Табиғат тосын қылық танытты

Жаздың басынан аспаннан тамшы тамбай, елді құрғақшылық алаңдатып, жер-жерде тасатық беріп, Алладан жәрдем сұраған.

12-ші маусым күні ел қалауы орындалып, Ақтоғай аспанын қара бұлт торлап, қас пен көздің арасында жауын төгіп салып, аяқ асты табиғат тосын қылық танытты.

Өзек-өзектен аққан топан су елдің қора-қопсысына кіріп, үйлерінің ірге тасын шайып, әбігерге түсірді.

Жазда жауған жаңбырдан тап бұлай су тасығанын ел бұрын сонды көрмеген шығар. Ел, қоралары мен үйлеріне қауып төндірген жауын суының «көше-көшеге асфальт төсеген кезде дені дұрыс суағар шығыр салынбауының салдарынан» деп отыр. «Халық айтса, қалып айтпайды».

Ел «кей көшенің өзектеріне көлемі кең суағар салынса, енді бір өзектерге суағар мүлде жоқ. Егер, суағарлар дұрыс салынғанда мұндай келеңсіз жағдай орын алмас еді» деп реніш білдіруде.

Ауылда бұрын сонды мұндай мөлшерде су тасып көрмегендіктен, көлемі шағын суағарлардан ағып үлгермей, кептеліп, деңгейі көтеріліп отыр деп топшылауға болады.

Әсілі, табиғаттың баз-базда танытатын тосын сыйына қарсы сақадай сай отырғанға не жетсін?!

Мүсіркеп СЕЙДАХМЕТ,

АҚТОҒАЙ ауданы.