Сұхбат

Полиция полковнигі Асхат ДҮЙСЕМБЕКОВ: «Қоғамда құқық пен заң үстемдік етуі тиіс»

Құқықтық мемлекеттің қалыптасуы мен даму бағытында демократиялық үдерістердің қалыптасуы мен заңдылық пен тәртіпті нығайтуда полиция рөлін айналып өтуге болмайды. Осы бір иіні қалың мәселелерді қамтамасыз ететін мемлекеттік органдардың ішінде ішкі істер органдары ерекше маңыз алады. Бүгінгі таңда Қарағанды-Сұрыптау станциясының Желілік полиция бөлімі теміржол объектілерінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті, сондай-ақ жолаушылардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды жүзеге асыруда. Осыған орай осы бөлімнің бастығы, полиция полковнигі Асхат Дүйсембековті әңгімеге тартқан едік.

Қарағанды-Сұрыптау станциясы Желілік полиция бөлімі қызмет атқаратын учаске Қарағанды облысының көп аумағын алып жатыр. Полиция бөлімінің қызмет көрсететін шегі – Қарағайлы, Теміртау, Қаражал, Топар станцияларын айтпағанда, оңтүстік бағытта Мойынты станциясынан Шу станциясына дейін, солтүстік бағытта Анар станциясы, Астана ЖІІБ-ның аумағына дейін, Шығыс бағытта Саят станциясынан Достық станциясына дейінгі ұланғайыр жер. Сондай-ақ, біздің құзыретімізге Қарағанды қаласының халықаралық әуежайы, Жезқазған қаласының әуежайы кіреді.

Қазіргі уақытта заңнама талаптарына сәйкес ЖПБ құрамында құрылған бөлімшелер ұйымдасқан қылмысқа, экстремизмге, есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымына қарсы күрес жүргізіп, оларға жүктелген міндеттерді орындай отырып, жедел-іздестіруді іске асырады. Сонымен қатар, басқа мемлекеттік органдармен, жеке және заңды тұлғалармен тығыз байланыста.

Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі 2019-2021 жылдарға арналған жол картасы қабылданғаны белгілі. Онда қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің сервистік тәсілдерін енгізу бойынша ұсыныстар жасалған еді. Осы мәселенің желілік полиция бөлімінде іске асуы қалай?

Бұл шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде сервистік тәсілдердің ауқымын кеңейту бойынша берген тапсырмасынан туындап отыр. Осы орайда Қарағанды-Сұрыптау станциясы Желілік полиция бөлімін қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қажетті сервистік қызметтің бір түрі – халыққа заң көмегін көрсету моделін іске асыруда.

Осы бағытта Қарағанды-Жолаушылар станциясында көлік нысандарында сауда жасау үшін рұқсаттарды алу мәселесін талқыға салды. Бұған көліктік бақылау инспекциясы, вокзал шаруашылығын басқару өкілдері, вокзал басшысы мен осы саладағы кәсіпкерлер қатысты.

Қазір полицияда әлеуметтік белсенділілікті қоғамның дамуына, мемлекеттік құрылымдардың дұрыс жұмыс атқаруына кедергі ретінде қабылдайтын кері түсінік бар.

Соны өзгерткен ләзім. Өйткені құқық қорғау органдары мен азаматтық қоғам институттарының өзара әрекеттесуінің тұғырлы негізі – құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету ғой. Қоғамда құқық пен заң үстемдік алуы керек. Полиция мен қоғамның ортақ мүддесі осымен өлшенбек. Азаматтық қоғам үшін бұл қалыпты өмір сүрудің ең басты шарты. Халық сол үшін салық төлейді. Халықпен жұмыс жасайтын өз алдына іргелі тұжырым болмаса, істің бәрі бос.

Арын жанының садағасына балайтын намысшыл адам полиция атануы керек. Әр офицер адамгершіліктен аттап кетпейтін, өз абыройын полиция абыройы деп білетін, ар мен ұятты, ожданның қадірін пайымдай алатын, ынсап пен ындынның айырмасын білетін зерделі болуы – шарт.

Полиция қызметі бірнеше тармаққа бөлінгенімен, оларды ортақ мақсат біркітіреді. Ол – мемлекет қойған міндеттерді орындаудағы әлеуметтік бағыттаушылық, қылмыстылықпен күрес, қоғамдық құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Ішкі істер органдары жүйесіндегі кандай кәсіпке немесе мамандыққа жататындығына қарамастан, оның әрбір қызметкерінің борышы – Қазақстан Республикасы халқының мүддесін қорғау. Бұл ішкі істер органдарындағы сан түрлі кәсіп пен мамандық иелерін «Полиция қызметкері» деген бір ұғымға біріктіреді.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Қызғалдақ АЙТЖАН.

Басқа материалдар

Back to top button