Баған

Тәртіп сақшысы – халық қорғаны

Қазіргі таңдағы қазақ полициясының бейнесі қандай? «Кешегі батыр бабалардың, жаужүрек қазақтардың жалғасы – бүгінгі тәртіп сақшылары» дегенді ой елегінен өткізіп, бөлек зерделейік.

Бірі оқуын, бірі Отан алдындағы борышын өтеп келген жас жігіттердің көпшілігі иыққа «жұлдыз іліп», офицер мундирін киіп, полицей болуға асығады. Дәл осы жерде, таразының бір басына ұлтжандылық пен адалдық, бір басына табыс табу мен мансап иелену түседі. Расы керек, қазіргі күні көп жағдайда таразының екінші басының салмағы басымырақ. Гиппократ антын ұстанған дәрігер мен конституция ұстап серт берген полиция қызметкерінің көкейіндегісі «құдайына» ғана анық…

«Сананы тұрмыс билейді» (Маркс) десек те, Ата заң алдында ант беріп, қызметін адал атқаратын ақберен жігіттер де жоқ емес. Мәселен, сол санада шығар. «Бала бер, бала берсең сана бер» демекші, қазіргі жастардың санасын «сөлкебай» емес, адал еңбек, ар-намыс жетелесе қане?! Хакім Абай «ант ішіп күнде берген жаны құрсын, арын сатып тіленген малы құрсын» дегенді түсінетін көкірегі ояу, көзі ашық, санасында саңылауы бар жігіттің сырттаны көп емес екені де әмбеге аян. Енді қайтпек керек? Сөнген сәуле, өшкен отты «рухани жаңғыртудың» жолы мектептен басталса керек. Мектебінің намысын көтере алған, ата-анасының сенімін ақтап, қарындасының абыройын қорғай алған бозбала ғана күні ертең ел туын ұстай алады. Заман өзгеріп, оның талабы да өзгерді. Бұрын әскерден келе сала жас жігіттер білім қумай жатып ішкі істер органдарына жұмысқа орналасып, полиция қызметкері болып шыға келетін. Қазіргі талап пен тәртіп жаңарып, офицер атану үшін жоғары білім қажеттілігі енгізілді. Полиция қызметінің жүйелі жұмыс істей білуі – бүгінгі күннің басты талабы. Көлігін тоқтатқан азаматтармен дұрыс диалог өрбітіп, заңды талаптарын сауатты жеткізіп, кішіпейілділікпен ізет көрсету – министрліктің басты талабы. Жоғары білімді дипломы бар үміткерлер ғана полиция сапына қосылсын деген нұсқаудың бір мақсаты осы. Әрине, «бес саусақ бірдей» болмаса да, осындай талаптар тәртіп сақшыларын іріктеп, тек бес қаруы сай, физикалық әлеуеті мықты ғана емес, білімі мен мінез-құлқы азаматтармен ашық әрі, ілтипатпен жұмыс жасай білу қабілетін қажет етеді.

Сонымен қатар, бүгінгі күні ішкі істер министрлігінің нұсқауымен тәртіп сақшыларының жалақылары мен әлеуметтік жеңілдіктері қарастырылуда. Бұл дегеніңіз, полиция қызметкерінің шаңырағында кез-келген отбасыға сәйкес, орын алып жататын қаржылық жетіспеушіліктер, әлеуметтік-медициналық қажеттеліктерді толықтырып, тәртіп сақшысының еркін әрі, алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасау.

Талаптар мен қолдаулардың арқасында жігіттердің ішкі істер органдарында қызмет етуге ұмтылысы, елге еңбек етуге деген ынтасы артуы керек. Алған жалақысы күндіз күлкі, түнде ұйқысынан айырылған қызметіне сай болса, отбасында береке мен тыныштық орнары сөзсіз.

Әркім өз ісіне адал, қоғамға құлшына көмектескенде ғана берекеміз мен бірлігіміз артатыны даусыз. Бұл қағидаға қарапайым жедел уәкілден бастап, шенді генералға дейін бағынуы тиіс деп санаймын.

Қуаныш МЕДЕУБАЕВ,

Қарағанды облысы ПД кадр саясаты басқармасының аға инспекторы.

Басқа материалдар

Back to top button