Білім

Тұңғыш мектептің тынысы

Қарағанды қаласында ашылған тұңғыш мектеп, ғасырға жуық тарихы бар қарашаңырақ – математика және жаратылыстану бағытындағы облыстық Жамбыл атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-лицей-интернаты. Тарихы өткен ғасыр­дың 1927 жылынан басталады. 1938 жылы аталған оқу орны тұңғыш 12 түлегін қанат қақтырды. Содан бері мектепті 5000-нан аса түлек бітірген екен. Олардың барлығы өмірде өз орнын тауып, еліміздің әр саласында қызмет атқаруда.

Білікті басшы Бектөре Бөкенов басқарып отырған қазіргі Жамбыл мектебі – заман талабына сай жабдықталған, оқу ғимараты мен ауыл балаларына арналған жатақхана ғимараты бар ордалы шаңырақ.

Бүгінде оқу ордасында 500 оқушы білім алып жатыр, олардың 220-сы мектеп жатақханасында жатып оқитын ауыл балалары. Бейіндік пәндер 5-сыныптан бастап, топқа бөлініп оқытылады. Мектеп ұжымында білікті де білімді 62 педагог маман жұмыс істейді. Сондай-ақ, екі педагог-докторант, алты педагог магистр, екі тренер бар.

Мектепте оқу-әдістемелік жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп отырады. Атап айт­сақ, «Жыл мұғалімі – 2022» байқауы, сабақты зерттеу (Lesson Study) өз мамандығын жетік меңгерген жетекші мұғалімдердің тәжірибесі – тәжірибе алмасу (вебинар, семинар), біліктілікті арттыру курстары, педагог қызметкерлерді аттестаттау, пән апталығы, «Жаңашыл әдістің көшбасшылары» атты жаңартылған білім беру мазмұны бойынша жаңашыл мұғалімдер айлығы, «Үздік мұғалімнің үздік сабағы» онкүндігі, «Жас мамандар апталығы», шығармашылық жұмыс, «Функционалдық сауатты дамыту жолдары», 5-8 сынып оқушыларының қоғамда толыққанды жұмыс істеуі үшін қажетті білім мен біліктерін және функционалдық сауат деңгейін анықтау, осы жетістіктерге жету үшін мектепте және мектептен тыс білім беру мүмкіндіктерінің әсерін бағалау мақсатында «Зейін» әлеуметтік-педагогикалық жобасы қолға алынған.

Жамбыл мектебінде жүйелі әрі дәстүрлі түрде жүргізілген әдістемелік жұмыстардың нәтижесінде мектептің жаңашыл ұстаздары республикалық, облыстық деңгейлердегі кәсіби байқаулардың жеңімпазы атанып жүр. Осындай мамандар еңбегінің нәтижесінде мектеп республика бойынша 100 үздік мектептің қатарына еніп отыр.

Білім ордасының жаңашыл ұстаздары «Ауыл-қала» жобасы бойынша бекітілген Нұра ауданының мектептерінде оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін жетілдіру, озық тәжірибе алмасу, желілік қауымдастық құру арқылы ауыл мектептеріне әдістемелік көмек көрсету мақсатында жұмыс істейді. Сонымен қатар бөлінген ауданға озат тәжірибелер бойынша іс-тәжірибе тарату жұмыстары, әдістемелік сипаттағы семинарлар, конференциялар жылдағы дәстүр бойынша жалғасқан.

 

Сондай-ақ, мектеп ЮНЕСКО, «Өрлеу» БАҰО, Қарағанды облысының білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығы, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті, Назарбаев Зияткерлік мектебі, №3 балалар музыка мектебі, Мүтәш Сүлейменов атындағы тірек-мектебі және А.Талжанов атындағы ЖББОМ сияқты білім ошақтарымен тәжірибелік байланыс орнатты.

Жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру – қашанда өзекті мәселе. Қазір заманға сай талап та өзгерді. Олай болса, білім деңгейі мен шығармашылық қабілеті ұштасқан шәкірттерді тәрбиелеу ұстаздардың басты міндеті екені айқын.

