Басты тақырыпОблыс әкімі

Түсіністік – қоғам тірегі


Сәрсенбі күні облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ Астана және Қазақстан митрополиті Александрмен кездесті. Өңірімізде түрлі ұлт пен дін өкілдерінің бейбіт өмір сүріп жатқаны өзара түсіністік пен сыйластыққа негізделген. Бұл кездесу де соның айғағындай болды.

– Ұлтаралық, конфессияаралық татулық – еліміздің саясатының, Елбасы бағдарының маңызды бөлігі. Бүгінгі таңда аймағымызда 15 конфессия бойынша 300-ден астам діни бірлестік бар. Олар өзара түсіністікте жұмыс жасауда. Аймақтағы Қарағанды және Шахтинск епархиясы өңіріміздің қоғамдық-саяси өміріне белсенді араласады. Науқастар, жазасын өтеушілер сияқты белгілі әлеуметтік топтармен жұмыс жүргізіп, олардың жүректеріне сенім ұялатады, – деген облыс әкімі Қарағанды және Шахтинск епархиясының епископы Севастианның өткен жылы шахтерлердің қарсылығы кезінде мәселені шешуге атсалысқандығын атап өтті. Сонымен қатар, Ерлан Жақанұлы дін өкілдерін 18-19 сәуір күндері өткен қасиетті Севастианды еске алу күнімен құттықтады.
– Қарағанды тарихында Севастиан әкейдің орны ерекше. Сондықтан, еске алу күні біз үшін де маңызды. Осынау мерекені қарағандылықтармен бірге өткізу үшін арнайы келгеніңізге алғыс білдіреміз,– деді ол.
Өз кезегінде Астана және Қазақстан митрополиті Александр бұл мерекенің барлық православтар үшін маңыздылығына тоқталды.
– Жұмыс күні екеніне қарамастан бұл мерекені атап өтуге келушілер көп болды. Осы мерекені өткізу үшін әр аймақтан бес епископ келді. Өткен ғасырда өмір сүрген қасиетті Севастианның өмірі қиын, қудалауға толы болса да рухы мықты, жүрегі кең, бейбітшілік пен махаббатты өсиеттеп кеткен адам еді. Кеңес одағы кезінде онымен кездесу үшін қаншама адам келетін. Оның рухына сиыну үшін келушілер қатары әлі де көп,– деді дін өкілі.
Сонымен бірге ол Елбасының қабылдауында болғанда Мемлекет басшысының: «Исламның Ханафи мазхабы мен Православ діні қоғамның екі тірегі» дегені бізге берген үлкен бағасы екенін атап өтті.
Қазіргі таңда облыста екі шіркеудің құрылысы жүргізілуде. Оның бірі қаланың Михайлов аймағындағы Свято-Троицк соборы болса, екіншісі Абай ауданында Құдай ана иконасы құрметіне бой көтеріп жатқан шіркеу.
Кездесу барысында аймағымызға Мәскеу және барлық Русь патриархы Кирилдың келу мүмкіндігі айтылды.
– Елбасымыз Патриарх Кирилдың Астанада қазан айында өтетін әлемдік және дәстүрлі дін өкілдерінің съезіне қатысуына арнайы шақыру жіберді. Біз патриархтың жауабын күтудеміз. Дегенмен де, патриарх сапарының бағдарламасы әзірленуде. Бағдарлама аясында патриарх Алматы және Қарағанды қалаларына ат басын бұрады деп жоспарланған, – деді митрополит Александр. Аймақ басшысы бұл мәселеде қажетті қолдау жасалып, дайындық жүргізілетінін тілге тиек етті. Кездесу соңында естелік сыйлықтар табысталды.

Жансая ОМАРБЕКОВА.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button