Білім

Тәуелсіздік тірегі – техникалық сала

Ел Президенті жыл сайынғы Жолдауында техника мамандарын даярлауға күш салу қажеттігіне тоқталады. Себебі, техника саласының мамандары – мемлекеттің, ел экономикасының ең негізгі тірегі.

Бүгінде кенді өлкедегі техника мамандарын даярлайтын қарашаңыраққа 70 жыл толды. Мерейтойға орай Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде «Техникалық білім берудегі әлеуметтік-гуманитарлық пәндердің ролі мен маңызы» атты дөңгелек үстел жиыны өтті.

Дөңгелек үстелге Қарағанды техникалық университетінің және басқа да жоғары оқу орындарының оқытушы-ғалымдары, профессор тұлғалар қатысып, келелі ой айтты.

Іс-шараның мақсаты – техникалық мамандықта оқып жатқан болашақ мамандардың мәдени құзыреттіліктерін қалыптастыруда әлеуметтік-гуманитарлық пәндер циклінің маңызын көрсету: адамгершілік және этикалық құндылықтарды сіңіру, төзімділік, жоспарлау және болжау қабілеті, шешім қабылдау, жаңа жағдайларға бейімделу қабілеті, жобаларды әзірлеу және басқару қабілетін қалыптастыру.

Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің инженерлік экономика және менеджмент факультетінің деканы Валерий Бирюков әлеуметтік-гуманитарлық пәндерді оқытудың маңызына тоқталып, кез келген оқу орындарында философия, мәдениеттану, палентология, психология пәндері оқытылатынын, оны үйренбей, тұлғаның үйлесімді дамуы мүмкін емес екенін айтты.

Қазіргі Қазақстан халқы ассамблеясы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының тарихы университет құрылған сәттен басталған. Тарихта кафедра атауы өзгергенімен, мазмұны өзгеріске ұшыраған жоқ. Кафедра 2017 жылы қазіргі атаумен қызметін жалғастыруда. Бұл кафедра университеттегі ең үлкен бөлімі болып саналады. Білім беру бағдарламалары бойынша бакалавр, магистрант, PhD докторанттарын даярлайды.

Сонымен қоса, ҚарТУ-дың аталған кафедрасы Қарағанды облыстық ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісіммен» ынтымақтастық орнатқан. Қарағанды облысы ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» ғылыми-сараптамалық сүйемелдеу және әдістемелік қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Думан Малаев дөңгелек үстелге қатысып, университеттің 70 жылдығымен құттықтады.

– Қарағанды техникалық университеті республикада ғана емес, әлемдегі танымал оқу орындарының бірі. Осы қарашаңырақта зиялы тұлға болып танылған белгілі азаматтар білім алды. Техникалық университеттің Әбілқас Сағынов есімін иеленуі – баршамыз үшін зор мәртебе. Университет кафедрасында Қазақстанды дамытуға атсалысатын көптеген өзге ұлт өкілдері білім алуда. Сондықтан, оқу орны облыстағы келісім мен тұрақтылықты сақтауға үлкен үлес қосуда деп айтуға толық негіз бар. Келешегі зор жоғары оқу орны білімді шәкірттерді тәрбиелеп шығара берсін, – деген тілегін жеткізді Думан Базаркеұлы.

Дөңгелек үстелде Қарағанды техникалық университетінің профессорлық-оқытушылық құрамы өзге ұлт өкілдері білім алып жатқан кафедраның елеулі қызметін, техника мамандарына оқытылатын әлеуметтік-гуманитарлық пәндердің маңызына тоқталып, келелі ой, тұшымды пікір айтты.

– Біздің мемлекет техникалық мамандарды дайындауға ерекше көңіл бөледі. Техника мамандарына бүкіл әлемде бәсекелестер табылады. Заманауи инженер – өнертапқыш, жаңа экономиканың негізін қалаушылар болуы тиіс. Себебі, тәуелсіздіктің негізі – жаңа экономикада. Инженер – жан жақты тұлға, ол өзі үшін емес, қоғам үшін жұмыс істейді. Яғни, оның қолынан шыққан дүниелер адамзаттың игілігі үшін жасалады. Сонымен қоса, біздің басты байлығымыз – бірлікте. Біз көпұлтты қоғамда өмір сүреміз. Әлемдегі сауатты мамандар дайындауда осындай техникалық университеттердің маңызы зор. Сіздер өз мамандықтарыңызды терең игерсеңіздер, әлемнің әр нүктесінен жұмыс табылады. Сондықтан, қабілетті маман болыңыздар, – деді студенттерге Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің профессоры, рухани-адамгершілік тәрбие кеңесінің төрағасы Қайролла Қызыров.

Жиын соңында университет абыройын асқақтатып жүрген студенттер сөз сөйлеп, оқу орнына тілегін айтты.

Гүлнұр CЕРІКЖАНҚЫЗЫ,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button