Тәртіп пен талап өзгерді
Мұрат ЖҰМАДІЛДИН :
Қарағанды облысының ІІД Кадр жұмысы басқармасының бастығы,
полиция подполковнигі
Биыл Қазақстан полициясының 25 жылдығы. Жиырма бес жылдың ішінде Қазақ елінің тыныштығы мен бейбітшілігін қорғайтын ішкі істер органдарында елеулі оқиғалар аз болмады. Бірнеше жаңартулар мен жаңғыртулардың сүрлеуінен өткен полициямыз бүгінде үлкен құрылымдық күшке айналды. Ағымдағы жылдың басынан бастап заңнамалық тұрғыда тәртіп сақшысы болудың тәртібі мен талабы өзгерді. Осы орайда жаңа талаптарды талқылап, маңыздылығын халыққа жеткізу үшін Мұрат Жұмаділдинмен сұхбаттасқан болатынбыз.
– Мұрат Жуанышұлы, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап құқық қорғау қызметіне қабылдану тәртібі өзгерді, нақты қандай өзгерістер енгенін айтып берсеңіз?
– Иә, мемлекеттік орган қызметкерлеріне оның ішінде құқық қорғау қызметкерлеріне де талаптары бірдей келетін Мемлекеттік қызмет туралы заңның жаңа нормаларына сәйкес, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап үміткерлерді іріктеу механизмі өзгертілді. Жаңа ережеге сәйкес құқық қорғау қызметіне бірінші рет орналасайын деп жатқан азаматтар Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінен жеке қасиеттері мен заңдар туралы білімін анықтайтын тест арқылы өткізіледі. Сол сынақтардан сәтті өткен үміткерлер ғана құқық қорғау органдарына қабылдау байқауына қатыса алады.
– Тестілеуге азаматтар қалай қатыса алатынын айтып берсеңіз?
– Тест өту үшін кез келген Халыққа қызмет көрсету орталығында жазылып, тест өтетін қаланы және уақыты мен күнін таңдай алады. Өзімен бірге жеке басын куәландыратын құжаты болуы тиіс. Сондай-ақ, тесттен өтуге «E-gov электронды үкімет порталы» арқылы жазылуға болады. Ол үшін электронды-цифрлы қолы болуы қажет.
– Тестілеуден өту үшін қандай нормативтік құқықтық актілерді білу керек?
– Жаңа ережелерді енгізумен қатар тестілеудің 3 бағдарламасы орнатылды. Азаматтардың басым бөлігі құқық қорғау қызметіне қабылданарда екінші және үшінші бағдарлама бойынша тест тапсыратын болады.
Екінші бағдарлама – орта басшы құрамға, біз оларды офицерлік лауазымдағылар дейміз (учаскелік полиция инспекторлары, жедел уәкілдер, инспекторлар, тергеушілер, анықтаушылар), 7 нормативтік құқықтық акт бойынша тапсырады (Конституция, қылмыстық кодекс, қылмыстық процессуалдық кодекс, әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс, Қазақстан Республикасының «Құқық қорғау қызметі», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес» туралы заңдары, Мемлекеттік қызметкерлердің этикалық кодексі).
Үшінші бағдарлама – қатардағы құрамға: полицейлер, техниктер, тергеушінің көмекшілері, олар 5 нормативтік құқықтық акт бойынша тапсырады (Конституция, Қазақстан Республикасының «Құқық қорғау қызметі», «Ішкі істер органдары», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес» туралы заңдары, Мемлекеттік қызметкерлердің этикалық кодексі).
– Біз құқық қорғау жүйесіне қабылдану үшін арнайы талаптар бар екенін білеміз. Осы жөнінде қысқаша айтып өтсеңіз?
– Ішкі істер органдары қызметіне қабылдану ҚР «Құқық қорғау қызметі» заңымен жүргізіледі. Мамандығы мен ерекшелігіне байланысты, құқық қорғау қызметі әскери қызметке теңестіріліп, құқық қорғау органдарына жұмысқа қабылдану үміткерлер үшін басқа да талаптар арқылы жүргізіледі. Ол – денсаулығының жай-күйі, физикалық дамуы мен дайындығы, білім деңгейі, бой және жас шектеулігі. Қатардағы құрам лауазымына құқық қорғау органдарына жұмысқа қабылдау білімі ортадан төмен емес, 25 жасқа дейінгі талаппен, ал офицерлікке білімі жоғары, негізінде заң мамандығын бітіргендер үшін, қысқа профильді мамандықтардан бөлек 35 жасқа дейін қабылданады. Ескерте кететін жайт, үміткердің жасы құжат тапсырған күнмен емес, байқауды өтіп келіп қызметке қабылданған күнмен есептеледі. Бойға қатысты ерекше талаптар, ол – ер-азаматтар үшін 170 см., әйелдерге 160 см төмен емес, жол патрульдік полиция қызметі үшін 175 см кем болмауы тиіс. Құқық қорғау органдарына қызметке қабылданудың тағы бір талабы: қатардағы құрам лауазымына ҚР Қарулы күштерінде әскери қызмет өтілі болуы, офицерлік қызмет үшін әскери қызметке жарамдылық қағазы болуы шарт.
– Құқық қорғау қызметіне қабылданудың жаңа ережелері енгізілгеннен кейін байқаудан өту ережесіне қандай өзгерістер енгізіледі?
– Ия, өзгерістер орын алды. Бұрын азаматтар жұмысқа орналасу үшін кадр қызметіне құжаттарын тапсырып, байқаудан өткеннен кейін тест тапсырса, қазір олар алдымен тесттен өтіп және жеке қасиеттерін бағалайтын, заңдар туралы білімі белгілі межеден жоғары тапсырылған сертификатын қолына алып келеді. Құжаттарды қабылдап, оны қарастырғаннан кейін барып үміткерлер медициналық байқаудан өтіп психофизиологиялық және полиграфиялық зерттеуге жолдама алады. Үміткерлер медициналық комиссияны өткеннен кейін барып, физикалық дайындық нормативтерін тапсыруға және сұхбаттасудан өтуге жіберіледі.
– Құқық қорғау органдарына қабылдануға тілек білдірушілер үшін қандай ақыл-кеңес берер едіңіз?
– Біз іскер, жеке және кәсіби қасиеттері бар, білім деңгейі, физикалық дайындығы мығым, алға қойған мақсатына жете алатын үміткерлерді полиция қатарына қабылдауға әрқашан дайынбыз. Жаңа ережелер полиция қатарына сапалы, кәсіби шебер азаматтарды қабылдауға мүмкіндік береді деп ойлаймын.
Сондықтан, барша үміткерлер полиция қатарына қосылмас бұрын оған қажетті барлық талаптар мен ережелерді, полиция қызметінің ерекшеліктері мен қасиеттерін нақты ұғынып, жауапкершілікпен келген дұрыс.
– Сұхбатыңызға рахмет. Қызметіңіз абыройлы, еңбегіңіз табысты болғай.
Қуаныш МЕДЕУБАЕВ,
облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметкері.