Жаңалықтар

Талғампаз талант иесі

    Қарағанды аймағы – қазақтың небір күміс көмей әншілері, даналары мен даралары дүниеге келген өңір. Ал, киелі өнерді жас өрендерге дәріптеп, таланттарға қанат бітірген қазақтың маңдайалды ұлдарының бірі һәм бірегейі – Бауыржан ЕРМҰХАМБЕТОВ дер едік.

Бауыржан Ермұхамбетов өз еңбек жолын 1996 жылы Қара­ғанды облысы, Егіндібұлақ ауданының №5 орта мектебінде ән сабағының мұғалімі қызметінен бастаған еді. 1998 жылы Егіндібұлақ ауданы Мәдениет үйіндегі халық аспаптары оркестрінің дирижері қызметіне ауысты. Ал, 2004 жылдан бері Ботақара кентіндегі балалар өнер мектебінде директор.

Ол қызмет еткен жылдары қарапайым музыка мектебі өнер мектебіне айналып, хореография, бейнелеу, жыр-терме сыныптары ашылды. Кейіпкеріміздің төккен тері, еткен еңбегі арқасында Бұқар жырау ауданына қарасты Петровка, Байқадам, Көкпекті, Самарқанд, Кернеу ауылдарында өнер сыныптарының ашылуы – үлкен нәтиже деуге болады. Осындай өрелі өрендерді қанаттандырған мектепке 2015 жылы «ЮНЕСКО» клубы мәртебесі де берілген болатын. Осының барлығы – тәжірибелі, білікті басшының еңбек жемісі деуге болады.

Бауыржан Ермұхамбетұлының бұл еңбегі елеусіз қалмады. Ол облыс әкімі грамотасымен (2014 жыл), Мәдениет (2012 жыл), Білім беру басқармаларының (2015 жыл) Алғыс хаттарымен марапатталды. Ал, 2016 жылы ҚР Білім және ғылым министрінің Алғыс хатына ие болды.

Бауыржан Ермұхамбетұлы «Ботақара баурайында» халық аспаптар ансамблінің негізін қалаушы, әрі, жетекшісі. Сонымен қатар, кейіпкеріміз білімді педагог, іскер басшы, кәсіпқой маман ретінде де өңір жұртшылығына есімі елеулі. Осы қасиеттері үшін де үнемі халықаралық, республикалық конкурстар мен фестивальдерге қазылық етуге шақырылады.

Бауыржан Ермұхамбетұлының отбасы да өнерден кенде емес. Жұбайы Жанар Батталова – домбыра сыныбының педагогы. Қыздары Әсем мен Салтанат Мемлекеттік Консерватория студенттері. Ал, ұлы Рамазан Тәттімбет атындағы өнер колледжінің студенті. Кіші ұлы Мейірлан – өнер мектебінің оқушысы. Өмірін өнерге арнаған жан деп осындай азаматтарды айтса керек.

Рауан ҚАБИДОЛДИН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button