Төтенше жағдайға төтеп бере аламыз ба?

Аудан көлемінде тіркелетін төтенше жағдайлар, әсіресе, өрт оқиғасы азаяр емес. Оның ішінде, орман-тоғайға өрт өте қауіпті. Сондықтан, оның алдын алу, табиғат байлығын қорғау – құзырлы мекемелердің міндеті. Жауапты мекемелер тиісті деңгейде арнайы техника, құрал-жабдықтармен жарақтандырылған ба? Кәсіби мамандар қатары толық па? Сайып келгенде, төтенше жағдайға төтеп бере аламыз ба?

 

Маусымдық мәселеге айналатын орман-тоғай, дала өртінен зардап шегетін – шаруалар. Өткен жылы 8 орман, 43 дала өрті орын алған. Қарқаралы ауданында Абай, Нұркен, Бесоба селолық округтеріндегі жайылымдық жерлерді өрт шарпыды.

Биыл Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында 2 орман, Угар ауылдық округінде 1 дала өрті тіркелді. Өрттің қауіпті кезеңінде төтенше жағдайдың алдын алу және жою үшін аудандық бюджеттен 13 млн. 317 мың теңге бөлінді. Сонымен қатар, түрлі оқу-жаттығулар ұйымдастырылып, жадынамалар таратылады. Орман өрттерінің басым бөлігі демалушылар тарапынан орын алып жатады. Ескертпелерді назарға алмай от жағады. Нәтижесінде, табиғатқа орасан зор шығын келтіреді. Дала өрттерінің басым бөлігі шөп шабу науқанында орын алады. Мәселен, ескі техникалардан ұшқынның шығуы жүздеген гектар жайылымдық жердің өртеніп кетуіне әкеледі.

Әсіресе, орман-тоғай өртінің алдын алу оңайға соқпасы анық. Осыдан екі жыл бұрынғы Бақты орманшылығындағы орма жоюда көптеген кедергілер болған еді. Ағаштардың тығыз әрі тау басында орналасуы өртті дер уақытында ауыздықтауға кедергі келтірді. Мың гектарға тарта аумақты қамтыған өртте ағаштармен қатар, жан-жануарлар мен құстар да қызыл жалынның құшағында қалды.

Өрттің қауіпті маусымында дала және орман өрттерінің алдын алу, жою мақсатында атқарылатын жұмыстар қарқын алады. Мәселен, орман аумақтарын жырту, жергілікті жерлерден ерікті өрт сөндірушілер жасағын құру, қолдан жасалатын қарапайым өрт сөндіру құралдарының болуы, жедел түрде хабарлау жұмыстары – төтенше жағдайдың дер уақытында алдын алуға бірден-бір себеп. Аудан аумағы үлкен болғандықтан, өрт сөндіру бекеттерімен қамтамасыз етудің де маңызы зор. Аудан бойынша Ақтасты, Томар, Тәттімбет елдімекендерінде өрт сөндіру бекеттері ашылса, Тегісшілдік ауылдық округінде де іске қосу жоспарда тұр. Өткен жылы ауылдарға 5 өрт сөндіру тіркемесі берілсе, биыл тағы соншалықты тіркеме алу жоспарланып отыр.

– Төтенше жағдайлардың алдын алуда аудандық полиция бөлімі, жергілікті атқарушы билік өкілдерімен бірге үнемі рейд жұмыстарына шығып тұрамыз. Қатаң бақылау, ескерту, түсіндірме жұмыстары нәтижесіз емес. Дегенмен, сақтық шараларын қатаң назарда ұстауымыз қажет. Бүгінгі күнде бөлімде 13 техника, 46 қызметкер бар. Жалпы, елдімекендердегі өртке қарсы құрылымдардың жағдайы қанағаттанарлық. Әлі де техникалық базасын толықтырып, жұмыс жасаймыз.

– Ауылдық округтегі учаскелік полиция өкілдері мен әкімшілік қызметкерлері жекелеген және шаруа қожалықтарының тракторларын шөп шабу маусымына шығармастан бұрын техникалық жағдайын анықтауды қатаң ескеруі қажет. Төтенше жағдай өршіген тұста көршілес Бұқар жырау ауданы, Қарағанды қаласынан көмекке қосымша техника жіберіледі. Биыл бөлімге жаңадан өрт сөндіру машинасы берілді. Әрі кез келген жерде байланысқа шығуға мүмкіндік беретін спутниктік байланыс құрылғысы да бар, – дейді аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері Айдос Мақашев.

Кез келген төтенше жағдайдың алдын алуда жүйелі жұмыстар атқарылуда. Түрлі оқу-жаттығу шаралары өткенімен, нақты іс жүзінде тосқауыл қоя аламыз ба? Аталмыш бөлімдердің материалдық-техникалық базасын нығайту басты мәселе. Қарқаралы ауданы төтенше жағдай жиі орын алатын аймақ. Қыста – қар қалың. Көктемде – су тасқыны. Жазда – өрт. Шын мәнісінде, төтенше жағдайға тосқауыл болуға пәрменіміз жетеді дегенімізбен, кейде «ауруды өлім әшкерелеп» жататыны бар…

Сағыныш ӘБІЛ.