Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл

Тәуелсіздік тұғыры

Ж.Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығына арналған «Желтоқсан оқиғасы – Тәуелсіздік бастауы» атты кездесу кеші өтті. Оған Желтоқсан көтерілісіне қатысушылар – Абай АБДРАХМАН, Мейір ТӨЛЕУБАЕВ, Жәлел ӘУЕЗҰЛЫ және Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті, тарих факультеті деканының орынбасары Нұртас СМАҒҰЛОВ арнайы қонақ ретінде қатысты.

1986 жылы өрімдей ұл-қыздарымыз Кеңес Одағының қаһарынан қаймықпай, ұлт намысы үшін алаңға шықты. Осы күннен соң тура бес жыл өткенде, Тәуелсіздікке қол жетті. Қазақстанның еркіндігі мен бостандығы жолында бастарын бәйгеге тіккен қанды Желтоқсан оқиғасына қатысушыларының ерліктері уақыт өткен сайын жадымызда жаңғыра бермек. Олардың сол қаһарлы күндердегі қайсар ерліктері – бүгінгі жастар үшін үлгі-өнеге. Шара басында елге кең тараған «Желтоқсан желі» әнін Ақжан Қалиасқарұлы әуелете шырқады. Экраннан Желтоқсан оқиғасы мен Тәуелсіздікті бейнелейтін жазба көрсетілді. Оқырмандарға «Желтоқсан оқиғасы – Тәуелсіздік бастауы» атты кітап көрмесі ұсынылды. Жиын барасында сөз алған кеш қонақтары Желтоқсан оқиғасының мән-маңызына, Тәуелсіздік алған 30 жыл ішіндегі қол жеткен жетістіктерге тоқталды. Секен Тұрысбековтің Желтоқсан оқиғасына арнаған «Боздақ» күйін талантты күйші Мадияр Сүлейменов орындады. Сонымен қатар, Тәттімбет атындағы өнер колледжінің, актерлік факультетінің студенттері Тәуелсіздік күніне арналған жырларын оқыды. Нұртас Смағұлов та өз кезегінде өзінің зерттеулеріне сүйеніп, көптеген тың дүниелерді, тарихи деректерді ортаға салды.

– Тәуелсіздік – ең қымбат асыл қазынамыз. Мұны жас буын білгенін қалаймыз. Осындай кештер көптеп өткізілуі тиіс. Жастар әр шарадан бір нәрсе біліп қайтса, соның өзі үлкен олжа. Тарихқа деген қызығушылығы арта түседі. Бүгін Желтоқсан оқиғасына қатысушы аға буын өкілдері көп тың дүние айтты. Студенттер мен оқушылар үшін қызықты болғаны анық, – деді Нұртас Бірлікұлы. Тәуелсіздік тұғырын биіктеткен кеш Мұқағали Мақатаевтың өлеңіне жазылған «Қазағым-ай» әнімен аяқталды.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button