарап таныр еді-ау. Еліктері Еуропаның комексі емес, ер Есімнің ерлігі болса шіркін. Зейнетке кеткенімше осы мәселе шешімін тапса арманым толық орындалды деп сенер-ақ едім.

– Шәкірттер арасында орныңызды басар ұл-қыз барма?

– Шәкірттер бар ғой. Жасымдағы өзімді көрер тәлімгерлер болды небір. Тек олар өмірдегі кетіктерін өзге қаладан тапты. Қуанатыным сала бір. Олар қайта келіп қызметке кірем десе қабылдар едім. Осы жердің өзінде де бар әлем деңгейінде көзге түседі дейтін мамандар. Бауырын жазып шаба алмай жүр. Жалақы мардымсыз болғандықтан, өнер жаңғырусыз жатыр. Ал, өз басым оларға толық сенемін. Болашақта осы саланы өрге домалатар шәкірттерім бар.

– Жүрекжарды пікіріңізге, әңгімеңізге рақмет аға, мерейтойыңыз құтты-қайырлы болсын!

Әңгімелескен Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button