Мұғалім – мектептің жүрегі. Оның еңбегі шәкіртінің білімінен көрінеді. Оқушылардың шығармашылық қабілетін ашу, оны алға қарай дамыту мұғалімнің кәсіби біліктілігіне және оның тұлғалық қасиетіне тікелей байланысты. Осыған орай, мектеп оқушылары жыл сайын халықаралық, рес­публикалық, облыстық іс-шараларға қатысып, жүлделі орындарға ие болуда. Халық­аралық физика пәнінен ашық олимпиадада мектептің 11-сынып оқушылары Әлібек Зәтелбай мен Қарақат Худусер ІІІ орын иеленді. Жетекшісі – Айнұр Мұсабекова. Осы жетістіктері үшін оқушылар білім басқармасының арнайы сыйлығына ие болды. Республикалық ғылыми жобалар сайысында 10-сынып оқушысы Наргиз Рамазанова құқық пәнінен ІІІ орын иеленді. Жетекшісі – Шахкәрім Садвокасов. Сонымен қатар облысымызда бірінші болып, республикалық жалпы білім беретін пәндер бойынша пәндік олимпиадада биыл бірнеше оқушы жолдама алды. Олар мұғалім Бақыт Баймухатованың жетекшілігіндегі 11-сынып оқушысы Қарақат Худусер тарих пәнінен, 5-сынып оқушысы Айсу Бақытбек тарих пәнінен және мұғалім Светлана Какимованың жетекшілігіндегі Ляззат Бәйішқызы атындағы қазақ тілі пәнінен олимпиадада І орынға ие болған 10-сынып оқушысы Анеля Оракова. Мектеп ұжымы мен оқушылардың осындай жұмыстары білім ордасының таудай талабын айқындай түседі.

Мектептің оқу-тәрбие шараларының жоғары деңгейде өтуіне ата-аналар да үлес қосып келеді. Мәселен, «Құндылыққа негізделген білім мен тәрбие» атты ата-аналарға арналған ашық есік күні өтті. Мектеп педагогикалық консилиумға қатысып, әр ата-ана өз балаларының оқу үлгерімі, тәлім-тәрбиесі бойынша пән мұғалімдері, сынып жетекшілерімен кездесіп, көкейде жүрген сұрақтарына жауап алды. Сонымен қатар, оқушылардың оқу үлгерімдері мен жетістіктері және өздері жасаған қолөнер бұйымдары қойылған әр сыныптың көрмесін тамашалады. Мектеп психологы ата-аналармен «Отбасы құндылықтары» тақырыбында тренинг өткізді. Ата-ана мен ұстаз бірлесе отырып, оқушы тұлғасын қалыптастыру бағытында жұмыс жасалды. Ұйымдастырылған мектепішілік шара өнерлі оқушыларымыз дайындаған шағын концертпен аяқталды.

Ұрпақ тәрбиесі – ең маңызды мәселенің бірі. Мектепте баланың дамуына, жеке тұлға болып қалыптасуына ықпал етіп, әке тәрбиесінің әдіс-тәсілдерін жетілдіріп, жағымды қарым-қатынас орнатуды бас­ты назарға алған «Ұлағат» әкелер мектебі және мектептегі қыз балаларды қазақтың ұлттық салт-дәстүріне баулу, туған жерін, елін, шаңырағын ардақтайтын тәрбиелі қыз, төзімді ана, қайратты жан болуға, әсіресе, бұрымды қыздарымызды үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білуге тәрбиелеу мақсатында «Асыл әжелер» атты әжелер мектебі ашылды.

 

Қазіргі қоғамдық ортада азаматтық ұстанымдары бар, жеке өмірді отбасылық міндеттерді алған білімімен ұштастыра білетін ұлтжанды, парасатты, ұлттық салт-дәстүр мен мәдениетті дәріптейтін шынайы қазақ аруын қалыптастыру және мектеп оқушыларының сырласатын, ой бөлісетін, қажетті кеңестер ала алатын текті қыздар ортасын құру мақсатында «Қызғалдақ» қыздар клубы және ер балалар арасында зиянды әдеттердің алдын алу, спорттық іс-шараларға қатыстыру арқылы салауатты өмір сүру салтын насихаттау, өскелең жас ұрпақтың бойында патриоттық сезім орнатып, бүгін мен болашаққа деген жауапкершілікті қалыптас­тыру мақсатында «Мирас» ұлдар клубының жұмысы алға қойылған.

Облыстық деңгейдегі «Бір отбасы – бір кітап» акциясы аясында «Оқырман отбасы» байқауының соңғы кезеңінде Кәмшат Тілеу­баеваның жетекшілігімен Амантай отбасы ІІІ орынды қанжығалады.

Қорыта айтқанда, әр баланың жеке тұлға ретінде бойына сенім қалыптастырып, өзара қатынасты жақсартып, ата-ана – оқушы – ұстаз байланысын жоғары ұстаған Жамбыл мектебі әрі қарай жұмысын зор жауапкершілікпен жалғастыра бермек.

Ең бастысы, табиғаттың адамзатқа берген тамаша сыйын одан әрі дамытып, ерекше қабілетті оқушыны дарынға айналдыру үшін аянбай еңбек ету қажет. Ал дарынды ұрпақ – ел ертеңі екенін үнемі жадымызда ұстайық.

Айнаш БЕКБАУОВА,
Жамбыл атындағы мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары
Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button